Білім беру саласы: Әлеумет
Оқу қызметі: Экология негіздері
Мақсаты:
1.Өсімдіктердің өсу, даму сатыларымен таныстыра отырып, балалардың танымын кеңейту; тәжірибе жасап, одан қорытынды шығара білуге үйрету;
2.Тәжірибе жасауға деген қызығушылықтарын арттыру; өсімдіктер туралы білімдерін дамыту;
3.Өсімдіктерге қамқор болуға тәрбиелеу.
Сөздік жұмыс: өсімдіктердің көбеюі, тұқым, өскін.
Билингвальды компонент: тұқым-семя, өскін –проросток, үрмебүршақ –фасоль, асбұршақ –горох, түймедақ – ромашка, күнбағыс –подсолнух.
Қолданылатын көрнекі құралдар мен жабдықтар: тұқымдардың көбею жолын көрсететін сурет, әртүрлі тұқым түрлері, жемістер,көкөністер.
Оқу қызметінің кезеңдері:
Мотивациялық – оятушылық
Балалар бүгінгі күнге деген қуанышты көңіл күйлерін білдіреді.
Шаттық шеңбері:
Шеңбер болып тұрайық жылы жүзбен,
Бізге келсін қуаныш нұр іздеген.
Шуақ толған жанымыз,жүрегіміз,
Үлгі алсын көрген жан мына бізден.
Балаларға жұмбақ жасыру.
Қолы жоқ, аяғы жоқ –қозғалады, аузы жоқ –тыныс алады, қоректенеді.
— Өсімдік.
— Өсімдіктердің адам өміріндегі маңызы қандай?
Балалар, біз бүгінгі оқу қызметінде сендермен өсімдіктер және олардың даму сатылары туралы тереңірек білетін боламыз.
Тосын сәт:
Есікті тақылдатып Буратино келеді. Қолында жасанды гүлі бар.
Балалар келген қонақпен амандасады. Буратиноға аяушылық сезімдерін білдіреді.
— Буратино, сен неге көңілсізсің, саған не болды?
Буратино: Мен Мальвинаға түймедақ гүлін сыйлаған едім.Ол маған бұл жасанды гүлді қайдан алдың, иісі жоқ қой деді. Мен таң қалып тұрмын, неге жасанды, олардың жапырақтары жасыл, сабағы да жасыл, гүлі ақ қой.
Бұл жасанды түймедақтың тірі түймедақтан қандай айырмашылығы бар?
— Буратино сенің бұл сұрақтарыңа біздің балалар жауап береді. Ол үшін сен біздің оқу қызметіне қатыса ғой.
Буратино:
— Жарайды, қуана –қуана келісемін! (Буратино балалардың қасына жайғасады).
Ұйымдастырушылық –ізденушілік
-Балалар, Буратиноға түсіндіріп берейік. Қане, айтыңдаршы, жасанды түймедақ гүлі мен тірі өсімдіктің қандай айырмашылығы бар?
( Жасанды гүл дүкендерде сатылады, иісі болмайды, ал тірі өсімдік өседі, тамыры болады, суғарамыз).
-Тірі өсімдік өседі, олардың тамыры болады, суғарамыз, өскен сайын өзгереді, тұқымдары шығады, гүлі болады.
-Тұқым дегеніміз не, ол не үшін керек?
-Тұқым өсімдіктерді өсіру үшін керек.
-Кәне, балалар, қандай өсімдіктердің тұқымдарын білесіңдер?
(Асқабақтың, қызанақтың, алманың шынайы түрлері көрсетіледі).
-Мынау асқабақтың тұқымы, одан асқабақ шығады,мынау алма, ол жеміске жатады, ортасында тұқымы болады.
«Тұқымдарды жіктеу» ойыны.
(Әр балаға ыдыстарға салынған өсімдіктердің тұқымдары беріледі).
Тұқымдарды кішкентайынан бастап, ірісіне дейін көлемі бойынша орналастырады. Сөздерді қайталайды.
Буратино:
-Мына кішкене жаңғақты қорапқа салып орамалмен жауып, тибидох – тибидох – емен өс десем мынандай ағаш өсе ме?
-Жоқ, Буратино саған бұл жерде сиқырлы сөздер көмектеспейді, бұл жерде білім мен еңбек керек.
-Буратино, біздің балалар екі апта бұрын өсімдіктермен тәжірибе жасаған. Сол тәжірибеміз жайлы айтайық. Қараңғы жерге суғарылмай қойылған өсімдік пен жылы, жарық жерде тұрып, күнделікті суғарылған өсімдікті салыстырады.
