Home » Мақалалар » АЛАШ ИДЕЯСЫНЫҢ ЖАҢҒЫРЫҒЫ-ТӘУЕЛСІЗ ҚАЗАҚСТАН

АЛАШ ИДЕЯСЫНЫҢ ЖАҢҒЫРЫҒЫ-ТӘУЕЛСІЗ ҚАЗАҚСТАН

Қазақстан жерін ежелгі уақытта мекендеген сақ, ғұн, түркі бабаларымыздан қазақ халқы тағылымы мол мәдениетті бойына сіңірді. Кейін ұлан-ғайыр даланың негізгі бөлігіне ие болып, ескі жұртта қалған қазақ халқы мәдени, рухани сабақтастықты жалғастырып сақ, ғұн, түркілер мәдениеттерін қабылдай отырып дамыттық.

Қазақ халқы Атамекенін дүбірге толтырды, еркін көсілді. Қазақ ерлері, батырлары сайын даланы жаудан қорғап ерен ерліктер жасады.

Даланың өзгеше болмысы қазақтың ерекше мәдениетін қалыптастырды.

Рухы жоғары халқымызға жоғары идеалды қасиеттерді – әділдікті, турашылдықты, батылдықты, батырлықты, адамсүйгіштікті, бауырмалдықты, туған жерге, Атамекенге деген сүйіспеншілікті, кіші, үлкенге қамқорлықты, намысшылдықты дарытты.

Бергі заманда қазақтың кең даласына көз алартып қарағандардың саны артып ел шетінің берекесін ала бастады.. 17 ғасырдан бастап күш алуға бет бұрған Орыс мемлекеті, кейін Россия империясы көршілерін жалмап қазақ жеріне тірелді. Ол аздай оңтүстіктегі туысқандарымыз-Қоқан хандығы, Бұхар әмірлігі, Хиуа хандығы жерімізге көз аларта бастады. Ұлы Даланы жаулары жан-жақтан қыспаққа алды, шеңберін тарылта түсті. Россия империясы 19 ғасырдың 2-ші жартысында қазақ халқының мойынына отар шылбырын салып тізгіндеді. Орыстың басқару билігін орнықтырып алғасын Россия империясы халқымызды рухани және материалдық тоздыру жолына түсті. Қазақ халқын тобырға айналдыруға бет бұрды. Тобырға айналған халық елдігінен айрылады, бізді де осы жол келешекте күтіп тұрды. Россия империясы тарихынан талай халықтың орысқа айналғанын білеміз.

Осы қысталаң шақта қазақ зиялылары Алаш идеясын тудырды. Алаш идеясының халықтың санасында тұтанып тұрғанын 1916 жылы болған ұлт-азаттық қозғалыс айқындады. 1916 жылғы қозғалыс қазақ халқының мүддесінің бір жерден шыққанын көрсетті. Қазақ зиялылары халқына төнген қатерді көріп, апаттан аман алып қалу жолдарын, одан әкетіп елдікті құру амалдарын қарастырды. Қазақ халқының әрқашан азаттыққа ұмтылуы Алаш идеясымен үндесті, Алаш идеясын халқымыз толық қолдады. Әлихан Бөкейханов бастаған зиялы қауым Алаш идеясын жүзеге асыруға кірісті-Алаш партиясын, Алаш үкіметін, Алаш автономиясын дүниеге әкелді. Жоспарлаған игілі істерін әрі жалғастыра түсті. Бірақ Россия империясының ісін басқа түрде жалғастырушы Кеңес үкіметі қазақтың ел болуына қарсы шықты.  Кеңес үкіметі сұрқия саясат жүргізді. Россия империясының құрамында болған халықтарды енді Кеңес үкіметі қарғыбауында қалдырды. Кеңес үкіметі қазақтың ұлттық автономиясын құртып, халқымыздың ұлттық мүддесіне мүлдем жат Кеңес билігін жүргізді. Озбырлықпен төңкеріс ұйымдастырып кеңестердің билікке келуі ұлттық автономиялық мемлекетімізді жойып халқымызға үлкен қасірет әкелді. Кеңес үкіметінің күштеп жүргізген саясаты Россияда азамат соғысын лаулатты. Қазақстанда азамат соғысы жалғасын тауып бейбіт жатқан елімізге шексіз қайғы-қасірет туғызды. Азамат соғысының соңы жұт пен ашаршылық туындатты. Жүздеген мың қазақ қаза тапты, шаруасы күйзелді. Кеңес үкіметі Алаш автономиясын таратып тынғасын қазақтың зиялы қауымын қудалауды бастады.

Қудалаудың соңы қырғынға жалғасып Алашорданың зиялы қауымын құртып жіберді

20ғ 20 жылдарының ортасынан бастап Кеңестік билік Қазақ жерінің табиғат байлығын шұғыл игеру үшін индустрияландыру дүбірін бастады. Кеңестер елдің есін жиғызбай ұжымдастыру науқанын жүргізіп ел аманда қазақтың 50 %-ын қырып жіберді.Қарсы шыққанын Қызыл Армияның бөлімдерімен жойды. Міне,Кеңес үкіметі осындай жантүршігерлік істерімен бейбіт өмірде қырылған қазақ халқының сағын зақымдап болмысын өзгертті.

Ел басқаратын зиялы қауымды ұстарамен қырғандай жоқ қылды. Іле-шала 2-ші дүниежүзілік соғыс басталып енді ғана тоқтаусыз аласапыраннан тыйышталып, етегін жинауға кіріскен халқымыздың жас жігіттері қан майданға аттанып сан жүздеген мыңы майдан даласында қаза болды.

