ХХ ғасыр басындағы қазақ халқының демократиялық бағыттағы Алаш қозғалысы мен 1917 жылы құрылған Алашорда үкіметінің тарихын зерттеп зерделеуде сол кездегі тарихи тұлғалар, олардың еңбектері мен баспасөздерге тарихи тұрғыдан мән берген жөн. Солардың бірі ретінде ХХ ғасырдың алғашқы жылдарындағы аянбай еңбек етіп, жұмыс жасаған А. Байтұрсынұлы, Ә. Бөкейхан, М. Дулатұлы, Ж. Аймауытұлы, М. Жұмабаев, С. Сәдуақасұлы т.б. көрнекті мемлекет және қоғам қайраткерлерінің ортасында жүрген біртуар азамат, аса көрнекті мемлекет және қоғам қайраткері, елші, ғалым артында өшпес құнды мұра қалдырған – Нәзір Төреқұловты айтуға болады.
Нәзір Төреқұловтың өмір жолына келсек, 1892 жылы Сыр бойында, Түркістан өңіріндегі дүниеге келген. Ол жастық шағын Қоқан қаласында өткізеді. Қалада үш жыл мұсылманша оқиды, үш жылдай орыс-күзем мектебінде оқып бітіреді. Содан қаладағы 8 жылдық коммерциялық училищені аяқтады. Жасынан зерек ол сол жылдары түрік, араб, парсы, орыс тілдерін меңгерумен бірге шығыс әдебиетін, тарихын терең біліп алады. 1914-1916 жылдары ол Мәскеудегі коммерциялық институтында үш жыл оқиды. Бұл аралықта француз, ағылшын, неміс тілдерін меңгеріп алады [1].
1918 жылы «Қазақ мұңы» газетінің редакторы (Орынбор), Қоқан совдепі ревкомының хатшысы, «Халық сөзі» газетінің редакторы (Қоқан), «Вестник просвещения и коммунистической культуры» журналының редакторы, 1923 ж. «Күншығыс баспасы» жанынан «Темірқазық» журналын шығару ісін қолға алған [2].
1924 ж. КСРО халықтарының орталық баспасы ретінде қайта құрылған. Баспа 50 тілде кітап, аударма, саяси әдебиет, 12 тілде газет-журнал шығарған. Осы баспа саны аз ұлттардың ең алғашқы әліпбиін жасап, оқулықтарын жариялаған. Халық арасында «Күншығыс баспасы» деп айтылып кеткен мекемеде 1922-1927 ж. Алаш көсемі Ә. Бөкейхан жұмыс істеген. Сонымен қатар, бұл баспада келісімшарт негізінде 1923 ж. Түркістан Республикасынан Әдебиет институтына оқуға арнайы жолдамамен келген М. Жұмабаев та жұмыс істеген. 1920 жылдары ұлт фольклорының үлгілері, танымдық кітаптар, аудармалар сынды құнды дүниелер аталған баспадан шыққан [3].
«Темірқазық» журналының бар жоғы үш саны шығып жабылғаны туралы отандық зерттеушілер айтады. «Темірқазық» журналының 2-3 сандары бүгінде Алматы қаласында Рахымбаева Алхия Мұхамедиянқызы басқаратын Құжаттану және мұрағат ісі жөніндегі ғылыми-техникалық ақпарат орталығындағы сирек кездесетін кітаптар мен материялдар қорында сақтаулы. Мұрағаттан сарғайған журнал беттерін парақтай отырып, журналдағы әр мақаланың саяси һәм тарихи маңызы туралы ойлана келе Нәзір Төреқұлұлының саяси күрескерлік еңбегі көз алдыңызға келеді.
Журналдың осы санындағы беташар мақаланы Нәзір Төреқұлұлы өзі жазған. Ұлт мәселесіне арнайы тоқталып, коммунистер жүргізіп отырған ұлт саясаты мен ұлттық тіл жазу туралы толықтай мәлімет бере кеткен.
