Home » Әңгіме » Алишева Назгүл Сүлейменқызы

Алишева Назгүл Сүлейменқызы

 

 

 

 

Естай Беркімбайұлы туралы әжемнің әңгімесі

 

 

Естай Беркімбайұлы.
Естай атаның бәйбішесі — Зағиша (Жағиша) ел арасында «Жәйшә» деп аталып кеткен. Жәйшәм ісмер, шебер адам болған. Екеуінен тараған ұрпақ — Жанәбіл мен Жакөш деген ұлдары болды. Жакөш ашаршылық кезінде із-түссіз жоғалып кеткен. Ал Жанәбіл болса, Ұлы Отан соғысы жылдары ерлікпен қаза тапты. Жанәбілден екі қыз бала қалды. Олар: ол менің әжем – Зекен мен сіңілісі — Сарыторғай. Әжемнің анасы Несібелі бар болғаны отыз жеті жасында қайтыс болған. Менің әжем Естай атасы мен Зағиша әжесінің бауырында, солардың тәрбиесінде өсіпті.
Естайдың немересі Зекен апа
Зекен апамның Естай ата туралы айтқан мына бір естеліктерін оқырман қауымның назарына ұсынғым келеді. «1945 жылы мен Естай атаммен қыдырып Ерейментауға бардық. Ол кезде жасым небары он алтыда еді. Ерейментау — менің әжем «Жәйшәмның» туған елі. Менің бұл жаққа алғаш келуім. Жәйшәм сол елдің беделді ақсақалы Түсіп деген кісінің қызы. Негізінде атам ол жаққа өзінің қарындасы Мәзия апамның үйіне бармақ болған. Мәзия апам сол Ерейментау жерінің Еркіншілік деген аулында тұратын. Ол кезде көлік жоқ, атпен қыдырдық. Жол бойы ауыл адамдары атама үлкен құрмет көрсетіп, қой сойып, қонақ қылып, атамның әңгімелері мен әндерін айтқызып жібергілері келмейтін. Сөйтіп, бір ай дегенде Мәзия апамның ауылына зорға жеттік. Мәзия апамның күйеу баласы сол Еркіншілік ауылында клуб меңгерушісі болатын. Бұл жердегілер де атамнан сол клубқа келіп, ән салып беруін сұрады. Қолқалап өтініп қоймаған соң, атам ән салды. Естіген құлақты елең еткізген атамның даусына халық ағылып келіп жатты. Келген жұрт клубқа сыймай, сеңдей соғылысты. Атам әп-сәтте ауыл халқын әнімен баурап жинап алды. Ол – Естай атамның ауылдағы тағы бір тамаша ән кеші еді-ау! Осыдан кейін өз елімізге қайттық.
Ол — мен үшін өмірімдегі ең ерекше сапар болды. Елдің Естай ақынға деген құрметіне бір жағынан тәнті болып, енді бір жағынан риза болдым. Осы сапардан кейін, 1946 жылы атам ұлы ақын — Абайдың 100 жылдық мерейтойына қатысты. Күллі Абай елін ұзақ уақыт аралап келді.Сол жылдың наурыз айында атам қатты сырқаттанып дүние салды».

Алишева Назгүл Сүлейменқызы,
Екібастұз қаласы,
Абай Құнанбаев атындағы №2
жалпы орта білім беретін мектебінің
бастауыш сынып мұғалімі

 

Сіз не дейсіз оқырман?

Е-мэйлыңыз жарияланбайды.