Home » Абайтану » «АДАМ БОЛАМ ДЕСЕҢІЗ…»

«АДАМ БОЛАМ ДЕСЕҢІЗ…»

«АДАМ БОЛАМ ДЕСЕҢІЗ…»

Халқымыздың ойшыл ақыны, кемеңгер перзенті Абай Құнанбайұлы шығармашылығын «адам бол» тезисі көктей өтетіні айдай ақиқат. 1902 жылғы «Алланың өзі де рас, сөзі де рас» деген соңғы өсиет өлеңін:

Распенен таласпа мүмин болсаң,

Ойла, айттым, адамдық атын жойма! –

деп түйіндегені соның бір мысалы. Келер ұрпаққа «адамдық атын жойма!» дей отырып, кемеңгер ұстаз тура жолдың, яғни адам атына лайық өмір сүрудің барлық шарттарын шаршамай, талмай ұқтырып, туған халқына баға жетпес адамгершілік ілімін мирас етті. Абай ілімі рухани нәріміздің қайнар көзі әрі адам идеалының айнасы. Поэзиясына да, қара сөз мұрасына да айтар ортақ пайым осы.

Иә, Абайда айтылмаған сөз жоқ. «Ойла, айттым» дейтіні сол. Бізге асыл мұраның қадірін біліп, дұрыс түсініп, онан өмірде пайда алу ғана қалды. Тәрбиесіз білім – тұл. Сондықтан өскелең ұрпаққа дүниеге Абайдың көзімен қарауды үйрету аса маңызды мәселе екені дәлелсіз-ақ айқын аксиома.

Тағы Абай: «Иждихатсыз, михнатсыз, Табылмас ғылым сарасы», — дейді. Әсіресе, жан, рух ілімі оңай шағылатын жаңғақ емес. Даналық танымның мағынасын ашу, мәнін ұғыну көп ізденісті, жақсы білгендікті талап ететіні содан. Абайды тану қиындығын кезінде Ахмет Байтұрсынұлы былайша қадай ескерткен еді: «Сөзі — аз, мағынасы – көп, терең. Бұрын естімеген адамға шапшаң оқып шықсаң, азына түсініп, көбінің мағынасына жете алмай қаласың. Кей сөздерін ойланып, дағдыланған адамдар болмаса, мың қайтара оқыса да түсіне алмайды. Не мағынада айтылғанын біреу баяндап ұқтырғанда ғана біледі».

Қысқа айтқанда, рухани байлықты жас буынның ақ қағаздай санасына шөктіру маңызы терең мәселе. Абай «ақыл, ғылым табылмақтығы жақсы ұстаздан болады», — десе, ағартушы педогог Ыбырай Алтынсарин: «Кел, балалар, оқылық, Оқығанды көңілге ықыласпен тоқылық!», — деуімен оқығанды баланың көңіліне тоқыта білу, ерінбей, жалықпай ұқтыру ұстаз мойнына артатын жүк екенін тиянақтай түседі емес пе.

Міне, осы айтылған себептерден «Адам болам десеңіз…» деген жаңа рубриканы ашып отырмыз. Оның аясында тәрбиеші ұстаздар қауымына көмек болсын деген ниетпен Абайды тануға қатысты материалдарды жүйелі түрде жариялап отырғанды жөн санадық. Ондағы басты мақсат – асыл мұраның адамгершілік тәрбиеге қатысты қыр-сыры мен бүркеулі астарын ғылыми тұрғыдан ашып, талдап баяндауға саяды.   Төменде соның алғашқы қарлығашы — абайтанушы ғалым Асан Омаровтың хакім Абайдың ілім, өсиеттеріне сұрақ-жауап түрінде берген қысқаша түсініктер циклін назарларыңызға ұсынып отырмыз.

 

«Бес асыл іс» және «адамның үш қасиеті»:

 

 

  1. оларды жалғастырған «көпір» идея қайсы?

Ұстазымыз Абай «Ғылым таппай мақтанба, Орын таппай баптанба» деп басталатын өлеңінде алдымен адам болуға кедергі бес жамандық істі «бес дұшпаның, білсеңіз» деп атап өтеді де, онан соң оларға антитеза – бес асыл істі былайша паш етеді:

Талап, еңбек, терең ой,

Қанағат, рақым, ойлап қой –

Бес асыл іс, көнсеңіз.

