Home » Мақалалар » Айбынды төбе — Аққорған

Айбынды төбе — Аққорған

Сыр бойы сан қилы шежірені жинақтаған алтын қойма тәрізді. Киеліде, қасиетті Сыр өңірі Қызылорда облысының бір бөлшегі – Түгіскен елді мекенінде сырға толы мекендер толып жатыр. Бір аңыздан екінші бір аңыз туындап, әр төбесі өз тарихымен қызықтырып, өткенге жетелейді. Туған өлкеміздің тамыры кеңге жайылған бай тарихын ести отырып, сүйінесің. Осыншама мол сыр бүккен қорғандармен төбелерге еріксіз үңіліп қарайсың. Үнсіз ғана бұйығып жатқан момақан төбелер, сылқ-сылқ сырғи аққан өзендер, көз жасындай мөлдіреген көлдер елін қорғаған ерлерге де елді қанға бөктірген жауларға да, бұрала басқан арулардай бірдей қызмет көрсетіп, барлығының сырына бірдей қанған сырбаз адамдай туған жер төбесінде керіліп жатыр. Бір ғана төбесінің өзі қаншама тағдырларды, тарихтарды жасырып жатқан Аққорған, Мейрамтөбе сияқты төбешіктер өзінің зерттеушісін, өз кезегін күтіп тұрғандай. Кезеңі келгенде бұл жер терең зерттеліп, үлкен жаңалықтарға, ғылыми еңбектерге арқау болатын дүниелер табылатынына сенімім мол. Бұрын қариялардың аузынан естіп, Аққорған ата деп келдік. Кейін зерттелген тарихи деректерге сүйенсек, Аққорған адам аты емес, қаланың (қорғанның) аты екен. Аңыз әңгімелерге сүйенсек, ол кезде жаугершілік жиі болып тұратын, соған байланысты баба ұрпақтары ұйымдасып, қорған соққан. Қорғанның асты үй сияқты халық паналайтын және өлген адамдарды бір жағына қоятын (қабірлі) сардабасы болған. Қорғанның биіктігі 20 метр, ұзындығы 4 шақырым, ені 3 шақырым екен. Қарауылтөбелер болған. Қорған алыстан шаңдақ тартып, ағарып көрінгендіктен Аққорған деп аталған.
Аққорған қаласы XIII-XIV ғасырладағы қазақ хандығы кезіндегі Сыр бойындағы өркендеген қалалармен қатар аталады. Тарихшы Ибн Рузбехан « Түркістанның 30 бекінісі» атты еңбегінде, Сырдарияның сол жағалауындағы Арықкөк, Өзгент қалаларымен бірге Аққорған қаласын да дамыған қалалардың қатарына жатқызады. Бұл қала үлкен сауда орталығы болғанымен, суармалы егін шаруашылығы дамыған бекініс қалаға жатады.
Кейбір жазба деректерге қарағанда, Аққорғанда астықтың мол қоры болған. Халқы жер жыртып, егін салған. 1581 жылы Өзгентке жорық жасап бара жатқан Абдулла- II Аққорғанды жағалап отырған. 1582 жылы маусымда болашақ қазақ ханы Тәуекел II Абдулла Сұлтанның ағасы Ибадулла –II Сұлтанмен Аққорғанда кездескен.
Аққорған орта ғасырдағы қала атауы. Қала аты Түркістан өңіріне байланысты орта ғасыр авторларының жазбаларында жиі кездеседі. Маудбин Осман Кухистанидін хабарлауынша, Аққорған, Сығанақ, Созақ, Аркук қалалары сияқты Әбілхайыр ханға өз еркімен берілген. «Үлкен сызық» кітабындағы деректерге қарағанда Аққорған Жаңақорғанның 70 км, Сайрамнан 100км жерде орналасқан. Осы тұста ежелгі қаланың орны сақталған. Оны алғаш 1970 жылы Отырар археологиялық экспедициясы зерттеген. Осы күнге дейін Аққорған болып аталады. Екі деңгеиде тұратын трапеция тәріздес төбе. Басқа бөлінген, едәуір биік орналасқан бөлігінің көлемі 150х100м, биіктігі — 6 м. Бұл Цитадельдің орны. Оны қоршай орналасқан төбенің қабырғалары: шығысында 210м, батысында 200м, оңтүстік және солтүстік бөліктерінде 230м. Қаланың қорғанысы мен оның сыртындағы ордың іздері анық сақталған. Жинастырған деректерге қарағанда XV-XVIII ғасырда болған.

Наубаев Баянбай Құтымбайұлы,
Қызылорда облысы
Жаңақорған ауданы
Түгіскен аулы
№209 орта мектебінің тарих пәні мұғалімі

Сіз не дейсіз оқырман?

Е-мэйлыңыз жарияланбайды.