«Тәрбие басы тал бесік» деп бабаларымыз тауып айтқан болса, заманымыздың заңғар жазушысы Мұхтар Әуезов, «Ел болам десең бесігіңді түзе», — деп емірене айтыпты.
Адамзат тарихында адамгершiлiкке байланысты пайда болған категорияларға мыналар жатады: жомарттық, батырлық, ерлiк, әдiлдiк, қарапайымдылық, кiшiпейiлдiлiк, адалдық, шыншылдық, ұяттылық, ар мен намыс, тағы басқалары.
Адамгершiлiктi, оның жоғарыда айтылған категорияларын қалыптастыру үшiн жүргiзiлетiн қатынастар аз емес, өте көп. Олар: дос- жарандармен, ата-анамен, оқушы мен ұстаздың арасында қарым-қатынас орнату, өзара сыйласу, қонақжайлылық, жолдастық, достық, туыстық қарым- қатынастар.
Адамның адамгершiлiгi — оның жоғары қасиетi, былайша айтсақ, кiсiлiгi. Оның негiзгi белгiлерiнiң бiрi – адамдық, ар-намысты ардақтау, әр уақытта жақсылық жасауға ұмтылу, соған дайын болу, «Өзiң үшiн еңбек қылсаң, — дейдi Абай, — өзi үшiн оттаған хайуанның бiрi боласың». «Досыңа достық — қарыз iс, дұшпаныңа әдiл бол”. Ақылды, мейiрiмдi адам кез-келген уақытта өзгенiң жақсылығын бағалағыш болып келедi. Арлы адам — ардақты. Адамгершiлiгi мол адам — басқаларға қашан да үлгi-өнеге.
Адамгершілік – адам бойындағы гуманистік құндылық, әдеп ұғымы, адамның рухани байлығы, болашақ ұрпақты ізгілік бесігіне бөлейтін руханиет дәуіріне жаңа қадам болып табылады. Адамгершілік тәрбиенің нәтижесі адамдық тәрбие болып табылады. Ол тұлғаның қоғамдық бағалы қасиеттерімен сапалары, қарым-қатынастарында қалыптасады. Адамгершілік қоғамдық сананың ең басты белгілерінің бірі болғандықтан, адамдардың мінез-құлқы, іс-әрекеті, қарым-қатынасы, көзқарасымен сипатталады. Олар адамды құрметтеу, оған сену, әдептілік, кішіпейілдік, қайырымдылық, жанашарлық, ізеттілік, инабаттылық, қарапайымдылық т. б. Адамгершілік — ең жоғары құндылық деп қарайтын жеке адамның қасиеті, адамгершілік және психологиялық қасиеттерінің жиынтығы.
Адамгершілік – ең жоғарғы құндылық. Халқымыздың тұңғыш ағартушысы – Ы.Алтынсарин «Адамгершілікке тәрбиелеу құралы – еңбек пен ата – ана үлгісі», деп мағыналы айтқан. Түбегейлі өзгерістерге бет бұрған жаңа қоғамда тек білімді болу жеткіліксіз, сондықтан әрбір жеке тұлғаның бойында адамгершілік, ізгілік, кішіпейілділік, қайырымдылық, батырлық, парасаттылық, Отансүйгіштік т.б. қасиеттер болуы керек.
Рух – таза және пәк әлемнің тамшысы. Бүгінгі еліміздің ертеңі – жас ұрпақ рухани кемелдену дәрежесіне жету үшін, ұлттық тәрбиенің де алар орны ерекше. Жеке тұлғаны қалыптастыруда, олардың жан дүниесіне сезіммен қарап, әрбір іс-әрекетіне мақсат қоюға, жоспарлауға, өзіне-өзі талап қоя білуге тәрбиелеу – адамгершілік тәрбиесінің басты мақсаты. Мектепке дейінгі білім беру саласының мақсаты — балалардың рухани-адамгершілік қасиетін қалыптастыру. Рухани-адамгершілік тұрғыдан білім беру жобасының авторы — Сара Алпысқызы Назарбаева — мектеп жасына дейінгі баланың рухани адамгершілік тәрбиесінің алғашқы негіздерін алуға әрекет етеді.
Жаңа кезеңдегі білім берудің өзекті мәселесі жас ұрпаққа – адамгершілік-рухани тәрбие беру. Құнды қасиеттерге ие болу, рухани бай адамды қалыптастыру оның туған кезінен басталуы керек. Халықта «Ағаш түзу өсу үшін оған көшет кезінде көмектесуге болады, ал үлкен ағаш болғанда оны түзете алмайсың» деп бекер айтылмаған. Сондықтан баланың бойына жастайынан ізгілік, мейірімділік, қайырымдылық, яғни адамгершілік құнды қасиеттерді сіңіріп, өз-өзіне сенімділікті тәрбиелеуде отбасы мен педагогтар шешуші рөл атқарады. Рухани-адамгершілік тәрбие — екі жақты процесс. Бір жағынан ол үлкендердің, ата-аналардың, педагогтардың балаларға белсенді ықпалын, екінші жағынан — тәрбиеленушілердің белсенділігін қамтитын қылықтарынан, сезімдері мен қарым-қатынастарынан көрінеді.
Адамгершілік тақырыбы — мәңгілік. Жас ұрпақтың бойына адамгершілік қасиеттерді сіңіру – ата-ана мен ұстаздардың басты міндеті. Адамгершілік әр адамға тән асыл қасиеттер. Адамгершіліктің қайнар бұлағы — халқында, отбасында, олардың өнерлерінде, әдет-ғұрпында. Әр адам адамгершілікті күнделікті тұрмыс-тіршілігінен, өзін қоршаған табиғаттан бойына сіңіреді.
Көрнекті педагог В. Сухомлинский «Егер балаға қуаныш пен бақыт бере білсек, ол бала солай бола алады», — дейді. Демек, шәкіртке жан-жақты терең білім беріп, оның жүрегіне адамгершіліктің асыл қасиеттерін үздіксіз ұялата білсек, ертеңгі азамат жеке тұлғаның өзіндік көзқарасының қалыптасуына, айналасымен санасуына ықпал етері сөзсіз.
Петропавл қаласы
«Ақ бота» бөбекжай-бақшасының
тәрбиешісі Уксикбаева Р.А.