Home » Сценарийлер » Алдажарова Гүлнұр.«Бала тәрбиесіндегі әкенің рөлі» дөңгелек  үстел

Алдажарова Гүлнұр.«Бала тәрбиесіндегі әкенің рөлі» дөңгелек  үстел

Мақсаты: «Бала нені білсе жастан, ұядан — өле — өлгенше соны таныр қиядан» — дегендей бала тәрбиесінің отбасынан бастау алатындығын түсіндіру. Баланың бас ұстазы ата – ана десек, соның ішінде қазіргі уақыттағы әкелердің тәрбиелік рөлі туралы.
Әдісі: Ой  қозғау, пікірталас.

Жақсы әкелер болмаса,
Жақсы тәрбие болмайды.
Н.М.Карамзин
Шараның жүру барысы:
I. Кіріспе бөлім
«Әке – шаңырақтың негізгі тірегі»
(әке туралы сөз, әкенің ролі қандай?)
2. Көрініс көрсету.
3. Ашық пікір тыңдау.
4. Сергіту сәті.
5. Ситуациялық жағдаяттарды шешу.
6.Қолшебер.
7.«Сыйпап сезу»ойын
8. Қызықты сұрақтар.
9. Қорытынды.
I. Кіріспе бөлім
Психолог: Жүргізуші: Сәлеметсіздер ме? құрметті әкелер  мен  әріптестер.

«Ана – сая болар бағың болса,
Әке — асқар тауың» дейді қазақта.
Бір күн бар, жылатар күн, жұбатар күн.
Бір күн бар, мұңайтар күн, қуантар күн.
Мейлі ол шаңырақ сәтті болсын, сәтсіз болсын,
«Әке» деген сезімді ұмытар кім, — дей отырып, сіздерге арналған: «Бала тәрбиесіндегі әкенің рөлі» атты дөңгелек үстелімізді ашық деп жариялауға рұқсат етіңіздер.
«Жақсыдан жаман туады, бір аяқ асқа алғысыз.
Жаманнан жақсы туады, адам айтса нанғысыз» дейді халқымыз, бүгінгі дөңгелек үстелімізде әке туралы ой қозғалады. Әр шаңырақта әкенің орны ерекше. Әке – отбасының асыраушысы, отбасы мүшелерінің тірегі, қамқоршысы. Әкенің мінез – құлқы, өзгелермен қарым – қатынасы, өнері мен білімі – баланың көз алдындағы үлгі, өнеге алатын, оған қарап өсетін нысанасы. Отбасының пейіл – береке, ынтымағы үшін отағасының әділ, ұстамды болуы орасан маңызға ие. Оның тәрбиелік рөлі де зор. «Әке – асқар тау», «Әке – балаға сыншы» дейді халқымыз.
Ер бала әкесімен сырлас, жолдас, дос. Ол әрқашан бір әрекет жасау үшін әуелі әкесімен сырласады. Ер баланың өсіп, жетіліп, өз алдына жеке тұлға болып қалыптасуына, қоғамдағы өз орнын дұрыс табуына әкенің атқарар еңбегі ерекше. Қазақ халқында «Бір бала бар – атадан өте туады, бір бала бар – кері кете туады» деген тұжырымға, баланың қандай болмағына негіз қалайтын да әкенің өзі.
Бүгінгі кешімізге әкелеріміз қонаққа келіп отыр.
Олар:

1.Тәжиденов Талғатбек
2. Нұржанов  Берік
3. Тулегенов  Нуржан
4. Тажиденов  Серікхан
5. Нұрмаханов  Берик
6.Абдраманов  Нұрболат
Жүргізуші: Тренинг: «Амандасу» кеудемізді қағыстырамыз. Алақан – қол алысамыз, жымаймыз, күліп амандаcамыз.
Күлкі бейнеленсе, онда бір – бірімізге күлімдей қараймыз.
Алақан бейнеленсе қолымызды қысып амандасамыз.
Күн бейнеленсе жақсы ықыласпен сәлемдесейік.
Жүрек бейнеленсе құшақтасайық.
Баланы жастан бақпасаң,
Жамандықтан қақпасаң
Қадірден жұрдай қасқа боп
Кешкенің өмір босқа тек, – дегендей әкелерге алғашқы сұрақ.

