Home » Мақалалар » Алаш идеясы және рухани жаңғыру

Алаш идеясы және рухани жаңғыру

«Қазақ баласы бірігіп, тізе қосып іс қылса,

халықтық мақсат сонда орындалады».

Ә.Бөкейхан

 

Ұлттың бойында сан ғасырлар жинақталған рух пен мұраттың ұлы бұлқынысы болған  алаштың арда азаматтарының ел тағдырына қатысты жазып қалдырған сүбелі мұрасы, жас ұрпақтың санасын жаңғыртуға таптырмайтын құрал.

Олай дейтінім, Алаш қайраткерлері күресінің тағылымы да, Алаш қаламгерлерінің мұрасы да жылдан жылға қазақтың рухани-мәдени өміріне еніп, «Алаш» сөзі аяулы ұғым, қасиетті түсінік ретінде қалыптасты.

ХХ ғасырдың басында елдің еркіндігі үшін күрескен ерлер қалаған осы қасиетті сөз тәуелсіздікті сезінген қазақ баласына соншалықты қымбат. Бұл – санамыздың жаңғыруы, тарихи тамырымыздың тереңнен сыр шертіп, елдік пен еркіндіктің саналы түрде тәуелсіздікке қол жетуі.

ХХ ғасырдағы қазақ қоғамындағы саяси-әлеуметтік ахуалы 1909 жылы жарық көрген Ахмет Байтұрсынұлының «Маса», Міржақып Дулатұлының «Оян, қазақ!» жинақтары  үлкен сілкініс жасағандай болды.

Көзіңді аш, оян, қазақ, көтер басты,

Өткізбей қараңғыда бекер жасты.

Жер кетті, дін нашарлап, хал һарам боп,

Қазағым, енді жату жарамасты.

Ақын халқына осылайша «Оян, қазақ!» деп ұрандап қана қоймай,

Қазағым, көрмегенің әлі алдында,

Боларсың көне берсең мұнан жаман.

Босында аяқ, қолың қимылдап қал,

Бір күнде тыпырлауға келмес шамаң,-

дегенді ескертіп, болашаққа үмітпен көз тігеді.

Тәуелсіздіктің мызғымастай болып орнығуын, Алаш елінің көкірек көзін ашудың жолын ұлы ақын Абай көрсетті. Ол: «Әуелі мал тап», — дейді. Әйтпесе «қарны аш кісінің көңілінде ақыл, бойында ар, ғылымға құмарлық қайдан тұрсын!»… Мал тапса, қарын тояды. Онан соң білім, өнер керек екен. Ол өнерді қайдан іздеуді Абай тағыда өзі айтты. «Орысша оқу керек, хикмет те, мал да, өнер де, ғылым да, бәрі орыста зор… Орыстың ғылымы, өнері дүниенің кілті. Оны білгенге дүние арзанырақ түседі… деген, ұлы ақынның сөздері бүгінгі рухани санасы тазарған елдің болашағына болжаммен қарап, әлемдік руханиятқа жетудің жолын меңзегендей.

Алаш арыстарының көзқарастары мен ұстанымдары – қазақ даласындағы ғұламалардың, атап айтар болсам, әл-Фараби мен Баласағұн, Шоқан, Ыбырай, Абай бастаған ағартушылардың ой-тұжырымдарының қазақ қоғамының жаңа кезеңіндегі заңды жалғасы. Олар қазақ елінің сан ғасырлық даму ерекшеліктері мен тәжірибесін, салт-дәстүрі және ұлттық болмысын жетілдіре, басқа өркениетті елдердің өмір өнегесімен байыта түсуді ұсынды.