Абайдың бұл бес істі асыл дейтіні, адамдық айнасы әрі бақытты өмір сүрудің формуласы осы. Бес жамандық іске тосқауыл болатын да осылар.

Тарқата айтсақ, адамның күллі ғұмыры басы, ортасы және соңы дейтін үш кезеңге бөлінеді. Үш кезең делініп отырған адам өмірін жаңағы бес асыл іс тұтас қамтып, сипатын береді. Құдіреттілік осы арада. Бұл пайымға төменіректе қайта ораламыз.

Енді ойшыл айтқан адамның үш феномен қасиетіне келер болсақ, олар: қайрат, ақыл, жүрек. Осы үш қасиетті бірдей ұстаған кісі – кемел (толық) адам, яғни кісінің әулиесі сол, — деп ұқтырады Абай. «Толық адам» идеалы ұстаздың әлденеше пәлсапалық жырларын көктей өтетіні белгілі. Мысалға «Әуелде бір суық мұз – ақыл зерек» өлеңінде ақын:

Ақыл, қайрат, жүректі бірдей ұста,

Сонда толық боласың елден бөлек (1895), —

десе, ал «Малға достың мұңы жоқ, малдан басқа» деп басталатын өлеңі соңында былайша түйін түйеді:

Үш-ақ нәрсе адамның қасиеті:

Ыстық қайрат, нұрлы ақыл, жылы жүрек (1896 ж.).

Осымен, енді «бес асыл іс» пен «үш қасиет» байланысын барлауға ауысайық. Бір қарағанда екі таным арасы алшақ, өзара байланыс бары көрнеу емес. Бірақ, тереңге, ішкі сырға үңілсек, оларға «адам бол!» идеясы ортақ. Демек, бес асыл іс (талап, еңбек, терең ой, қанағат, рақым) және үш қасиет (қайрат, ақыл, жүрек) арасы осы «көпір» идея бойынша ажырамастай өзара кіріге өрілуге тиіс. Қалайша, қайтіп?

Жоғарыда «үш-ақ түрлі өмір бар» (Шәкәрім), яғни адам өмірінің басы, ортасы және соңы бар дедік. «Ғылым таппай мақтанба» өлеңіндегі бес асыл істі осы тұрғыдан талдап, екшеп көрейік. Бастапқы екеуі — талап пен еңбек. Зейін қоя оқысақ, бұл екеудің мәнісі — қарекет қылу. Өмір жолын тапқан адам баласы тынбай талаптанып, мал-дәулет жимақ, ертелі-кеш тер төгіп ұрпақ өсірмек. Осынау тіршілік қам-қарекетінің бәрі-бәрі қайраттан шығады. Сөйтіп, Абай айтқан алғашқы екі асыл істің мән-мағынасы – «ыстық қайрат» қасиеті екеніне көз жеткіземіз.

Жә, үшінші «терең ой» деген асыл іс ше? Ол келесі қасиет – нұрлы ақылмен қайтіп ұштаспақ? Осыған келейік.

Ортаншы өмірде есті кісі алды-артына қаранып, ойға батады, өзінен өзі есеп алуды, өмір тәжірибесін електен өткізуді әдет қылады.. Мәселен, жасы 40-қа енді ілінген Абай: «Қартайдық, қайғы ойладық, ұйқы сергек» десе, осы жастағы Шәкәрім: «Деді бір ой – көзіңді аш!», — деп сыр ашады. Әрине, нәпсіге ерген я сағым қуған, сөйтіп, қайратты жасын қор қылған ойсыз, ессіз адамдар қашанда көп. Олар жайында Абай: «Мал-дәулетті иттікпен табады, иттікпен айырылады», — дейді.

Сөйтіп, жасы жер ортасына жеткен, өмірден мол тәжірибе жинап, сынағын татқан есті кісі адам болып қалуға тырысып, сол үшін естіп, білген жақсы нәрселерді ескеріп, жаман дегеннен суынып, сақтанып, бойын аулақ салуды машық қылуға тиіс. Міне, Абайдың «терең ой» сөзінің түйіні осы.