Сұрақ: Сіз үшін бала деген кім?
болашағым, көмекшім, қамқоршым, қымбаттым

Жүргізуші: Сіздерге мен келесі тапсырма беремін, соларға жауап бересіз.
1. Рөлдік ойын: Әрбір әкенің баласымен сөйлесуі.
Балаңызға сұрақ қойыңыз…
Балаңызды мадақтаңыз…
Балаңыз үшін қандай уақытта қуанасыз, соны білдіріңіз…
Балаңызға бар әкелік мейіріміңізді төгіңіз.
Көрініс:
Еркін: Маған әкем ұялы телефон сатып әперді.
Саят: Кәне, көрсетші? Өте әдемі екен. Бірақ менің әкем ең алдымен сабақты жақсы оқы, білім ал. Өскен соң еңбек етіп, қымбат телефонды өзің аласың деген.
Еркін: Ой, сен де сабақ – сабақ дейсің де жүресің. Маған әкем ақшаң болса бәрін сатып алуға болады деген болатын.
Сұрақ: Қазіргі кезде балаларға қымбат бұйымдарды алып беру дұрыс деп ойлайсыз ба?
2. Көрініс.
Ертеде бір үлкен қарт қатты сырқаттанып жатса, жалғыз ұлы келіп:

— Әке, мен сені айшылық жерде аты шыққан тәуіпке апарып емдетемін, — депті. Сөйтіп әкесін арқасына салып, жолға шығыпты. Олар ұзақ жүріпті, қас қарайған кезде алдан қарауытқан сұлбаны көрсетіп, әкесі:
— «Балам анау не?» – деп сұрапты.
— «Ол – түйе» — деп жауап беріпті. Сәлден кейін әкесі әлгі жауабын қайталапты. Әке осы сауалын үшінші рет қайталап сұрағанда баласы:
— «Ол – түйе, түйе» Өзім шаршап келе жатқанда, неге сұрай бересің? — деп ренжіпті.
Сонда әкесі:
— «Балам, кішкене кезіңде мен ауыр тірліктен шаршап келіп отырсам да, сенің «Анау не, мынау не?» деп күніне жүз рет сұрайтын сұрағыңа беті қайтпасын, жігері жасымасын деп үнемі жауап беретінмін. Бұл аурудан емделейін деген ойым жоқ еді, тек бетіңді қайтармайын деп көнгенмін, енді сенен сөз естігенше, үйіме барып, ажалға мойын ұсынғаным артық, мені жерге түсір» депті.
(Көріністен қандай ой түйгендері сұралады?)
1. Әке баласына неге ренжіді?
2. Баланың орнында сіз болсаңыз әкеңе қалай жауап берер едіңіз?
Психолог: Отбасының ұйытқысы, берекесі, мейір – шапағат көзі – әке. Әкенің бұл рөлі бала – шағаның әкеге, анаға деген сүйіспеншілігімен, қамқорлығымен, ана жанын қас — қабағынан, жанарынан танығыштықпен нығая биіктей береді. Әрине, ер азамат өзінің әкелік борышын ұмытпағанда, әсіресе әйелімен қабағы жарасып, тату, сүйіспеншілікте тұрғанда, оған деген көзқарасында халқымыздың ізгі дәстүрін, өнегелі өміршең салтын, діни жол жосығымызды ескергенде ғана оның қадір — қасиеті, бүкіл отбасын, ауылды ағайын – туысты топтастырушылық мәртебесі арта түспек. Келесі көріністі тамашалайық.
3. Көрініс.
Әкесі жұмыстан келе сала «Жұмыс дегенің құрып кетсін жатып алып демалғанға жететін не бар екен, шыбын жанның рахатын іздеу керек, жұмысты тек ақымақтар ғана істесін» деп өзінен – өзі ызаланады. Осыны естіген балабақшаға  баратын баласы да «Балабақша күннен – күнге қиындап барады, басты ауыртып керегі не, бәрібір түсінбеймін» деген сөзді жиі айтып, балабақшаға салқын қарай бастайды.
1. Әкеден қандай тәрбие күтуге болады?
2. Бұл отбасындағы баланың тәрбиесі қандай болмақ?