Алаш қозғалысының жетекшісі, тұңғыш ұлттық Алаш Орда үкіметінің басшысы Әлихан Бөкейхан өз заманының өзекті де өткір сұрақтарына жауап беріп, ұлтының тағдыры тығырыққа тірелгенде, содан шығар жолды сілтей алған ғұлама ғалым. Ол патша өкіметі құлап, Ақпан төңкерісі жеңгеннен кейін-ақ: «Біздің ұранымыз – демократиялық республика» деп ашық айтып, парламеттік демократиялық дамудың үлкен нәтиже беретініне сеніммен қараған болатын. Сондай-ақ Әлихан Бөкейханның өз кезіндегі жас қайраткерлерге: «Ұлтқа пайдалы адам болғыңыз келсе, бәрінен бұрын орыс өкіметінің атамекеніміздегі жер саясатын мұқият зерттеп үйренуге тырысыңыз. Сізге не істеу керектігін осы саясаттың өзі-ақ көрсетіп береді» — деген ғибратты сөзінің қаншалықты құнды болғанын тәуелсіздік алғаннан кейін терең түсініп отырмыз.

Заңғар жазушысы Мұхтар Әуезовтің сөзімен айтқанда, қазақтың «оқыған азаматтардың тұңғыш көсемі», өзі өмір сүрген қоғамның көкейкесті әлеуметтік-саяси мәселелерін биік деңгейде қозғап, адамды рухани қалыптастырудағы оқу-білімнің құдіретін терең түсінген ұлы ағартушы реформатор Ахмет Байтұрсынұлының мұрасынсыз бүгінгі білім-ғылым жүйесін көз алдымызға елестету мүмкін емес – деген еді. Шындығында да А.Байтұрсынұлының басшылығымен Академиялық орталықта қазақ тілінің ғылыми терминдерін саралау; қазақ тілді мектептердің бірінші және екінші буындары үшін оқулықтар мен оқу құралдарын жасау және аудару; қазақ тіліне саяси және саяси-ағартушылық әдебиеттерді аудару кезек күттірмейтін өзекті  мәселелер деп санаған. Бір ғасыр өтсе де Ахмет Байтұрсынұлы көтерген мәселе күні бүгінге дейін күн тәртібінен түспегенге ұқсайды. Себебі, білім берудің жаңа реформасын енгізгендегі басты мәселе, ұрпақ санасын рухани жаңғырту болса, алаш зиялылары өз кезегінде айтып кеткен.Тағы бір мәселе қазақ әліпбиін алдымен 1929 жылы латыншаға, артынан 1940 жылы кириллицаға көшірудің рухани жүгі қандай ауыр болса, бүгінгі заманда да сол жағдайдың қайталануы, ұлт көшбасшыларының бастамасын әлем халықтарына қайта мойындата отырып, қазақ халқының рухани санасын қайта жаңғырту.

Алаш зиялыларының қазақ даласында ұлттық идеяны негіздегені жөнінде Елбасы Н.Назарбаев өзінің «Тарих толқынында» кітабының «Алаш мұрасы және осы заман» атты тарауында: «XX ғасырдың басында ұлттық бірлікті нығайту идеясын алға тартқан рухани-зерделі игі жақсылар қазақтың ұлттық идеясын жасау міндетін өз мойнына алды. Олар қоғамның түрлі тарабынан шыққандар әрі ең алдымен дәстүрлі дала ақсүйектерінің өкілдері еді. XX ғасырдың басындағы қазақ қоғамында зиялы қауым қалыптасуының ұрпақтар эстафетасы сияқты сипаты болғанын атап айтқан абзал» деген болатын. Қазақтың елдігі мен тұтастығын аңсаған Алаш қайраткерлерінің идеясы тәуелсіздіктен кейін іске асты. Бүгінде  халқымыздың қажырлы еңбегінің арқасында әлеуметтік әл-ауқатымыз артып, инновациялық даму жолына түстік. Ұлт болып ұйысып алдымызға қойған мақсаттарға жетуде қастерлі тәуелсіздіктің құны жолындағы құрбандарын ұмытпай, оларды үлгі ету арқылы күш-қайратқа және рухани бірлікке ие бола аламыз. Алаш

ардақтыларының аманатын ұлықтау мақсатында жұдырықтай жұмылып, түрлі маңызды іс-шараларды ұйымдастырылып жатқаны белгілі.

