Алдыңғы толқын аға буын өзінен кейінгі өкшебасар жас ұрпаққа түбінде ел мен жерді және ұлттың төл құндылықтарын көздің қарашығындай сақтап, аманат етіп қалдыратынын қашанда қаперде ұстауы керек. Олай болса қоғамдық өмірде жеткіншектердің патриоттық санасын қалыптастыратын бірден бір әлеуметтік құрылым мектеп қабырғасы екенін мойындамасқа амал жоқ. Балалардың бойына ұлтжаныдылықты дарыту ісінде Астана қаласындағы Халықаралық мектеп ұжымы алдына жан салмай келеді. Мектептің бастамасымен қолға алынған ұшы-қиырсыз тәрбие жұмысының өзге оқу орындарына үлгі боларлық тұстары аз емес.
Бір апта көлемінде, яғни мамырдың 2-сі мен 5-і аралығында, аты аталған білім ордасында сан алуан шаралар өтіп, барша мектеп қауымы ардагерлерге деген құрмет ретінде ұлттық орнаменті бар лентаны тастамай тағып жүрді. Мұндағы мақсат – өскелең ұрпаққа ұлы қаһармандарымыздың қан майданда күрескен ерен ерліктері мен жандарын пида еткендері жайлы ұмыттырмау. Сондай-ақ, 6-8 сынып оқушылары барша мектеп қауымын «Жеңіс күніне» арналған «Тірі мұражайды» аралауға шақырды. Бұл шара жарты сағат ішінде мектептің 5 қоғамдық аумағында өтті. Мұражайдың құрамына бөлек-бөлек бірнеше миниатюра енді. Тірі көрме жұмысына Ұлы Отан соғысының тарихымен таныстырған алты жүргізуші атсалысты. Оқушылар шайқас үстіндегі жауынгерлер, үйлерінде қалып, балаларының тақымын қысқан аналар, әскери қызметтегі медбикелер мен дәрігерлерді бейнелеген көріністерді ұсынып, сонымен бірге ер азаматтарының қазасын естіп аза тұтқан аналар, жарлар мен ғашықтар жайлы оқиғаларды баяндады.
«Осылайша,- дейді Марал Иманова мұғалім: ұйымдастырушылар соғыс жылдарында талай адамның алқымына тығылған сезімдер мен болған жайттардың шынайылығын жеткізбек болған».
Аталған аралықта мектептің 5-8 сынып оқушылары Қазақстан Республикасы Қарулы Күштерінің Әскери-тарихи мұражайында болып қайтты. Бұл тұста жасөспірімдерді туған жерге деген сүйіспеншілік сезіміне баулу мақсаты көзделді. 7 мамыр – «Отан қорғаушылар күні» қарсаңындағы осы сапар барысында оқушылар әскерилердің тарихи ұрыстарда бастан кешкен оқиғалары жайлы біліп, талай терең мағлұматқа қаныға алды. Мұнымен шектелмей, қатарымен екі күн ішінде мектептің барлық 4-сынып оқушылары армия генералы С.Нұрмағамбетов атындағы «Жас ұлан» республикалық мектебіне барып қайтты. Осындай шаралардің міндеті балаларға патриотизмнің маңызын ұғындырып, туған жерге адал болуды тәрбиелеуге келіп саяды. Шараға қатысқан оқушылар әскери қызметкерлердің қадіріне жетіп, оларға деген мақтаныш пен мақсатқа толы жаңаша көзқарас пен елімізге деген ұлғайған сүйіспеншілік сезімін арқалап оралды.
1 «В»-сыныбының оқушыларына «Отан қорғаушылар күні» мен Ұлы жеңісті тойлауға арналған ашық сабақ Ұлы Отан соғысы ардагері Абдурахман Сафаров пен «Жас ұлан» әскери оқу орнының үлгілі шәкірттіремен көрісудің сирек мүмкіндігін сыйлады. Сабақ үстінде ардагер қарт өзінің естеліктерімен бөлісіп, бүлдіршіндерді өзі шайқасқан ұрыс даласына ілестіріп әкетті. Тыңдармандар соғыс болған жылдарға саяхат жасағандай сезімде қалды. Мектеп ұжымы осындай тәрбие сағаттарын 1000-нан астам баланы қамтыған оқу орнында жаппай жұмыла ұйымдастырды.