Соғыстан кейінгі қиыншылықтарды басынан өткізді. 20 ғасырдың 50 жылдарының ортасына таман тың игеру науқаны басталып қазақтар өз елінде азшылыққа айналды. Орыстандыру саясаты жүргізілді. Рухани мәдениетімізге орасан нұсқан келді.

Қоршаған ортаның тепе-тендігі бұзылды. Жеріміз құнарынан айырылды.

Семей полигоны үздіксіз жарылыстар жүргізді. Арал апатты аймаққа айнала бастады. Талай көлдердің суы тартылып аймақтардың микроклиматы бұзылды.

Бірақ қазақ халқы азаттықтан үмітін үзбеді.

Қызыл империяның қазақ халқына қарсы саясатына халықтан шыққан ерлер дүркін-дүркін қарсы шығып айылын тартқызып отырды

Азаттықтың ұшқыны Целиноград оқиғалары кезінде көрінді.

Халқымыз бабаларының рухын жоғалтпағанын 1986 жылы Желтоқсан оқиғаларында көрсетті.

Кеңес Одағында алғашқылардың бірі болып қазақтар жарты әлемді билеген тоталитарлық режимге қаймықпай қарсы шықты.

Азаттықтың оты жанданып, жадымызда сақталған Алаш идеяcы қайта жанғырды.

Көп ұзамай  Кеңес Одағының талқаны шығып тарих бетінен кетті. Азаттық күні туып халқымыз Тәуелсіздігін алды. Табиғат байлығы таланған, экологиялық апаттан, ядролық жарылыстардан есеңгіреген Ұлы Даламыз қайта түледі.

Қазақ халқы қайтадан өз жерінің иесіне айналды. Бұл Дала сақ, үйсін, қаңлы, түркілерге пана болған киелі Дала.Осы халықтардың ұрпағы қазақтар Ұлы Даланың бір құшақ туған жері үшін санғасырлық қиян-кескі күрес жүргізіп қорғады.

Адам айтқысыз қиыншылықтарды басынан өткізді.

Салқам Жәңгір, Жалаңтөс баһадүр, Қабанбай, Райымбек, Кенесары хан, Жанқожа батырлар, тағы да есімдері аталмаған батыр ерлер қазақ жерін білектің күшімен қорғады. Бергі заманда Әлихан Бөкейханов, Ахмет Байтұрсынов, Әлихан Ермеков, Міржақып Дулатовтар елдің, жерінің біртұтастығы үшін қаймықпай Кеңес билігіне қарсы шығып қызғыштай қорғады. Бабаларымыз осындай қаһарлы кезеңдерде жерін жаудан сақтап бізге аманат қылып тапсырды.

Егемендігін алып құрылған Қазақстан Республикасы – қазақ ұлтының тұғыры болып отыр.

Қазақстан Республикасы – қазақ халқының ұлттың мүддесін іске асырушы мемлекет. Қазірдің өзінде қазақ халқының санғасырлар бойы армандап келген мақсаттары істелініп жатыр, келешекте де талай игі істердің куәсі болуға жазсын.Тәуелсіздік дәуірінде өмірге келген ұрпақ буыны бекіп Қазақстан Республикасының болашақ дамуына өз үлестерін қосуға кірісті.Ана тіліміз қоғамдық өмірге қайта келіп мемлекеттік тілге айналды. Өзімізге тән экономикалық жолмен дамуға көштік.

Тәні жараланған рухани мәдениетімізді қайтадан жаңғыртуға күш салудамыз.Көршілермен достық қатынас орнаттық. Түркі дүниесімен қайта туыстық байланыс орнаттық.

Ислам өркениетіне бет бұрдық.

Бір миллионға жуық қазақ Еліне қоныс аударды. Ұлттық рухымыз көтерілді.

Әлемдік спорттық додаларға қатысып қазақ атын төрт дүниеге паш еттік.Семей полигонын жауып ядролық қару жоқ аймақ құрдық.

Қазақстан Республикасында барлық этностардың теңдігі,олардың мәдениетінің жан-жақты дамуы іс жүзінде қамтамасыз етілді.

Дәстүрлі діндеріміздің жандануы біздің рухани дүниемізге де оң әсерін тигізуде және келешекте рухани құндылықтарымыздың артуына ұдайы ықпал жасап отырады. Халқымыз имандылыққа бет бұрып рухани тазару жолдарына түсе бастады.

Халқымызға төнген рухани қауіпті құқықтық жолмен әділ шешіп келешек ұрпақты олардың зардабынан қазірден бастап қорғау керек. Келешекте бізді күтіп тұрған істер өте көп.

Қазіргі кезеңде Қазақстан Республикасы саяси-экономикалық,әлеуметтік дамудың жедел жолына түсті. Біз осындай даму деңгейіне Қазақ елінің тұтқасы болып отырған қазақ халқының салиқалы ұстанымының арқасында, қоғамдағы азаматтық қатынастардың, ұлтаралық қатынастардың,конфессиялық қатынастардың тиімді, ұтымды жолдарын тауып,оларды іске асыру барысында жеттік.Саясат та,экономика да қоғамның даму барысына тәуелді. Сол себептен қоғамдық өмірге демократиялық реформаларды енгізіп құқықтық мемлекет пен азаматтық қоғам орнатуға бет бұрғанымыз құптарлық іс.

Келешек Қазақстан Республикасы өркендеп гүлденуі үшін қажырлы еңбек, салиқалы саясат және демократиялық ұстаным керек деп ойлаймын.

 

Какжанова Зауреш Катрановна,
Астана қаласы
№ 64 мектеп-лицейінің
бастауыш сынып мұғалімі

 

 

Сіз не дейсіз оқырман?

Е-мэйлыңыз жарияланбайды.