Home » Баяндамалар » АЛАШ ӘДЕБИЕТІНІҢ НЕГІЗГІ ИДЕЯСЫ

АЛАШ ӘДЕБИЕТІНІҢ НЕГІЗГІ ИДЕЯСЫ

ХХ ғасыр – қауырт қоғамдық құбылыстар мен метаморфозалар ғасыры. Тарихи ұлттық сана түлеп, жаңғырды. Алаш тұлғаларының қоғамдық сананы біржолата жаңа белеске көтеріп кетуі әдебиеттің түбегейлі мүдделерін айқындап бергендей еді. Жаңа қаламгерлер, жаңа қоғам, ел қайраткерлері шықты. Саяси күрестің маңызы артты. Сонымен бірге, қоғамдық қарым-қатынастардың жеделдеуі, баспагерлік істің қанат жаюы, әдебиеттегі әртүрлі көркемдік-жанрлық терең түлеулер эстетикалық танымның жаңашылдығына бастады. Осы тұста кәсіби әдебиетке тән басты жанрлардың бәрі де әртүрлі деңгейде көрінді. Әдеби сын да, әдебиеттану, прозаның кесек жанрлары, аударма, драматургия тосын  жаңалық болуымен бірге жедел даму үрдісін танытты.
Алаштың ардақты ардагерлері Әлихан Бөкейханов, Ахмет Байтұрсыновтар қазақтың бас ақынының мұрасы жөніндегі терең танымдық шығармаларын жариялатты. ХІХ ғасырдың соңында қазақ әдебиетінің бұрын-соңды болмаған асқар билігіне көтерілген Абай дәстүрі, реалистік көркемдік таным дүниесі осыдан кейінгі ұлттық сөз өнерінің мұратын, мақсатын, бітім-пішінін біржолата айқындап, бекітіп кетті. Абайдың соңғы әдебиеті реалистік сипатын тапты, жаңа бағытта өріс кеңейтті. ХХ ғасырдың алғашқы он – жиырма жылындағы қазақ әдебиетінде Шәкәрім Құдайбердиев, Мағжан Жұмабаев, Ахмет Байтұрсынов, Жүсіпбек Аймауытов, Міржақып Дулатов шығармалары жоталанып көзге түседі. Міржақыповтың «Оян, қазақ!» кітабы «Қалың елім, қазағым» деп тебіренген, іші қанжылай еміренген Абайдың өзекжарды мұңының жалғасы сынды, ұлт жігерін одан әрі қарай қайрау іспетті шықты. Сұлтанмахмұт Торайғыров, Сәбит Дөнентаев, Мұхамеджан Сералин, Бернияз Күлеев, Спандияр Көбеев сынды тұлғалы таланттардың ақындық шабытты шаттары мен қоғамдық қайраткерлерінің белсенді күндері осы кезеңге тұспа-тұс келді.
Ұлт мұраты мен тарихын, мәдениеті мен әдебиетін танымаған ұрпақты ертең өз Отаны үшін күресіп, қолына қару алып қорғайды деп айта алмаймыз. Бүгінгі ұрпақтың кешегіні білуі, бағалауы ұлтымыздың болашағы үшін қажет. Соның ішінде, халқымыздың рухани өміріндегі ең қасиетті мол қазына алаш арыстарының мұралары. Алаш зиялыларының еңбектері туралы бүгінгі күнде жазылып та айтылып та жатыр. Олар насихатталып, бүгінгі ұрпаққа пайдасы тиюі керек. Бізге қойылар негізгі міндет – ғалым Д.Қамзабекұлы атап көрсеткен: «алаш рухын насихаттау сол зиялылар секілді тәуелсіз ойлауға, кез-келген нәрсені салмақтап, оған ұлт мүддесі тұрғысынан баға беруге үйрену» [1]. Дәл қазіргі күні ана тіліміздің  көсегесі көгермей тұрғаны, дініміздің мүшкіл халі, рухани құндылықтар мен адами қасиеттеріміздің биіктен көріне алмай жатқаны ұлттық рухтың оянбай, жетіспегендігінен деп түсінеміз. Сондықтан біз сөз еткелі отырған бүгінгі күні ең өзекті мәселе – ұлттық рухты оятуға, туған халқын өрге сүйреуге бар күш жігерін жұмсаған Алаш ақындарының бізге артқан аманаты еді. Алаш азаматтарының басым көпшілігі ұлт мүддесі үшін аянбай күрескен, сол жолда жандарын қиған ерлер. Олар қоғамдағы маңызды жұмыстармен айналыса жүріп, қуғын-сүргін азабына қарамастан, әдебиет, публицистика, журналистика, сын, ғылым, аударма салаларында бай мұра қалдырды. Алаш арыстары – табиғатынан асыл туған, айрықша дарынды жандар. Бұл буын өкілдері қазақтың әдет-салтымен тәрбиеленген, мұсылманша хат танып, исламның иманды бұлағынан нәр алып, одан кейін жәдидше, орысша оқып, бірнеше тілді меңгерген жандар. Олар үлкен мәдени қалаларда білім алған өз заманының көзі ашық зиялылары, сондай-ақ сан салалы мамандық иелері екенін де ерекше айтуымыз керек.
ХХ ғасыр басындағы ұлттың ояну кезеңінің жалынды жаршысы, Сұлтанмахмұт Торайғыров Алаштың ардақты азаматтарына жан даусымен Алаш деп ұран салады. Ол барлық ерлерді бостандық, еркіндік, ел қамы үшін күресуге, бірігіп тізе қосуға, бір тудың астына бірігуге шақырады.
Алаш туы астында,
Біз – алаштың баласы.