 Әкенің  жауабы:
Отбасы — адам баласының алтын діңгегі. Өйткені адам ең алғаш шыр етіп дүниеге келген сәтінен бастап, осында ер жетіп, отбасының тәрбиесін алады. Сондықтан да отбасы — адамзаттың аса қажетті, әрі қасиетті алтын мектебі. Отбасының адамзат ұрпағына деген ықпалы мен әсер күшін өмірдегі басқа еш нәрсенің күшімен салыстыруға болмайтындай. Өйткені ата — ананың балаға деген тәрбиесінің орнын еш нәрсе толтыра алар емес. «Ел болам десең, бесігіңді түзе»,- деген нақыл сөз отбасы тәрбиесінің маңызын айқындатып тұр емес пе?

4.Көрініс.
Бір үйде төрт адам. Ата, бала, келін, немере. Кәрі кісі тәрелкені сындырып алады деп, келіні атасына тамақты темір табақпен береді. Бір күні шалдың немересі ағаш жоныпты. Әке – шешесі:
— Балам, не істеп отырсың? – деп сұрайды.
— Ертең сендер қартайып, атам сияқты болғанда тамақ ішетін ағаш астау жасап отырмын,- депті баласы.

Әкелердің  жауабы:
«Әкесін сыйламағанды, баласы сыйламайды,- деген бар емес пе? Ата — анаға қатыгездік жасаған адам дүниедегі ең күнәсі көп, адамдық ардан безген жан болып саналады. Қазақ халқында ондай пенделер қатаң жазаға, қатты қарғысқа ұшыраған. Отырған әкелер, ер азаматтар өз міндетін қалай орындап жүр екен? Бірнеше сауалнама қойып, жауап қайтарады, тәрбие туралы ойларын ортаға салады.
IV. Сергіту сәті.
Қимыл қозғалыс арқылы жауап беру.
— «иә» десеңіздер — қолдарыңызды шапалақтаңыз;
— «жоқ» десеңіздер – аяқтарыңызды тарсылдатыңыздар;
1) Газет бетіндегі мақалалардан, теледидардағы бағдарламадан тәрбиеге байланысты сұрақтарды тыңдап, қарап жүресіз бе?
2) Балаға тәрбие беру кезінде үйде ата — ана бірдей ықпал жасай ма?
3) Бала тәрбиелеу жауапкершілігі кімде деп ойлайсыз?
— егер «әке» десеңіздер, қолды алдымызға созамыз.
— егер «шеше» десеңіздер, жымиыңыз.
— егер «екеуі» десеңіздер, қолдарыңызды шапалақтаңыз.
V. Ситуациялық жағдаяттарды шешу.
Психолог: «Өмірге ұрпақ келтіріп, оны асырау арқылы әке өз міндетінің үштен бірін ғана үш міндетті орындауға қабілетті бола тұра кімде — кім оны орындамаса айыпты» деген екен педагог Жан Жак Руссо. Ендеше бүгінгі біздің дөңгелек үстелімізде отырған әкелер, ер азаматтар өз міндетін қалай   орындап жүр екен? Сіздерге сауал.
1. «Баланың балалығын тыйдым дегенше, ер жеткендегі даналығын тыйдым деңіз» депті бір кемеңгер. Бұған пікіріңіз қандай?
2. Ауылдағы балалардың ең еркесі сіздің ұлыңыз. Үлкендердің бірнеше рет ескерткеніне қарамастан олар үй маңында доп ойнауды доғармады. Балаңыздың қатты тепкен добы ақыры көршіңіздің терезесін сындырды. Сіздің әрекетіңіз?
3. «Әйеліңе балаң жоқ жерде ақыл айт, балаңа адам жоқ жерде ақыл айт» дейді. Сіз ақылды қалай айтасыз?4.Балаңыз жақсы оқиды. Тәртіпті, сыпайы болып өсіп келеді. Жаңа үй сатып алуыңызға байланысты оны басқа мектепке ауыстырдыңыз. Сабаққа белсенділігі төмендеген сияқты. Мінезіне де өзгерістер енгендей. Бұрынғыдай емес, ашуланшақ. Бірнеше рет себебін сұрағаныңызбен еш нәрсе айта қоймады. Енді не істейсіз?
5. Кейбір ата – аналар баласының әрбір істеген іс — әрекетіңе көңілі толмай: «Сен сала алмайсың, сен істей алмайсың?»- деп айтып жататынын байқаймыз. Бала іс – әрекетіне теріс баға беруге қалай қарайсыз?6.Балаңыз балабақшадан қашып, ерте келді, не істейсіз?
7. Балаңыз балабақшадан  бір тәрбиешімен тіл табыса алмай жүр. Балаңызға қандай кеңес айтасыз