-Өсімдіктер қалай көбейеді екен?
-Өсімдіктер тұқым арқылы көбейеді.
-Өсімдіктер өсу үшін не керек?
-Алдымен оларға жұмсақ құнарлы топырақ керек. Содан соң жарық, жылу, ауа, су керек.
Слайд көрсету арқылы Буратино сұрақтарына жауап беру. Балалар слайдты тамашалайды.
1.Тәжірибе.
Балаларға екіге немесе төртке бөлінген алма мен қызанақ ұсынылады.
-Олардың пішіндері ұқсас, дәмі, исі әртүрлі. Олардың біреуі –жеміс, ал екіншісі –көкөніс. Екеуінің де ортасында тұқымы бар.
-Егер осы бөліктерді қағаз сүрткішке қойсақ не болады?
-Қағазда судың ізі қалады.
Балаларға стақанға құйылған алманың, томаттың шырынын көрсету.
-Қандай қорытынды жасауға болады?
-Екеуінің де шырындары бар.
Сергіту сәті
Топқа « Шөжелерім» әнінің әуеніне билеп шұбар тауық кіреді:
-Қа –қа –қақ, маған тары керек, қыста тамақ керек.
(Балалар шеңберге тұрады, шұбар тауық шеңбердің ортасында қақылдап жүреді). Өлең жолдарына қарай қимылын орындайды:
Тауық тары жинапты
Оны ешкімге қимапты
Бөтекесін толтырып
Қамбасына құймапты
Қыста тауық қақылдап
Тары іздеп жүр тақылдап
Өлең аяқталған кезде тауыққа бір кесе тары береді.
Шұбар тауық балаларға алғыс айтып, жөніне кетеді.
2. Тәжірибе.
Күнбағыс дәнін үгітіп май шығару.
Слайд арқылы күнбағыс өндіретін зауыттан майдың алынуын көрсету.
Балалар тәжірбие жұмысын жасайды.
Дайын дәнді үгітіп қағаз бетіне салып, жартылай бүктеп қысады, май шыққанын байқайды.
Буратино:
Мен өсімдіктердің қалай өсетінін,көбейетінін енді түсіндім.Тірі өсімдіктің қандай болатынын білдім.Өсімдіктерге күтіп –баптап, қамқорлық жасауымыз керек екен ғой, балалар.
Балалар,енді сендермен ойын ойнағым келіп тұр.
Ойын: «Атын ата»
Балалар шеңберге тұрады. Орталарында себетке салынған жемістер мен көкөністер. Буратино санамақ айтады:
Алма кетті домалап
Көше бойын аралап
Кім алманы табады
Көкөністі алады –дегенде санамақ бойынша таңдалған бала көкөністі алып, оның қазақша, орысша және ағылшынша атауын атайды. Жеміс сөзі айтылғанда жемісті алады. Шатасқан бала ұтылады.
Рефлекстік-түзетушілік
-Балалар, мына өсіп тұрған күнбағысымызды Буратиноға сыйға берейік, келісесіңдер ме?
-Иә, келісеміз.
Буратино:
-Рахмет, балалар, сендер өте білімді, әдепті екенсіңдер. Сендерден көп нәрсені үйрендім. Бұл күнбағысты Мальвина досыма апарып берейін. Ал сендерге алғыс ретінде мына тәттілерді үлестіріп берейін. Сау болыңдар.
Буратиномен қоштасады. Буратиноның берген сыйына рахмет айтады.
-Балалар, сонымен өсімдік жақсы өсу үшін оны күту керек екен.
Егер адамдар өсімдіктерге дұрыс қамқорлық жасайтын болса, ол біздің жерімізді сәнге бөлейді. Сендердің үйлеріңде бақша бар. Ол жерде түрлі өсімдіктер өседі. Сол өсімдіктердің өсуін үнемі қадағалап жүріңдер.
Балалар өз пікірлерін айтады.
Күтілетін нәтиже
Орындайды: өсімдік өсу үшін қажетті жағдайды.
Түсінеді: тәжірибе жасауды және одан қорытынды шығаруды.
Қолданады: өсімдік тұқымдарын ажыратуды.
Акыбаева Назыгүл
«Балдәурен» балалар бақшасының тәрбиешісі
Алматы облысы, Сарқан ауданы, Екіаша ауылы