Home » Білім және тарих » Адам капиталы: Ы.Алтынсарин тұсында және қазіргі Қазақстан жағдайында

Адам капиталы: Ы.Алтынсарин тұсында және қазіргі Қазақстан жағдайында

Ы.Алтынсарин тұсында «адам капиталы» деген ұғым болмағанымен, ұлы ағартушы-педагог осыған ұқсас ұғымды білдіретін сөздерді жиі қолданғанын аңғарамыз. Ұлы тұлға мұрасынан «ақыл-ой», «жақсы адамдар», «халық ағарту ісінің табысты болуы», «іскер оқытушы», «ақыл иесі мол халық» секілді адам әлеуетінің сапасына қатысты жұмсалған сөздер жиі кездестіреміз. Жасы 20-дан енді ғана асқан шағында Ыбырай сынды болашақ педагогтің Н.И. Ильминскийге жазған хаттарынан мынадай жолдарды оқуға болады: «Жақсы адамдармен таныс болу, өзімнің ақыл-ойымды, білімімді арттыру-мұның бәрі де менің сағат сайын ойлайтыным» [1, 196 б.] немесе «Менің үнемі ұмтылған тілегім қалай да пайдалы адам болып шығу еді. Ал қазір осыған қолым жетіп отырғанын ойласам, көңілім толық жұбаныш табады» [1, 198 б.].

Кейінгі жазғаны аса маңыздағы оқиғаға -Торғай қаласында 1864 жылы 8 қаңтарда мектептің ашылуына-өз басы ұйытқы болғандығына ризалық сезімнен туындағанын аңғару қиын емес. Олай болса, XIX ғасырдың тумасы, қазақ перзенті Ы. Алтынсарин қазақ елін ілгері бастырудың амалы халықты сауаттандыру, оқуға шақыру екенін ұғынып, «Өнер,білім- бәрі де оқуменен табылған» деп жар салғанын, отандастарын «өнер-білім бар жұрттар» қатарына қосуға бар саналы ғұмырын сарп еткенін тағы бір мәрте жаңғыртып көрелік.

Ы.Алтынсарин жақсы білім мен саналы тәрбие өскелең ұрпақ әлеуетін әлдендіретін күш екенін сөзімен де, ісімен де дәлелдеп кетті. Сөзіміз жалаң болмас үшін, тағы да ұлы тұлға хаттарына жүгінейік. Әйгілі «Қазақ хрестоматиясы» жарық көрген 1879 жылдың 25 қарашасында Н.И. Ильминскийге жазған хатында «…Ол мектептерден оқушыларды әр нәрсеге ақыл-оймен қарай білетін етіп шығаруымыз керек» дей отырып, өз ойын былайша түйіндейді: «Айналасындағы халыққа өздерінің тың, адал ақыл-ойларымен әсер ете алатын оқушылар дайындау қажет».

Осы тұста таяуда ғана (2016 жылғы 20 наурызда) өткен сайлау мақсатының Ы.Алтынсарин пікірімен үндестігіне қайран қаласың. Елбасы Н.Назарбаев Қазақстанды да айналып өтпеген қазіргі әлемдік экономикалық дағдарыс жағдайында елдікті шыңдай түсуге жаңаша серпін беріп, тың ойларымен қиыншылықтан шығуға ғана емес, даму мен өсімге барынша ықпал ететін адамдардың халық қалаулылары қатарына келуін көздеді.

Ы.Алтынсарин іс-әрекетінің қазіргі заман тынысымен үндестігіне тағы да мысал келтірейік. Өз заманының озық ойлы азаматы ретінде ұлы ағартушы туған халқына дұрыс бағыт-бағдар беріп отыруды азаматтық парызы санады. Оның «Қазақтарға, осы дарынды, ақыл иесі мол халыққа қазір, кешікпей тұрып рухани және қоғамдық даму жолына түсетін дұрыс бағыт беру аса қажет болып тұр» деуі-осының бір дәлелі.

