Қазақтың сан ғасырлық тарихының ең жарқын беттерін жазған Алаш қозғалысы тарихи-саяси айрықша құбылыс ретінде ұлтымыздың рухани-мәдени даму жолын жаңа арнаға бұрды.
Алаш қозғалысы кеңес үкіметі тарапынан терістелгенімен оның идеялары ұлтжанды азаматтардың жүрегі мен санасында өмір сүріп келді. Оның жарқын әрі бұлтартпас мысалы — тәуелсіздік қарсаңында Алаш идеясының қайтадан күреспен жаңғыруы. ХХ ғасырдың басында ұлтының теңдігі үшін қауымдасумен де, қаламмен де, қарумен де күреске түскен Алаш қайраткерлерінің пәрменді еңбегі Алаш баласының есінен еш кетпек емес. Міне, биыл осы Алаш қозғалысына — 100 жыл. Осы орайда Қызылорда облысы білім басқармасының «Алаштың ұлы — тарихтың көзі» тақырыбында ғылыми жобалар байқауы өтті. Нағыз дарындыларды додаға салған байқауға аудан орталығы оқушылары да ат салысты. Соның бірі Жаңарық ауылындағы №167 орта мектебінің 6-сынып оқушысы Әлиакбар Ерасыл «Алаш — ардақтысы Ахмет» атты ғылыми жұмысын алып барды. Әрине бәйге болған соң, біреу қалады, біреу озады, 46 бала бақ сынаған байқауда Ерасыл ІІІ- дәрежелі диплом иегері атанды. Бұл да болса ауданымыздың, мектебіміздің жетістігі деп айтуға болады. Алдағы уақытта да Ерасыл талай ғылыми жобалардың жүлдегері болады деп сенеміз.
Рысбаева Ақбота
Қызылорда облысы, Жаңақорған ауданы,
Жаңарық ауылы, №167 орта мектебінің
қазақ тілі пәнінің мұғалімі