Журналдың негізгі ұжымы мен журналистер туралы ең соңғы бетінде мынандай мәліметтер жазылған:
Ең соңғы бетінде:
Темірқазық журналына жазушылар:
Әбдолла Бөкейхан ұлы, Әбдрахман Байділда ұлы, Әміржан Ситық ұлы, Ш. Наушаруан ұлы, Сұлтанбек Қожан ұлы, Санияр Аспандияр ұлы, Ғаббас Тоғжан ұлы, Ғази Мұрза ұлы, Ғапар Мырзәлі ұлы, Қыр баласы, Қошмұхамет Кеменгер ұлы, Сымағұл Сәдуақас ұлы, Сымағұл Қазбек ұлы, тағы басқалар [4].
Журнал жазылушыларының арасында Алаш көсемдері мен «Алашорда» қайраткерлері бар екенін білеміз. «Темірқазық» журналы саясат, шаруашылық, білім, әдебиет тақырыбында, дегенмен, журналдағы негізгі тақырыпта ұлт жайында көп тоқталып, терең үңілгендіктен журналдың болашақ тағдыры көп ұзамай билік тарапынан шектеуге ұшырап, соңында журналы жабылып тынады. Бірақ, Нәзір Төреқұлұлының саяси күрескерлігі мен азаматтық белсенділігі, ұлтжандылығы тіпті де шыңдала түседі десек қателеспейміз.
Қазақстан Халық Ағарту Комиссариятының ұйымдастыруымен 1924 жылы 12-17 маусым аралығында Орынборда Қазақ білімпаздарының тұңғыш съезі болды. Съезд Орынборда ағарту қызметкерлері ұйымының үйінде өтеді. Оны Халық Ағарту Комиссары Н. Зәлиұлы ашып, комиссардың орынбасары М. Жолдыбайұлы уәкілдерді топқа келген кісілермен таныстырады. Олардың арасында: Мәскеудегі «Күншығыс» баспасөз тарататын кіндік ұйымнан – Ә. Бөкейханұлы мен Н. Төреқұлұлы қатысады. Аталған жиын қазақ тілі мен әдебиетінің ғылыми жүйесі, әсіресе әліпби, орфография, терминология, оқыту әдістемесі, ономастика т.б. салалар бойынша маңызды қаулылар қабылдайды [5].
Бұдан бұрын Нәзір Төреқұлұлы 1922 жылы жаңа түрік әліпбиін енгізу комиссиясының төрағасы болып сайланған еді. Сол тақырып бойынша 1926 жылы Бакуде түріктанушылардың съезіне қатысып, латын әліпбиі туралы сөз сөйлейді. 1928 жылы Орталық жаңа түрік әліпбиін енгізу комиссиясының құрамына енеді.
1922-1928 жылдар аралығында Нәзір Төреқұлов Мәскеудегі өзі басқарып отырған «Күншығыс» баспасынан 1924 жылы «Қазақ-қырғыз үшін жаңа әліпби» атты еңбегін, 1926 жылы «Жат сөздер туралы» еңбегін шығарады.
Нәзір Төреқұловтың «Жат сөздер туралы» еңбегін 2005 жылы, филология ғылымдарының докторы, профессор Шерубай Құрманбайұлы мен филология ғылымдарының кандидаты Орынай Жұбаева Араб графикасынан кириллицаға көшіріп, Алматыдағы «Өнер» баспасынан шығарған еді.
Онда аталған еңбек туралы: осыдан жетпіс жылдан астам уақыт бұрын жарық көрген бұл еңбек 1926 жылы 2000 дана таралыммен Кеңес Одағы елдерінің кіндік баспасынан жарық көрген. Сөздік қазірде өте сирек кездесетін, таптыра бермейтін кітаптар қатарында.
Қазақ халқының көрнекті қайраткері Н. Төреқұловтың «Жас сөздер туралы» деп аталатын бұл шағын еңбегі терминология тарихын зерттеудің, терминтанушылар мен терминографтардың тіл мәселесі қызықтыратын көпшілік қауымның қажетіне жарайды деп білеміз, – дейді [6] .