«Әке мен бала» қол шебері

Әкесімен  бірге  ер  азамат  жасайтын  бұйым  жасау.«Сыйпап сезу» ойын

Шарты:  Әкесінің  көзін  байлап  баланың  қолын сыйпап  табу.
VI. Қызықты сұрақтар.
1. Балаңыздың туған күні?
2. Тәрбиешінің  толық аты — жөні
3. Балаңыз қандай өлшемді аяқ киім киеді?
4. Балаңыздың  досы  кім?
5. Балаңыздың сүйікті асы қандай?
6. Балаңыз қандай түсті жақсы көреді?
7. Балаңыз спорттың қандай түрін жақсы көреді?
9. Балаңызды еркелетіп қандай сөз айтасыз?
10. Балаңыз сізді ренжіткенде, ең алдымен, қандай сөз аузыңызға түседі?
Отырған әкелерге парақшалар тарату;
— өзі қандай әке?
— баласы қандай?
VII. Қорытынды.
Ата — анаға көз қуаныш,
Алдына алған еркесі.
Көңіліне көп жұбаныш,
Гүлденіп ой — өлкесі,- деп Абай атамыз айтқандай ата ананың қуанышы, гүлденген үміт арманы тек перзент сүю, оны тәрбиелеу екендігін айтқысы келген екен. Ендеше, ата-аналар қолымыздағы алтынымызды жақсылап тәрбиелейік және біздер олардың ең басты үлгі болар бейнесі екенімізді ұмытпайық. «Әкеге қарап ұл туар» демекші, жақсы мінездер мен асыл қасиеттерді ардақтай білейік, атымызға сіңіріп, бойымызға дарыта білейік.
Бүгінгі дөңгелек үстелімізді қорытындылау үшін балабақшаның  басшысына  сөз беріледі.
Психолог: Құрметті қонақтар, бүгінгі дөңгелек үстелге қатысып, пікір алмасып, көзқараспен бөлісіп, сұрақтарға жауап беріп атсалысқандарыңызға көп — көп рахмет. «Бала тәрбиесі баршамыздың борышымыз» екенін естен шығармайық.

Жүргізуші: Әкелерім бақытымсың, барымсың
Тірегімсің, сүйенішім, бағымсың
Жалғасындай әкелердің балалар,
Жақсы атымен бар әлемге танылсын – деген тілекпен кешімізді аяқтай отырып, келіп ой бөліскен әкелерімізге алғысымызды айтып,балаларымызға  сыйлық  береміз.Келгендеріңізге рахмет. Қош сау болыңыздар

№7 «Шаттық» балабақшасы психологі,
Қ
армақшы ауданы, Ақжар ауылы.

 

Сіз не дейсіз оқырман?

Е-мэйлыңыз жарияланбайды.