Сол дәуірде казақтарды өрге жетелеудің бір жолы орыс тілін білу, өзге халықтардың озық тәжірибесін үйрену екенін Ы. Алтынсарин де, А. Құнанбаев та терең ұғынды. Бұл мәселеге көрнекті педагог әлденеше рет оралып, солардың бірінде былай дейді: «Қазақ халқы орыс тілін білудің, орысша сауатты болудың керектігін айқын түсініп отыр». Ал, бүгінгі жаһандану дәуірінде дамыған елдермен тереземіз тең, бәсекеге қабілетті болуымыз үшін, өзге де жасап жатқан қарекеттерімізбен қатар, халықаралық тіл-ағылшын тілін- меңгеру қажеттігі туындады. Сөйтіп, Мәңгілік Ел болуға бетбұрыс жасаған Ұлы Дала жерінде үштұғырлы тіл саясатын жүзеге асыру жоспарлы түрде, нақты қолға алынғаны қазақстандықтарға аян болып отыр. Бұл-2050 жылға қарай әлемнің барынша дамыған 30 елінің қатарына кірудің бұлтартпас бір амалы. «Заманына қарай-амалы» деген — осы. Тілді меңгеру-білімді меңгеру. Білімді мыңды жығатынын ескерсек, адам капиталының сапасы білім деңгейімен, жасампаз еңбегімен өлшенетінін қаперде ұстаған жөн.

Осыған орай мемлекет басшысы Н.Назарбаев «Интеллектуалды ұлт-2020» жобасын жария етті. Оның негізгі мақсатын Елбасының «Бізге ұлттық интеллектінің діңін құру қажет, бізге

халықаралық деңгейде бәсекеге түсе алатын эрудициялы адамдар керек» деген сөзі айқындап тұр. Сондай-ақ академик Н. Нәдіровтің мына бір сөзі көпшілікке ой салғанын қалайсың: «Адам капиталы-негізгі байлық. Адам капиталы болмаса, ел дамымайды. Өйткені ғылыми прогресті, тілді, ғылымды дамытатын-адам баласы. Мұнайы да, түсті металы да жоқ Жапония адам капиталының арқасында дамыған елдер қатарында. Немесе даласы құм, табиғи байлығы да аз Израильде сүттен 40-тан астам өнім түрлері жасалады, ауылшаруашылығының ең жоғарғы технологиялары қолданылады» [3, 10-б.].

«Бүкіләлемдік экономикалық форум аясында әзірленетін «Тһе Ниman Capital Rerort», яғни «Адам капиталының есебі» деп аталатын бүкіләлемдік рейтинг жүйесі бар. Сарапшылардың айтуынша, ХХІ ғасырда елдің дамуы мен оның экономикалық көрсеткішінің негізгі факторы адам капиталы екеніне тағы да көз жеткізе түсті» [4, 9-б.].

Демек, Қазақстанның бүгінгі таңда білім мен ғылымға, өндіріске басымдық беруі еліміздегі адам капиталының сапалық деңгейін арттыру мақсатынан туындап отыр. Бұл орайда озық елдер өнегесін айтпасқа болмас. Профессор А. Күрішбаевтің келтірген деректерінен бір үзік: «АҚШ университеттерін адами капиталдың даму орталығы деуге болады. Бұл университеттер — «ми орталығы», экономиканың генераторы. Мысалы, адамзат шығарған ең ғажайып 10 жаңалықтың 8-і осы Американың зерттеу университеттерінде жасалған. Олар: микропроцессор, лазер, ұялы телефон, электронды пошта және т.б.» [2, 7-б.].

Адам капиталына жіті көңіл бөлудің маңыздылығын Ұлт Жоспарының 76-шы қадамындағы «ЭЫДҰ елдері стандарттарының негізінде адам капиталының сапасын көтеру, 12 жылдық білім беруді кезең-кезеңімен енгізу, функциялық сауаттылықты дамыту үшін мектептегі оқыту стандартын жаңарту» деген сөздерден аңғару қиын емес. Яғни адам капиталы сапасын арттыру арқылы индустриялық-инновациялық мемлекет құруға қол жеткізу – негізгі мақсаттардың бірі.

Ұлы ағартушы-педагог Ы.Алтынсарин өз заманында қараңғылық, кедейшілік шырмауындағы Қазақ елін «өнер-білім бар жұрттар» қатарына қосуға ұмтылса, Елбасы Н. Назарбаев алдағы желтоқсанда Тәуелсіздіктің 25 жылдығын тойлағалы отырған Ұлы Дала елін әлемдегі 30 озық елдің қатарына қосуға бар күш-жігерін жұмсауда және осы бір ұлы мақсатқа барлық қазақстандықтарды жұмылдыруда.