1922-1928 жылдар аралығында Нәзір Төреқұлов Мәскеудегі өзі басқарып отырған «Күншығыс» баспасынан 1924 жылы «Қазақ-қырғыз үшін жаңа әліпби» атты еңбегін басып шығарды.
Бұл еңбек жоба ретінде ұсынылған нұсқа еді. Бас бетінде: «Атаңның баласы болма – адам баласы бол. Тез үйреніп ал!» – деген үндеу жазылған кітапша 2000 данамен Мәскеуде басылып қазақ даласына таралған еді [7].
Аталған еңбектің бетінде қазақтың бас ақыны Абайдың, ұлт ұстазы Ахметтің сөздерінен де мысал келтірілген екен.
1928-1936 жылдары КСРО мен Сауд Арабиясы арасындағы елшілік қызметін атқарған.
Нәзір Төреқұлов Сауд Арабиясы мемлекетіндегі саясатынан өз еліне қайтқанымен елдегілер оған айып тақты. 1937 жылы 15 шілдеде ұсталып, 3 қарашада атылды [8].
1958 жылы Сталиндік қуғын-сүргіннің күнәсіз құрбандықтары қатарында Нәзір Төреқұлов ақталып шығады.
«Қазақстан Республикасы дипломатиялық қызметінің ведомстволық наградалары туралы» Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2003 жылғы 20 қаңтардағы № 57 қаулысына сәйкес «Қазақтан Республикасының сыртқы саясатына қосқан үлесі үшін» Нәзір Төреқұлов атындағы медаль тағайындалды [9]. Бұл марапатпен: 2008 жылы Ақмарал Арыстанбекова, 2011 жылы Тайыр Мансуров, 2014 жылы Олжас Сүлейменов сияқты Еуропа мен Америка елдерінде дипломатиялық қызметтер атқарған белгілі тұлғалар марапатталды.
Адал қызметі мен азаматтық іс-әрекеті Нәзір Төреқұловтың Алаштың ғылымы мен біліміне қосқан үлесімен қатар Кеңестік «алғашқы толқын» дипломаттар арасындағы жарқын тұлғаның бірі деуге толық негіз береді [10].
Ел атынан сөйлеген ерен бабам! Ерлігіңе неге тәнті болмасқа?! Отызында орда бұзып, қырқында қамал алған Алаш қайраткері…
Пайдаланылған әдебиеттер тізімі:
- Әбдізұлы Қ. «Алаш перзенті» // Егемен Қазақстан 2007 ж 3-тамыз 5-б.
- Е.Тілешов, Д.Қамзабекұлы Алаш қозғалысы. Энциклопедиялық анықтамалық. Алматы: Сардар, 2014 ж, 376 б
- Е.Тілешов, Д.Қамзабекұлы Алаш қозғалысы. Энциклопедиялық анықтамалық. Алматы: Сардар, 2014 ж, 241 б
- «Темірқазық» журналы. Мәскеу. Күншығыс баспасы. № 2 – 3 . 1923 ж
- Е.Тілешов, Д.Қамзабекұлы Алаш қозғалысы. Энциклопедиялық анықтамалық. Алматы: Сардар, 2014 ж, 246
- Нәзір Төреқұл ұлы «Жат сөздер туары» еңбегін. Құрманбайұлы, Орынай Жұбаева. Алматы. «Өнер» баспасы. 2005ж.
- Нәзір Төреқұл ұлы «Қазақ-қырғыз үшін жаңа әліпби». Мәскеу. Күншығыс баспасы. 1924 ж
- Т. Мансуров. Н. Төреқұлов. Алматы. Қазақстан, 2005 ж. 42 б.
- adilet.zan.kz/kaz/docs/P070001234_/compare
- М. Бердібай. «Дара перзенті» // Ақиқат 2002 ж-№9-46 б.
Мырзағали Абай
№148 мектеп-гимназиясы
Алматы қаласы, Жетісу ауданы,