«Осы арқылы ардагерлерге қошемет көрсетіп, азаттығымызды сақтап қалған азаматтарға деген құрмет сезімін жас ұрпақтың бойына сіңіре алдық»,-деп сенеді бастауыш сынып мұғалімі Ардақ Хамзина. Осы екі ерекше мейрамды барлық сыныптар жаттығулар жасап, би билеп, флеш-моб орындап, ән-күймен әрлеп, ән айтып бірдей мерекеледі.
Осы орайда: «Отан қорғаушылар күні мен Жеңіс күні құрметіне мектеп шеңберінде ұйымдастырылған іс-шараларға белсене қатысып, мектеп ұжымына қапысыз қолдау көрсеткендері және оқушылардың азаматтық-патриоттық тәрбиесі мен танымына қосқан зор үлестері үшін генерал С.Қ.Нұрмағамбетов атындағы «Жас ұлан» республикалық мектебінің өрендеріне шексіз алғысымызды білдіреміз»,-дейді мектеп директорының тәрбие ісі жөніндегі орынбасары Фатима Мұхамедьярова.
Жасұландықтардың көрсеткен өнерлері мен әскери дайындықтарының зор дәрежесіне қарап, таңданыстарын жасырмаған көрермендер де жастарды Қазақстан Ресбуликасы Қарулы күштерінің 25 жылдығымен құттықтай отырып, амандық-саулық, толағай табыстар мен зор жетістіктер тілеп тарасты.
Оқушылар болса оларға: «Туған жеріміздің даңқын асырып, абыройын асқақтатып, жаңа биіктерді бағындыра беріңіздер!»-деп жүрекжарды лебіздерін айтты.
Сондай-ақ, Астана қаласындағы Халықаралық мектеп оқушылары қаза тапқан жауынгерлерді еске алу үшін қағаздан сан алуан тырна жасап шығарды. Себебі мыңнан астам оригами тырнасын жасаған жапондық қыз туралы хикаяның арқасында екінші дүниежүзілік соғыстан кейін тырналар бейбітшілік пен бейкүнә соғыс құрбандарының символына айналған. Мәселен, 1 «G»-сыныбының оқушылары түрлі түсті қағаздан ондаған тырна құрастырып, мектеп фойесін безендіру үшін мұғалімдерге тапсырды. Сонымен қатар ұстаздар қауымы Ұлы Отан соғысының жеңісіне арнап соғыс кезіндегі тарихи артефактілерден шағын экспозиция ұйымдастырды. 1940 жылдары жарық көрген газеттер, біраз жиһаз бен киім-кешектерден бастап, ағаштан жасалған әскери ойыншықтар, соның ішінде мектеп оқушылары зор ықыласпен әзірлеген танкілерге дейін көрмеден орын тапты.
Апта соңында барша мектеп қауымы мереке құрметіне арнайы дайындалған театрландырылған концертті тамашалады. Концертте 5 «А»-сыныбы оқушыларымен қатар «Жас ұлан» республикалық мектебінің дарынды шәкірттері де өнер көрсетті. Екінші дүниежүзілік соғысқа қатысқан жауынгерлер мен шайқаста мерт болған сарбаздарға арналған бұл ауқымды шараны А.Жукенова мұғалім дайындады.
Адам бала кезінде көріп-білгені мен сезіп-түйсінгендерін өмірлік тәжірибесінің ұлғая түсуімен тереңірек сезінеді деседі. Ендеше Астана қаласындағы Халықаралық мектеп қабырғасында тәрбие мен өнеге көрген оқушы дұрыс құндылықтардың қазанында қайнап, біте-қайнасып кетіп, көңіліне түйгендері ертең оның кісілік қасиетінің айнасына айналады деп үміттенеміз.
Гүлназ Мұқашева
«Назарбаев Зияткерлік мектептері» ДББҰ филиалы
Астана қаласындағы Халықаралық мектептің
баспасөз хатшысы