Күніміз туып көгерді,
Сарыарқаның даласы.
Құрт аурудай жайлаған,
Құртпаққа бізді ойлаған,
Қанымызға тоймаған,
Қолымызды байлаған,
Ерімізді айдаған,
Елімізді лайлаған.
Жерімізді шимайлаған,
Өшті залым қарасы.
Жасасын, алаш, жасасын! [2].
Ақынның бұрыннан бері ішінде қайнап жүрген бүкіл арманы  осылай ұран болып шығады. Ол Алаш партиясының ұранын құптап, бостандық жолындағы алдағы күнге жасаған жоспарына шаттана қосылады. «Алаш ісіне адалдықты, оны қолдауды уағыздайды, бірлікке, ел тұтастығы үшін күреске шақырады».
Аталған кезең әдебиетін «Алаш ұранды әдебиет» деп анықтаған ғалым академик Р.Нұрғали Алаш азаматтарының көздеген мақсаты мен ұстаған бағытын былай деп түсіндіреді: «Алаш қозғалысына қатысып, «Алаш» партиясын құрысып, Алашорда үкіметін жасаған қайраткерлер ішінен қазақ әдебиетінің алтын діңгек, сом тұғырлары шықты. Отаршылдықпен шайқас, артта қалушылыққа қарсылық, надандықты мансұқ ету, азат, тәуелсіз, демократиялық, дербес мемлекет құруды биік нысана ету, белгілі бір тап мүддесі емес, жалпы ұлт мақсаты үшін күресу, өркениетті нысана тұту – бұл Алаш ұранының астына жиылған ұлылы-кішілі азаматтардың баршасының дүниетанымына ортақ, етене қасиет, сапалар еді».
Елінің ұлттық мүддесін көксеген, ұлтының өркениетке жетуіне бар күш-жігерін жұмсаған халқымыздың қайратты қамқор азаматы А.Байтұрсынов биік пафостағы азатшыл рухты қазақ әдебиетіне алғаш болып алып келді. Ахметтің өлеңдеріндегі ел тағдыры, халық қамы, бостандық арманы – «Маса» жинағындағы басты сарын. «Ақын елін маса болып шағып, оның намысы, жігерін оятуға бет алған. Сондықтан болар, азаматтық сарыны басым бұл өлеңдер сол кездегі зиялыларға ерекше әсер еткені белгілі». Жан-жақтан қысқан қайғыны ұлғайтып, уытын жайып, елдің басына қара бұлт торлап отырғанын жүрегі ауыра отырып толғайды.
Қазағым, елім,
Қайқайып белің,
Сынуға тұр таянып.
Талауда малың,
Қамауда жаның,
Аш көзіңді оянып!
Қанған жоқ па әлі ұйқың?
Ұйықтайтын бар не сиқың?!
«Елді бұрынғы мешеуліктен арылтып, өнер мен білімге ұмтылуға шақыру идеясы Абайдан, Абай заманынан басталды. Алайда, осы идеяның жаңа қоғамдық жағдайда кеңірек, жаңаша мағынаға ие болып, «Оян, қазақ!» деген сөздің ұлттық ұранға айналуы осы кез – ХХ ғасырдың басы болатын», — дейді академик З.Ахметов [3].
Халқының қамын ойлаған ірі қоғам қайраткері, Алаштың ардақты азаматы, ХХ ғасыр басындағы қазақ әдебиеті, педагогикасы, мәдениеті, саясаты өміріндегі аса ірі тұлға Міржақып Дулатов ұлтына жұртына «Оян, қазақ!» деп жар салды.
Көзіңді аш, оян қазақ, көтер басты,
Өткізбей қараңғыда бекер жасты –
Жер кетті, дін нашарлап, хал һарам боп,
Қазағым, енді жату жарамас-ты  —
деп Міржақып Алаш азаматтарын бір тудың астына бірігуге шақырады.
Алаштың өршіл, азаткер ақыны Мағжан өзінің алған бетінен, халқына берген уәдесінен еш айнымайды.
Не көрсем де Алаш үшін көргенім,
Маған атақ — ұлтым үшін өлгенім!
Мен өлсем де, Алаш өлмес, көркейер,
Істей берсін қолдарынан келгенін!
Ұлты үшін күйінген ақын бұдан артық не десін?! XXI ғасырға дейін тірі жеткен — бүгінгі тәуелсіз Қазақстанның азат азаматтары ұлы ақынның ер де қайсар рухына, көреген данышпандығына бас иіп тағзым етпеуге хақы бар ма?
Мағжан Жұмабаев:
Алаш айбынды ұраны,
Қасиетті құраны,
Алаштың олар құрбаны,
Мен жастарға сенемін!
Алаш атын аспанға
Шығарар олар бір таңда,
Мен жастарға сенемін! [4].
Алаш қайраткерлері ұлт тағдыры жастардың қолында екенін ескертіп, сол жолда аянбай еңбек етуге шақырады.

 

Әдебиеттер:

  1. Тілешов Е. Алаш ұранды әдебиет – ренессанстық құбылыс. Әдебиет порталы. 22.02.2017;
  2. Тілешов Е. «Алаштың» ақ жолы // «Алаш қозғалысы» жинағы, Алматы, 2008;
  3. Нұрпейісов К. Алаш һәм алашорда. – Алматы, 1995;
  4. Қойгелді М. Алаш идеясы // Жас Алаш. – 2007, №44.

 

Ақнұр ЕРТАСОВА,
Қызылорда облысы,
Жаңақорған ауданы,
Бірлік ауылы
С.Қожанов атындағы №55 орта мектептің
қазақ тілі мен әдебиеті пәні мұғалімі.

Сіз не дейсіз оқырман?

Е-мэйлыңыз жарияланбайды.