Адами капитал – бүгінгі күннің күн тәртібінде тұрған өзекті мәселе. Биылғы Қарағанды шаһарында өткен тамыз педагогикалық кеңесінде де осы мәселе ой өзегіне айналды.
Білім беру саласындағы оң өзгерістер мен кемшіліктерді сараптап, жарқын болашаққа жүйелі жоспарлар құратын келелі кеңеске облыс әкімі Ерлан Қошанов, Білім және ғылым вице-министрі Бибігүл Асылова, «Назарбаев Зияткерлік мектептері» ДББҰ Басқарма Төрайымы Күләш Шәмшидинова, Қарағанды облысы білім басқармасының басшысы Есенғазы Иманғалиев, сондай-ақ басқарма басшылары, жоғары оқу орындарының өкілдері, ұстаздар, кәсіпкерлер қатысты. Алқалы жиынды Кеншілер мәдениет сарайындағы қалың қауыммен қатар 15 мыңға жуық қарағандылық online форматта тамашалады.
Адами капитал мемлекеттің, қоғам мен экономиканың негізгі тұғыры. Ал осы адами капиталды бірден-бір қалыптастыратын тұлға – ол ұстаз. Мемлекетіміздің төртінші революция жағдайында адам капиталын дамыту — жаңғырудың негізі екенін ескере отырып, жаңартылған білім беру мазмұнына көшу арқылы ұстаздардың кәсіби құзіреттілігін арттыруды мақсат етуі, білім мен ғылымды қоғамның қозғаушы күші ретінде танып, білім беруді экономикалық өсудің жаңа моделінің орталық буынына айналдыруды басты назарда ұстауы да сондықтан. Адами капитал деген түсінікті әркім әрқалай түсінеді. Адам капиталы – адами құндылықтар, асыл қасиеттердің топтасуы. Осы асыл құндылықтарды дарытатын бірден-бір орта ол – отбасы, балабақша мен мектеп. Қазір білімді адамның мәртебесі артқан заман. Елдің өркендеп дамуы да адами капиталмен тікелей байланысты. Салауатты өмір, сапалы білім, қарыштап дамыған ғылым мен техника, білікті кадр, іскерлік, міне, осындай құндылықтарды өн бойына сіңірген адам ғана еңбек нарығында сұранысқа ие. Ал мұндай артықшылықтарды бала бойына көзі ашық, көкірегі ояу ата-аналар мен білімді тәлімгерлердің сіңіретіні анық.
Ұзын-сонар есепке емес, адами капиталды арттырудың алғышарттарын қалыптастыруға негізделген облыс әкімі Ерлан Жақанұлының баяндамасы көпшіліктің қызығушылығын тудырды. Кеңес ашық әңгіме алаңына айналды. Аймақ басшысы білімге жұмсалған қаржы еселеп қайтатынын, ең құнды актив – адами капиталды білімді адамдар ғана тудыратындықтан, білім беру саласына жұмсалатын шығындарды әлеуметтік шығын емес, болашағы зор инвестиция ретінде қарастыру қажеттігін атап өтті. Ал адами капиталды қалыптастыру ұстаздардың басты мақсаты болуы керек деді. Кешегі мен бүгінгіні сәтті сабақтастыра отырып білім беру саласын жаңартылған мазмұнға көшіруді, оқушының жеке тұлғалық болмысын жаңа сатыға көтеруді, мұғалімдердің біліктілігін арттыруды алға тартты. Себебі, білікті маман қай кезде де сұранысқа ие. Жергілікті билік пен ұстаздар арасында ешқандай бөгет болмауы керектігін де ашып айтты. Білім басқармасына, қала және аудан әкімдеріне кадр мәселесін мамандарды қызметтік баспанамен қамтамасыз ету арқылы шешу жолдарын ұсынды.