Сәл тереңірек тарқатайық. Пендесін бір Тәңірім ерекше ақыл иесі қылып жаратқан. Яғни терең ой, сол арқылы жақсы мен жаманды айыру мүмкіндігі тек адамға ғана берілген. Ақылды әр іске жұмсау, пайда алу әр адамның өзіне байланысты. Ақылы сау, ойлы адамға өмірдің мағынасын, оны сүрудің құпиясын танып-білуден қымбат ештеңе жоқ дегенді Абай былайша айтқан:

Мекен берген, халық қылған Ол ләмәкан,

Түп Иесін көксемей бола ма екен?

Және Оған қайтпақсың, оны ойламай,

Өзге мақсат ақылға тола ма екен?

Шәкірті Шәкәрім де: «Ақылмен нанбай иман жоқ, Ойлаудан ақыл тыйған жоқ», — дейді. Сөйтіп, Абай сөзіндегі «терең ой» тіркесінің мәнісі – нұрлы ақыл екеніне пәлсапа биігінен де көз жеткіземіз.

Енді бесеудің соңғы екеуі — қанағат, рақым ұғымдарына ауысайық. Жасы ұлғайған адамда «Құдай бар, ақирет шын» деген сенім артып, беки түседі. Алланың хикметін сезу, хақиқатты тану, екінші түрде, жүректің тазару үрдісі деген осы. Абай: «Жүректің көзі ашылса, Хақтықтың түсер сәулесі», — дейді. Себебі, ашкөз тойымсыздық пен қатігез қараулық – жүрек көзі жабық сорлы адамдар еншісі. «Ыстық», «нұрлы», «жылы» деген теңеулердің оларға қатысы жоқ.

Әр ата-ананың көкейінде: «Балам иманды, рақымды болып жетілсе, еліне елеулі, халқына қалаулы азамат болса!» деген асыл арман бүгіп жатады. Ендеше жақсы білмек керек, қанағат, рақым тек жылы жүректен шығады. Осы екеуі — имандылықтың да айнасы. Мәселен, жүректе иман бар я жоқ дегенге таразы — тек осы қанағат (екінші аты – ынсап) және рақым (мейірім) ғана. Бұдан бөлек, тап осы екеуі Абай «бес дұшпаның, білсеңіз» деп сақтандырған өсек, өтірік, мақтаншақ, еріншек және бекер малшашпаққа қарсы тосқауыл нағыз «антивирус» есепті.

Сөйтіп, жасалған тексеріс Абайдың «бес асыл іс» ұлағатында адамның күллі ғұмырын сидырған терең астар бар деуге мүмкіндік береді.

Егер «адам болам десеңіз» бес асыл іске асық бол және үш қасиетті ұстан! Кемеңгер жас ұрпаққа аманаттаған осы өсиетті мектеп қабырғасынан бала санасына өшпестей шөктіру керек. Неге десеңіз, өмір — теңіз, оны жүзіп өту үшін мейірімді, әділетті бол деген Абай аманаты әр кісіге арқа тірек болып, темірқазық жұлдыздай жарқырап жол көрсетіп тұруы шарт.

Қорыта айтқанда, бес асыл іс (талап, еңбек, терең ой, қанағат, рақым) және үш қасиет (қайрат, ақыл, жүрек) арасында тығыз байланыс барына көз жеткіздік. Абайдың қарастырылған қос ұлағаты адам болып қалу идеясы арқылы бір сағаға құяды және түбі бір таным болып табылады.

 

  • «Алланың сөзі» деп Абай тек Құранды айтқан ба?

 

 Хакім Абай өмірінің соңғы кезеңінде «Тасдиқ» атты (қазіргіше 38-ші қара сөз) теологиялық трактатты аяқтап, онан соң оның мазмұнын қысқаша өлеңмен өріп «Алланың өзі де рас, сөзі де рас» деген тамаша өлеңін қалдырды. Біле білсек, тап осы екеуіндей терең мұра қазақта бұрын-соңды болған емес. Екі туынды түнгі шырақтай күллі рухани әлемге, оның ішінде дін мәселелеріне сәулесін түсіріп тұр. Олар тап қазіргі күннің проблемаларын да айшықтап көрсетіп, нақтылы жауабын береді.

Жаңа аталған әйгілі жырын хакім Абай:

Алланың өзі де рас, сөзі де рас,

Рас сөз ешуақытта жалған болмас.

Көп кітап келді Алладан, оның төрті,

Алланы танытуға сөзі айырмас (1902), —

деп бастайды. Әзірге осы алғашқы шумақты ғана тексермекпіз.

