Білімнің қара шаңырағы
Өткен алпыс жылда бұл мектеп талай аумалы-төкпелі кезеңді бастан кешті. Кеңестік саясат үстемдік құрған жылдарда еліміздегі барлық оқу орындары, балабақшалар орыс тіліне көшірілгенде Абай атындағы білім ордасы әупірімдеп аман қалды, оған қаламыздағы ұлтжанды азаматтарға қоса, мектепті әр жылдары басқарған Ұлы Отан соғысының ардагері Х.Т.Әлмұхамедов, Т.Р.Шаймерденов, Қ.О.Нұралин, А.Х.Хамзин, Р.Ж.Әліков, А.Қ.Көркембаев, Н.Б. Тиышпаев, З.О.Сматова, Т.М. Байбөлеков, Ш.Ө. Темірғалиева, Ш.С.Нұрғазинов, Г.М.Махмұтова, Л.С.Сырымбетова, Ә.Х.Әлмұхамедова сынды білікті ұстаздардың қосқан үлесі зор. Олардың есімдері тек қазақ мектебінің тарихында ғана емес, сонымен қатар, қалада ұлттық руханияттың өркендеуі мен салтанат құруына негізделген игілікті істермен де тығыз байланысты.
Алпыс жыл ішінде Абай мектебінен жүздеген, мыңдаған қазақ баласы білім мен тәрбие алып, үлкен өмірге қанат қақты. Оларға ұстаздық етіп, шәкірт бойына отансүйгіштік сезімді қалыптастыру ісінде айрықша еңбек сіңірген ардақты ұстаздар қатарында: ҚР Еңбегі сіңірген ұстаз Х.Г.Хакимзянова, ҚР Білім беру ісінің үздіктері Б.К.Қадренова, Н.К.Құдышева, Қ.Р.Рахимов, Х.И. Ибраев, Қ.Б. Жаналиев, З.С.Сматова, Л.Қ. Тілендиева, Қ.Т.Әйткенова, Қ.О.Әлібаева, Ж.Ш.Мейірманова, Б.Қ.Мүсірепова, Р.Ә.Масығұтова, М.К.Әбенова, т.б. болды.
Мектеп жаңа қалыптаса бастаған кезден-ақ, қала, облыс, республика көлемінде үлкен жетістіктерге жетті. Білім беру саласындағы бүкілодақтық шараларда Абай мектебі алға шықты, Бүкілодақтық мұғалімдер съезіне қатысты, Халық жетістіктері көрмесінде мектеп ұжымы медальмен, арнайы дипломмен марапатталды.
Тоқсаныншы жылдары мектептің материалдық базасы өте нашар болатын. Сол кезде бұл оқу орнын жабу туралы мәселе қозғалды. Сол кездегі мектеп директоры Зәбира Сматованың бастамасымен мұғалімдер қаладағы әр қазақ отбасын, ауылдарды аралап, бала жинап, мектепты аман сақтап қалудың түрлі жолдарын қарастырды, еңбек нәтижелі болды. Кейін мектепті 17 жыл басқарған құрметті ұстаз Әлия Әлмұхамедова білім ошағының талапқа сай жабдықталуына еңбек сіңірсе, мұғалімдер – Г.Ж. Хамитова Р.Р. Рахметулина, С.Ж. Жаңбырбаева, А.Х. Жұмабаева, Г.С. Макажанова, З.Д. Тұрымтаева, т.б оқушыларға сапалы білім мен саналы тәрбие беру ісінде айтарлықтай жетістіктерге жетті. Мектеп оқушылары қалалық, облыстық, республикалық, олимпиадаларда, түрлі байқауларда топ жарды. Бұл үрдіс жалғасып келеді.
Білім ордасы қаладағы Абай көшесіндегі №121 ғимаратта болды, 2007 жылы Мәшһүр Жүсіп көшесі №103 ғимараттағы №15 орта мектеппен біріктіріліп, Абай атындағы №2 орта мектеп болып құрылды.
Бүгінгі таңда мектепте 59 мұғалім қызмет етіп, 680 оқушы білім алуда, олардың қатарында өзге ұлт өкілдерінің балалары да бар. Мектепте шәкірттерге сапалы білім мен саналы тәрбие беру үшін барлық жағдай жасалған. Атап айтқанда, 49 пәндік кабинет, оқу талабына сай жабдықталған химия, биология, физика, информатика кабинеттері, 1 мультимедиялық, 1 лингафон және екі спорт зал, мәжіліс залы мен 200 орындық асхана бар. Сондай-ақ бірнеше пән бойынша оқу кабинеттері «10+1» компьютермен қамтамасыз етілді, гимназия сыныптары ашылды.
Мектептің 60-жылдық мерейтойы қарасыңында қаламыздың тарихында есімдері алтын әріптермен жазылып қалған ардақты ұстаздар Б.К.Қадренова, Х.Г.Хакимзиянова, Н.К.Құдышева мен З.О.Сматованың есімдері пән кабинеттеріне берілді. Бір атап өтерлігі, мектептегі мұражайда білім ордасында жемісті еңбек еткен осындай ұстаздар жайлы мәліметтер көп жинақталды. «Жақсыдан жақсы туады» демекші, жоғарыда есімдері аталған ұстаздардың балалары, атап өтейік, Ж. Ибраев, К. Ибраев, А. Сүлейменов, Н. Масығұтов, А.Көшербаев ата-аналарының есімдері берілген оқу кабинеттерін өз қаражаттарына жабдықтады.
Әр жылдардағы түлектер арасында Әбенов, Б.Амантаев, А.Ахатова, Ә.Рақымжанова, т.б. мақтанышпен атауға болады. Олар қазіргі кезде әр салада жемісті еңбек етуде.
Қазіргі кезде елеулі еңбек етіп,мектептің дамуына үлесін қосып келе жатқан мектеп қызметкерлерін Т.Ергалиева, З.Конаева, Б.Бердыгожин, С.Ахметова, М.Кабдуллина, Б.Темирханова, А.Жусупова, А.Ахметова, Г.Касымова, С.Балтабаева, Р.Ныгметова, У.Сагинтаева, О.Исина, А.Жакупова, Р.Турманова, К.Гибатова, М.Жоламанов, Т.Жуматаев, Д.Макенов, К.Калыкова, Р.Рахимбекова, С.Дуйсенбаева, М.Даутбекова, Ж.Жусупова, С.Макажанова, Б.Алгамбарова, К.Шыныкулова, С.Рахметова, А.Каримова, А.Сембытаева, Д.Истаев және т.б атауға болады.
Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Қазақстанның келешегі – жастардың қолында» деген жалынды сөздері өскелең ұрпақтың болашағына нық сенім ұялатса, мұғалмдерге үлкен міндет жүктейтіні белгілі. Осы орайда Екібастұздағы білімнің қара шаңырағы Абай атындағы №2 орта мектеп білім беру жүйесін заманауи бетбұрыстарға бағыттап, тың арналарға жол салады.
Алгамбарова Сауле Кажибековна,
Екібастұз қаласы,
Абай Құнанбаев атындағы №2
жалпы орта білім беретін
мектебінің директоры