Тәуелсіздіктің қазаққа берген айтулы оқиғалардың бірегейі – латын әліпбиіне қадам басуымыз. Ұлы дала елін әлемдік өркениетпен табыстыратын алтын көпір болатын латын әліпбиіне көшу мәселесі жалпы халықтық талқыға салынды. Бүкіл ел ішінде ешбір мәселе осылайша талқыға түспегені анық. Дегенмен, «келісіп пішкен тон келте болмас» дегендей, әрбір маманның пікірі мен ұсыныстары қаралып, бір жүйеге келтіріліп, ұлтымыздың түп қазығы болып саналатын әліпбиіміздің жаңа нұсқасы жарияланды. Қазіргі таңда еліміздің барлық өңірлерінде латын әліпбиінің маңыздылығы турасында іс-шаралар ұйымдастырылуда. Бұл тағылымды шарадан Қарағанды қаласының білім саласының мамандары да тысқары қалмады.
2018 жылдың 25 ақпанында Қарағанды қаласы №74 ЖББОМ ұйытқы болуымен «Латын әліпбиі — мәңгілік елдің рухани жаңғыруы» атты дөңгелек үстел өтті. Жиынға «Өрлеу» БАҰО» АҚ филиалы Қарағанды облысы бойынша педагогикалық қызметкерлердің біліктілігін арттыру институтының қызметкерлері, ЖОО-ның ұстаздары, тіл мамандары, білім беру басқармаларының өкілдері және мектеп ұжымы қатысты. Тағылымы мол іс-шара барысында Елбасының қазақ әліпбиінің латын қаріпіндегі жаңа нұсқамен танысып, талқыға салды. Білім саласының білікті мамандары бас қосқан айтулы жиында соңғы нұсқаның көңілге қонымды, бір ізділік бар екендігін тілге тиек етті. Сонымен қатар латын әліпбиінің болашақтағы мүмкіншіліктері өте зор екендігіне тоқталып, сананы жаңғыртудағы өз руханиятымызға жаңаша қарауға жол ашатындығы жайында да сөз өрбіді.
«Өрлеу» БАҰО» АҚ филиалы Қарағанды облысы бойынша ПҚ БА институтының тәрбие және тұлғаны әлеуметтендіру кафедрасының аға оқытушысы К.Смагулова өз сөзінде, латын әліпбиіне көшудің түп тамыры ұлттық құндылықтарды жоғалтпау мәселесі, қайта жаңғыруға бет бұратын батыл қадам екендігін атап өтті. Сондай-ақ академик Е.А.Бөкетов атындағы Қарағанды мемлекеттік университеті қазақ әдебиеті кафедрасының профессоры, филология ғылымдарының докторы, Ж.Смағұлов латын әліпбиі қазақ тілінің шұбарланбауына және тіл тазалығының сақталуына септігін тигізетіндігіне тоқталып, кеңінен түсіндірді. Сондай-ақ, тіл мамандары, ардагер ұстаздар да өздерінің тұшымды ойларымен бөлісті.
Азамат Серікхан,
«Өрлеу» БАҰО» АҚ филиалы Қарағанды облысы бойынша
ПҚ БАИ Қоғаммен байланыс және баспа бөлімінің жетекші маманы