Астана қаласында «Білімді Қазақстан» аймақтық онлайн семинары өтті. Астана қаласы Білім басқармасы мен №48 мектеп-лицейі ұйымдастырған онлайн іс-шараға 54 білім ұясы қатысты. Оқу сапасын арттырып, білім беру үрдісінің ең үздік білім ресурстары мен технологияларына тең қолжетімділікті қамтамасыз етуді мақсат еткен басқосуда түрлі тақырыптар талқыланды. Жиынды Астана қаласы Білім басқармасының әдіскері Дайра Қайненқызы жүргізді.
Онлайн семинардың №48 мектеп-лицейде өтуінің де өзіндік себебі бар. Аталмыш білім үйі білім сапасы мен бәсекеге бейіндігі жөнінен өңірдегі мектептер арасында алдыңғы шепте. Сондықтан онлайын сабақ «Жетістіктер мектебі: білімнен ғылымға бастар жол» тақырыбында өрбіді. №48 мектеп-лицей директоры Сәуле Жақанқызы өзі басқарып отырған білім ошағының жеткен жетістіктеріне тоқталып, алдағы жоспарларымен бөлісті. Директордың ғылыми-әдістемелік ісі жөніндегі орынбасары Алтын Момысқызы ынтымақтастық-серіктестік аясында ЖОО-мен, ғылыми орталықтармен бірлесе жасап жатқан жұмыстарын жария етті. Робот техниканы меңгеру заман талабы. Сондықтан кез келген орта білім беру орындарының көрсеткіші осы критерий бойынша да бағаланып жатады. Яғни бұл дегеніміз уақыт талабына сай, жаңаша ойлай алатын және ерек көзқарастағы баланың бейімделіп жатқандығын айғақтайды. Тап осы тақырыпта физика пәнінің мұғалімі Нұрпейіс Айтарбекұлы сөз алып, шәкірті жасаған роботты көпшілік назарына ұсынды. Мұнан соң №48 мектеп-лицей директорының ғылыми-әдістемелік ісі жөніндегі орынбасары Қамажай Ибраимқызы мектеп мұғалімдерінің авторлық бағдарламаларына тоқталса, директордың оқу ісі жөніндегі орынбасары Фатима Жанахметқызы үштілді білім берудің артықшылықтарын тізді. Жаңа білім беру реформасына байланысты қазақ сыныптарында Дүниежүзі тарихын орыс тілінде өтіп, тәжірибе жүргізіп отырған №70 мекеп-лицейінің тарих пәні мұғалімі Гауһар Құнанбаева кері байланысқа шықты. Ол өз тәжірибесімен бөлісіп, балалардың пәнді игерудегі қиындықтары мен артықшылықтарын айтты. Семинар барысында байланысқа шыққан қазақ-түрік лицейі «PBL» жобасы негізіндегі зерттеу жұмыстарының нәтижесімен бөлісіп, электронды журналды қолдану ерекшеліктеріне тоқталды.
Онлайн жиын барысында робот техникасын меңгерудің мейлінше жеңіл жолдары ұсынылып, бейінді пәндерді үштілде оқыту жүйесіне жол ашылды. Мектептің қоғамдық ұйымдармен қоян-қолтық жұмыс жасап, ЖОО-мен бірлесе отырып ғылыми жұмыстарды жолға қою, әлеуметтік серіктестік аясында тәжірибе алмасу алаңы құрылды.
«Білім айнасы»