Әрбір ұрпақ қай заманда да өмірді жаңадан бастап кете алмайды, ол өзінен бұрынғыдан қалған мұраның иесі, өзінің тәрбиесімен, қалыптасқан мәдениет, дәстүр, ойлау деңгейімен оған тәуелді. Заманында бар қазақтың қамқорына, сүйенішіне айналған «Алаш» партиясының саяси тұжырымдамасына, алашордашылардың саяси өмір жолы мен қызметіне қарап отырып, сол дәуірдегі саяси, экономикалық, әлеуметтік мәселелердің бүгінгі таңда да өзектілігін жоймағанын байқайсыз. Қазақ халқының азат ел ретіндегі тағдыры, тарихы, мемлекеттік дербестігі, жері мен шекарасы, тілі мен діні туралы мәселелер арада ғасырға жуық уақыт өтсе де, күн тәртібінен түскен жоқ.

XX ғасыр басында Алаш қайраткерлері көтерген тіл мәселелесі бүгінгі XXI ғасырдың да ең өзек жарды мәселесі болып отыр. Мұзафар Әлімбаев: «Туған жерді сүю – парыз, сүю үшін білу парыз» — десе, ана тілімізді бәріміз де сүюге, қастерлеуге тиіспіз. «Тіл адамның даңқын асырады. Адам ол арқылы бақыт табады» деп Жүсіп Баласағұнның «Құдатғу білік» еңбегінде жазғандай  тіл саясатын көтерген XX ғасырдың басындағы Алаш қайраткерлерінің қазақ қоғамындағы басты ағымдарының бірі – автономиялық басқару жүйесіндегі мемлекеттік құрылыс болса, екіншісі – Мемлекеттік тіл саясаты еді. Ана тіліне деген үлкен жауапкершілік еді. Алаш арыстарының бірі – Ахмет Байтұрсынұлы «Дүниеде ешбір тіл өз-өзінен шықпайды. Тіл деген нәрсе қалың елдің күндегі тұрмыс қазанында қайнап, пісіп дүниеге келеді,» — десе, Күнбатыс Алаш Ордасының идеологы саналған Ғ.Қараш: «Тіл болмаса, ұлт та болмайды, яғни ұлт бүтіндей өлген, жоғалған ұлт болады. Ең әуелі ана тілі қажет. Егер ана тілін білмесең, онда сен ол ұлттың баласы емессің. Ана тілін білмей тұрып, ұлт білімін ала алмайсың. Ұлт білімі болмаса, онда әдебиеттің болмайтындығы өзі-ақ белгілі. Әдебиеті жоқ ұлттың өнері де өршімейді», — деген. Батыс Алаш Орда үкіметі жетекшілерінің бірі Х.Досмұхамедұлы тіл туралы: «Біздің тәжірибемізде қазақ тілі – бай тіл. Тек сөздерін ғылым жолына салып реттесе, ешбір жұрттың тілінен кем болмайды», — деген пікірді айтқан. Қазақ АССР-і орнағаннан соң 1924 жылы Орынборда маусымның 12-сінде Қазақ (қырғыз) білімпаздарының тұңғыш съезі шақырылды. Осы съезде 12-13 жыл бойы қолданылып, орнығып қалған қазақ тілінің дыбыстық табиғатына лайықталып өзгертілген, ресми түрде қабылданған альфавиттің мәні жөнінде, дыбыс әдісімен оқыту ісі жөніндегі мәселелер талқыланды. Ал, 1927 жылы Қызылордада жазу (графика) мәселесіне арналған конференцияда А.Байтұрсынұлы съезде айтқан пікірін қуаттай келе: «Түрік жұртының 90%-ы баяғыдан бері араб әрпін пайдаланып келеді. Әрқайсысының араб әрпімен жазылған хат мәдениеті бар (хат мәдениеті –сауаттылық, оның жүзіндегі өнер-білім, ілім, емле, үйрету әдісі, баспа істері, баспа мамандары, жазба мамандары, жазылған, басылған барша сөздер т.т.). Хат мәдениеті бар халыққа бір әрпін тастап, екінші әріпті ала қою оңай нәрсе емес», – деп өз ойын білдірген. А.Байтұрсынұлы – қазақ балаларының ана

тілінде сауат ашуына көп күш жұмсаған адам. Осы талапты жүзеге асыру үшін А.Байтұрсынұлы қазақша сауат ашатын тұңғыш әліппе құралын жазды. Ол «Оқу құралы» деген атпен тұңғыш рет 1912 жылы Орынборда шығарылса, кейін 7 рет қайта басылады.