Жұртшылық «Алланың сөзі» деп Абай қасиетті Құранды айтқан деп біледі. Солай қабылдайды. Тіпті діни сауатты азаматтар арасында да осының куәсі болдым. Бұл қате. Шындығында «Алланың сөзі» деп Абай теңіздей терең тарих қойнауынан жеткен күллі қасиетті жазбаларды (әһли кітаптарды) айтқан. Өйткені, өлең өзегі – «үш сүю» идеясы күллі адамзатқа ортақ таным, постулат. Екінші дәлел — данышпан «мұсылманның бәрін» демей, «адамзаттың бәрін сүй» деп қадай айтады емес пе. Демек, сөз болып отырған Абайдың әлем ойының алыбы ретінде жазған туындысы. «Құранды ғана айтқан» деп түсініп, 1,5 мың жылдық тарих кеңістігінде және бір дін аясында шектеліп қалуға қақымыз жоқ. Бұл дана Абай шыққан шыңды танып білуге кедергі жәйт.

Гәп сонда, Абай түпкі хақиқат, өз сөзінше «тасдиқ» негіздерін жеткізуді мақсат тұтқан. Алдыңғы екі жолда «рас» сөзін үш мәрте қолдануы соның айғағы. Жә, рас сөздің, яғни хақиқаттың иесі кім? Әрине, Алла тағала. Аса мейірімді Жаратқан Иеміз Адам Ата мен Хауа Анадан тараған күллі адамзатты назарынан сырт қалдырмай, әлімсақтан пендесін жақсыға ынталандырып, жаманнан сақтандырып отырған. Демек, барлық әһли кітаптар Алланың сөзі. Нақтысында 124 мың пайғамбардың сегізіне 104 кітап түсті делінеді. Абай: «Көп кітап келді Алладан» деуімен осыны айтып отыр. Бірақ көп кітап ішінен «оның төрті Алланы танытуға сөзі айырмас» дейді. Мұны қалай ұғамыз?

Себебі, алдыңғы түсірілген кітаптар ондаған мыңжылдық тарих көшінде уақыт тозаңына көміліп, оларды, әлбетте, жаңалары толықтырып отырған. Сөйтіп, біздің дәуірімізге жоғалмай, өзгермей жеткен төрт кітап мынау: Мұса пайғамбарға «Тәурат» (Библия), Дәуіт пайғамбарға «Забур», Иса пайғамбарға «Інжіл» (Евангелия), Мұхаммед пайғамбарға «Құран».

Баршаға аян, төртеуі де әлемдік діндердің қасиетті кітабы. Бүгінгі таңда адамзаттың басым көпшілігі Алланы осы кітаптар арқылы танып-білуде және солар бойынша қалыптасқан канондарға жүгініп отыр. «Алланы танытуға сөзі айырмас» деген сөздегі астар міне осы.

Қорыта келгенде, киелі жазбалар бірінен бірі артық я кем емес. Бәрі де Алланың сөзі, демек, баршасы да «еш уақытта жалған болмас» (Абай).

Хакім Абайдың дінге қатысты сөзі, ой-пайымдары, әрине, күрделі, алайда олардың не мағынада айтылғанын танып білу — діндегі адасуға тосқауыл қоятын ең қуатты қаруымыз. «Тағат деген не тағат Хақ жолында» (Абай) дегенді біле алмай, екінші түрде айтқанда, тағат пен иманды айыра алмай, шатақ діни ағымдардың жетегіне ерген қазақ жастары аз емес, қазір. Яғни пәле діннің сыртқы қалыбын ішкі мазмұнымен шатастыруда жатыр. Көзіміз күнде көреді, Құран аяттарын үстірт түсіну діни фанатизмге жетелейтін әлемдік фактордың біріне айналып отыр. Сондықтан Абай: «Адамзаттың бәрін сүй бауырым деп» неліктен өсиеттегенін мұқият түсіндіру өзекті мәселе.

Сөз соңы, Абай – әлем ойының алыбы. Осыны бір сәтке де ұмытпай, тілге тиек еткен «Алланың өзі де рас, сөзі де рас» атты шығарманы әлемдік биік деңгейінен түсірмей талдап, өскелең ұрпаққа дұрыс ұқтырсақ ұтарымыз мол болмақ.

Асан Омаров,
абайтанушы ғалым, филос.ғыл. кандидаты

Сіз не дейсіз оқырман?

Е-мэйлыңыз жарияланбайды.