Ы. Алтынсарин туған елге пайдалы болу ниетінен өмір бойы айныған емес. 1884 жылғы 14 қыркүйекте жазған хатында: «Ал енді құдай басыма не салса да, мен күшімнің жеткенінше туған еліме пайдалы адам болайын деген негізгі ойымнан, талабымнан еш уақытта да қайтпаймын» деп, ағынан жарылады. Ал өмірден өтерінен бір жыл бұрын, яғни 1988 жылы В.В. Катаринскийге жолдаған хатында: «қазақ халқының ақыл-ойы мен экономикасының дами беруіне көмектесе алатын адамдар қажет» деуі ұлы тұлға жүрегінің тек «елім, жерім» деп соққанын айғақтайды.

Өз заманының нағыз патриоты бола білген Ы.Алтынсарин өнегесінен нәр алуға тәрбиелеу — қазіргі заман педагогтері қызметінің ажырамас бір бөлшегіне айналса, бұл — Ұлы Дала еліндегі адам капиталы сапасын арттыруға ықпалын тигізері хақ. Солай болған күнде сапалы кәсіптік біліммен қаруланған жастарымыздың бойында елдігімізді нығайтуға деген құлшыныс өсіп, ортақ Отанымыздың «100 нақты қадам» — Ұлт Жоспарын жүзеге асыратын адами капиталымызға артылатын сеніміміз арта түсер еді.

Иә, «Қазақстан — 2050» Стратегиясын жүзеге асырудың басты факторы мұнай мен басқа да шикізат ресурстары емес, адам капиталы екені дәлелденді. Осыған орай, соңғы жылдары «Интеллектуалды ұлт-2020» жобасын іске асырудың біршама игі қадамдары жасалды. Атап айтар болсақ, еліміз бойынша 20 Назарбаев зияткерлік мектебі білім-білігімен ерекшеленген балаларды оқытуға кірісті. Сондай-ақ ел болашағының мықты тірегі болмақ жоғары білікті кәсіби мамандар даярлайтын әлемдік деңгейдегі ЖОО-Назарбаев Университет – Қазақстанның ұлттық брендіне айналды. «Болашақ» стипендиясы бойынша әлемнің үздік ЖОО – ларында білім алған және оқып жүрген жастарымызға артылар үміт зор.

Елбасы Н. Назарбаев қашанда жастарға сенім артып, оларға әрдайым сөз арнап келеді. Мәселен, мемлекет басшысының жастарға қарата айтқан: «Білімді, еңбекқор, бастамашыл, белсенді болуға қазірден бастап дағдыланыңдар» деген сөздері ел болашағы — өскелең ұрпаққа –

деген үлкен сенімнен туындағаны анық [4, 7-б.]. Ал, жастар бойында аталған дағдылар мектепте, колледжде, жоғары оқу орнында қалыптасады. Бұл тұрғыда білім саласындағы қызметкерлерге үлкен жауапкершілік жүктелері анық.

Пайдаланған әдебиеттер тізімі:

1. Ы. Алтынсарин. Таза бұлақ. Алматы, 1988 ж. 196-бет.

2. Ы. Алтынсарин. Таза бұлақ. 198-бет.

3. А. Күрішбаев. «Егемен Қазақстан» газеті. 10.12.2015 ж.

4. Л. Еділқызы. Адам капиталы – ел дамуы мен оның экономикалық көрсеткішінің негізгі факторы. «Егемен Қазақстан». 04.02.2016 ж. 10-бет.

5. Н.Назарбаев. «Қазақстан жаңа жаһандық нақты ахуалда: өсім, реформалар және даму» Жолдауы. 30.11.2015 ж.

 

Ләззат Ахметбекова

№9 бастауыш метептің мұғалімі

Пиалаш Сүйінкина, Ы.Алтынсарин атындағы РӘГК оқытушысы

Сіз не дейсіз оқырман?

Е-мэйлыңыз жарияланбайды.