Алаш қозғалысының негізгі идеясы демократиялы қоғам қалыптастырып, сөзсіз еркіндік пен дамудың алғы шарты ретінде қазақтың ұлттық мемлекетін құру болатын. Бүгінгі Тәуелсіз Қазақстан мемлекеті – сол идеяның жемісі. Алаш идеясы әсірешіл ұраншыл қазақтың ойы емес, жалпыадамзаттық құндылық этикасын сақтай отырып, отарлық езгінің құрсауында тұншыққан жұртын азаттыққа шақыру болатын.  Академик Мәмбет Қойгелді «Тарих — күрес алаңы» кітабында Алаш идеясы жайында: «Қазақ ұлтшылдығының өзекті жібі, діңгекті ойы «менің ұлтым өзгеден ерекше, артық» сияқты мазмұндағы ұран болған жоқ. Ол елім деген қазақтың оқыған азаматының надандық пен отарлық езгінің құрсауында тұншыққан жұртын азаттыққа шығару, өзгемен тең ету жолындағы қызметке әзірлігін білдіретін шешімі және осы мақсат үшін күреске шақырған үндеуі болатын»,- дейді. Және сондай-ақ «Қазақ ұлтшылдығының концептуалдық деңгейде және жалпыадамзаттық құндылықтар арнасында қалыптасып, оны ұлт зиялыларының сенім және күрес қаруы дәрежесіне жеткізу ісінде Әлихан Бөкейхан жетекші рөл атқарды» дегенді де М. Қойгелді зерттеулерінде жиі келтіріп отырады.  «Әлихан Бөкейхан жай қатардағы ұлт азаттық қозғалысысының белсенді тұлғасы емес. Ол – жаңа мазмұн, сипаттағы қазақ азаттық қозғалысының негізін қалаушы көш бастаушысы. Оның азаттық қозғалысын жаңа интеллектуалдық деңгейге көтеру ісіндегі еңбегін кезінде бүкіл ел-жұрты, патшалық және советтік биліктер мойындаған», –деп жазды алаштанушы ғалым М.Қойгелді.  Алаш үкіметі үшін жетекші рөл атқарған Әлихан Бөкейханның қызметін тіптен қарсыластары да мойындады. Сондай оппенттердің бірі Бақытжан Қаратаев Бөкейханға жолдаған хатында: «Меніңше жалғыз сен ғана халықтың ықыласына лайықсың. Жалғыз сен ғана халқым үшін қызмет жасадым деп айтуға хақылысың», – деп жазды.

Ахмет Байтұрсыновтың түрмеде отырып Файзолла ишан Сатыбалдыұлына жазған соңғы өлеңі оқырманға жақсы таныс. Сол өлеңдегі зар мен мұң сол замандағы қазақ зиялыларының әнұраны іспетті.

Өркенді ел боп тұрса деп алаш,

Билігі өзінде болса деп алаш.

Отпенен суға түстік қой біздер,

Тәуелсіздігін алса деп, алаш!,-

деген жолдардан Ахмет Байтұрсынұлы бастаған қазақ зиялыларының арман мүддесі айтылса,

Әлі де солай ұраным алаш!

Өлтірдік шырқар жыр-әнім алаш,

Бір замандарда өз азаттығын,

Алады сөзсіз Отаным алаш!,

деген жолдардан үмітін үзбей, қашанда болса, тәуелсіздікке қол жеткізетінімізге сенімді болғанын көреміз.

Өлсемде достым алаш деп өлем,

Қойнына жердің алаш деп енем,

Елу жыл бәлкім, бір ғасырдан соң,

Халқыма сонда алаш деп келем.

Ахмет Байтұрсыновтың азаматтық ұстанымының жоғары екенін көреміз.