Облыстық білім басқармасы басшысы Есенғазы Нұртөлеуұлы өз баяндамасында алдағы оқу жылынан бастап оқушылардың физика, химия, биология, астрономияға қызығушылығын арттыру мақсатымен халықаралық білім беру жобасы жүзеге асатынын, сондай-ақ балаларға арналған тегін IT-сыныптар саны артатынын баян етті. Бұл өз кезегінде төртінші өнеркәсіптік революция жағдайында цифрлық технологияларды тиімді пайдалануға оң ықпал етеді. Облыста инклюзивті білім беру жүйесі жылдан-жылға жақсарып келе жатқанын, бірақ шешімін таппай тұрған түйткілді тұстардың да баршылық екенін ашып айтты. Осы тұста өңір басшысы өмірлік қиын жағдайға тап болған балаларға алдағы уақытта толыққанды білім алуға бар жағдай жасалынады деп, Білім және ғылым вице-министрі Бибігүл Асыловаға заңнамаға өзгерістер енгізілсе деген өтініш білдірді.
Кеңесте кәсіптік бағдар беру мәселесі кеңінен талқыланды. Білім басқармасының басшысы колледждегі оқыту үрдісіндегі жаңашылдықтарға тоқталды. Биыл мектептерде кәсіптік бағдар беру және оқытудың бірыңғай жүйесін енгізу жобасы жүзеге асырылмақ. Аталған жоба екі ойлы болып жүрген оқушы мен ата-ананың оң шешім қабылдауына септігін тигізетіні анық. Аймақ басшысы бұл орайда жоғары оқу орнын бітіру баршаға міндет емес, осы түсінікті қалыптастыра отырып, еңбек адамына деген құрметті арттыру керек деп, бүгінгі еңбек нарығында адамның қабілет-қарымы, іскерлігі жоғары бағаланатынын бір ғана мысалмен дәлелдеп берді. Әкім жоғары білімі болмаса да таудай талабы мен еңбек етуге деген құштарлығының арқасында жетістікке жетіп, «100 жаңа есімге» енген қарағандылық жас кәсіпкер Арман Тоқсанбаевты көпке үлгі-өнеге етіп, өзіне штаттан тыс кеңесші ғып тағайындады.
Жаңа технологиялар үстемдік құрған қазіргі заманда жастардың өмірден өз орнын таба алуы бала кезден алған тәлім-тәрбиемен тікелей байланысты. Осы орайда облыс басшысы мектептерде ақын-жазушылармен, спорт саңлақтарымен, өнер адамдарымен, кәсіпкерлермен, тағы да басқа жаны жайсаң жандармен кездесу ұйымдастырып тұрудың жас ұрпаққа ауадай қажеттігін, сонымен қатар саналы ұрпақ тәрбиелеуде кітапхананың да орны зор екендігін қадап айтты. Ғаламторға шырмалған өрендердің кітап, газет-журнал оқуға құлшынысын арттыру үшін кітапханаларды оңтайлы өзгерістер енгізілген жаңаша үлгіде жабдықтау мәселесі күн тәртібіне енгізілді. Медиация – мектепішілік татуласу қызметі дау-жанжалды тиімді шешу жолдарын қарастыруы керек деді.
Дәстүрлі кеңес әдеттегідей кешегі күнді сараптап, ертеңгінің мақсат-міндеттерін айқындады. Жиын соңына таман облыс әкімі биылғы оқу жылында ұстаздық қызметке алғаш қадам басып отырған әр өңірден келген жас маманға ноутбук, ал Бектау ата шатқалындағы «Факел» балалар сауықтыру лагеріне екі көлікті сыйға тартты. Ұстаздық қызметімен дараланған облысымыздың бетке ұстар ұлағатты ұстаздары құрмет грамоталарымен, алғыс хаттармен және арнайы төсбелгілермен марапатталды. Қарағанды облысы білім беру қызметкерлерінің тамыз педагогикалық кеңесі осылай салтанатты жағдайда өз мәресіне жетті.
Гүлнәр Шөменова,
Қарағанды