Мұраттас болған замандастарға,

Антына адал қаламдастарға,

Мұхтарды аман сақтаңдар дедім,

Жеткізеді ол елін асқарға,

деп арман-мүддесі бір жолдастарына Мұхтар Әуезовті аманат етуінің өзі, халқына адалдығын, болашағынан үміт күтетін бір адамның аман қалуына септігін тигізуінің өзі азаматтық тұлғасының биік екенін байқаймыз. Әуезовтің аң-таң болуына қарамастан, жол сілтеп түптің-түбінде халықтың жауы емес, досы екенімізді айтатын адам сенсің деп сенім білдіруі Ахмет Байтұрсыновтың көрегендігінің белгісі.

Алаш зиялыларының қай-қайсысын қарастырсақ та, армандаған ойлары бір арнада тоғысып жататынын байқадық. Соның бірі Ғұмар Қараш ақын. Оның «Келер ме екен?» өлеңінде ұлт үшін өз жанын қиюға дайын алаш азаматтарының қадірін білуге шақырып, оны түсіндіруді өзіне парыз деп санаған.

Ақ орда алаш көріп келер ме екен,

Жамырап келіп еніп кірер ме екен?

Сарғайып сағындырып қолға түскен

Асылдың қадір бұлын білер ме екен?-

дей отырып, тіпті, олардың әрбір ісін жоғары бағалап, сөзіне құрандай илануды уағыздайды. Мұның өзі ақын тұлғасының қашан да ұлт мүддесімен үндесіп жатқанын, өмірлік мақсаты болғанын айғақтай түседі. Осы айтылған құндылықтардың барлығы Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласында нақтылана түседі. Алаш деп өткен азаматтарымыздың армандарының орындалып, орындалып қана қоймай әлемнің дамыған отыз елінің қатарынан көрінуді мақсат  етудің өзі үлкен мәртебе болды.

Қорыта айтқанда, сонау 1926 жылдың өзінде-ақ, қазақтың ардақты ұлдары Мұхтар Әуезов пен Жүсіпбек Аймауытұлы жазып кеткендей: «…қазақтың ұлтшылдығы – үстемдікті, басқаны бағындыруды көксеген, шегіне жеткен озбыр ұлтшылдық емес, алдымен бас қорғауға, жансауға қылуға, жете алса, теңдік алуға талпынған тіленші ұлтшылдық еді. Қазақ ұлтшылдары басқа ешкімге жамандық ойлаған жоқ, олжасына таласып, пайда іздеген жоқ. Іздегені – тек қана қазақтың амандығы. Сонда көріп отырғанымыздай бір ғасыр бұрын да алаш зиялылары қазақ қоғамын, ел сананы, салт-дәстүрді рухани жаңғыруға жетелегеніне көзіміз анық жетті.

Алаш идеясы – бүгінгі Тәуелсіз Қазақстанның да басты идеяларының бірі болуы тиіс. Ал бүкіл қазақ даласын осыдан бір ғасыр уақыт бұрын Алаш рухына бөлеген ұлы қазақтар аманатының жөні бөлек. Біздің ата рухы алдындағы адалдығымыз бен перзенттік парызымыз Алаштың аманатын

санамызға сіңіру, соған лайық еңбек ету, өткенге құрмет көрсету. Ал құрметтің негізгісі – Алаш идеясын ұрпақ бойына сіңіру.

Алаш идеясы – ұлтты біріктіруші, тұтастырушы идея ретінде қашан да қазақпен бірге жасайды. Алаштың жолы, Алаш кайраткерлері қалыптастырған ұлттық санамызды жаңғырту сапары – бүгінгі тәуелсіздігімізді тұғырлы етер берік ұстындардың бірегейі болатынын естен шығармағанымыз абзал. Алаш идеясы – ел идеясы. Демек, «Керегеміз – ағаш, ұранымыз – Алаш» дейтін біз үшін ол әрқашан ұлт идеологиясының темірқазығы  болып қала бермек.

Көкбас Жазира

 Л.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің докторанты,

Астана.

 

Сіз не дейсіз оқырман?

Е-мэйлыңыз жарияланбайды.