Home » Мақалалар » Абильдина Айгүл Қабдрахманқызы

Абильдина Айгүл Қабдрахманқызы

Абильдина Айгүл Қабдрахманқызы,
Астана қаласы әкімдігі
№78 мектеп-гимназиясының
информатика пәні мұғалімі

 

 

 

 

Білім берудегі үш тіліділікті қолдану ресурстары

Қазақстан әлемде жоғары білімді, халқы үш тілді де: қазақ тілін – мемлекеттік тіл ретінде, орыс тілін – ұлтаралық қатынас тілі ретінде және ағылшын тілін – жаһандық экономикаға нәтижелі өтудің көмекші тілі ретінде еркін меңгерген ел болып танылуы керек.
(Н.Ә. Назарбаев: «Жаңа әлемдегі жаңа Қазақстан»)
Мен, Абильдина Айгүл Қабдрахманқызы өткен ғасырдың 70 жылы Қазақстанның нағыз қазақи жері болып саналатын атақты тіл атасы – Ахмет Байтұрсынов пен Мыржақып Дулатовтың туған топырағы, Торғай жерінде дүниеге келдім. Анамның ақ сүтімен және отбасымыздағы үлкен екі әжемнің арқасында құдретті қазақ тілінде тілім шығып, мектепке дейін орыс тілі туралы түсінігім болған емес. Мектеп есігін ашқаннан сол кездің Білім беру стандартына сәйкес орыс тілімен танысып, біліп, осы күні мен өзімнің осы тілді 80 пайыз меңгердім, қолдана аламын деп ой түйемін.
Мектептегі орта буында 4 сыныптан бастап, неміс тілін мектепте оқытылатын шет тілі ретінде аптасына 2 сағаттан мектеп бітіргенше оқыдым. Жоғарғы оқу орнында білім алып жүрген кезімде 2 жыл тағы да жалғастырдым. Осы күндері сол алған білімімді қолданып, неміс тілінде оқи аламын, түсінемін, сөздікті пайдаланып, мәтіндерді аудара аламын.
Қазақстан Республикасының Президенті Н.Ә.Назарбаев Қазақстандағы тілдердің үш тұғырлығы туралы ойды алғаш рет 2006 жылы Қазақстан халқының Ассемблеясында айтқан. 2007 жылғы «Жаңа әлемдегі жаңа Қазақстан» жолдауында Елбасы «Тілдердің үштұғырлығы» — «Триединство языков» мәдени жобасын кезендеп іске асыруды ұсынды. Қазақстан бүкіл әлемге халқы үш тілді пайдаланатын мәдениетті ел ретінде танылуға тиіс. Бұлар — қазақ тілі — мемлекеттік тіл, орыс тілі — ұлтаралық қатынас тілі және ағылшын тілі — жаһандық экономикаға ойдағыдай кіру тілі” деген салиқалы үндеуінен бастау алған болатын.
Білім және ғылым министрі Ерлан Сағадиев: 2019 жылға дейін мектептердегі жоғары сыныптардың техникалық мамандықтар пәнін (химия, физика, биология, информатика) ағылшын тілінде өткізе отырып, оқушының әлемдік оқудағы үдерістерге ықпалдасуына жағдай жасайтынын тілге тиек еткен болатын. Сонымен қатар орыс мектептеріндегі «Қазақстан тарихы» пәні қазақ тілінде және де қазақ мектептеріндегі «Дүниежүзі тарихы» пәнінің орыс тілінде жүргізілетінін де айтып өтті. Осылайша еліміздің білім алушы әр перзенті үш тілді еркін меңгеруге тиіс. «Бұндай ықпалдасу оқушы үшін міндетті. Осылайша, ол жоғары оқу орындарында да ағылшын тілінде оқытылатын техникалық пәндерге бейімделе бастайды».
Еліміздегі Білім беру саласындағы үш тілділікті меңгертуге байланысты жасалынған шаралардың бірі мектеп ұстаздарының білімдерін жетілдіру, ағылшын тілін үйрету мақсатында ұйымдастырылған курсқа 47 жасымда қатысып, екі жарым ай білім алдым. Көп нәрсені үйрендім, тәжірибе жинақтадым. Осы жерде алған білімім мен алған әсерлерімді, түйген ойымды жеткізейін. Мектеп пен жоғарғы оқу орнында неміс тілін оқыған маған ағылшын тілін меңгеру оңай болған жоқ. Ағылшынша сөйлем оқыған кезде тілдің дауысталуы неміс тіліндегідей айтылып кете берді.
Мен курста Бриджит Гудманның «Үш тіл — білім берудегі ресурс» тақырыбындағы дәрісін тыңдадым. Бриджит Гудман, Назарбаев Университеті Жоғары білім беру мектебінің көптілді білім беру саласы бойынша доценті. Шетелдік ұстаздың өткізген видео — дәрісі әсерлі өтті. Бриджит Гудман, сабақты сергіту сәтінен бастады, ол:
• What you know? — Сен не білесің?
• What you want to know? — Сен нені білгің келеді?
• What you’ve learnt? — Сен нені оқыдың? – деген сұрақтар берді.
Топтық тапсырмалар берген кезде студенттердің тек ағылшын тілінде ғана емес, сондай-ақ орыс және қазақ тілдерінде де сөйлеуіне мүмкіндік берілді. Бұл дәрістің мақсаты – тілдерді үйрену, тіл саясатын жоспарлау және оны қолдану саласындағы зерттеулерге, сондай-ақ жеке өзі Украинада, ағылшын тілі оқыту тілі және академиялық контент ретінде пайдаланылған ортада өткізілген зерттеуге сәйкес бұған неліктен рұқсат берілетінін білу болды. Сонымен қатар, ол CLIL түсінігін зерттеумен және ана тілді (біздің жағдайымызда – қазақ немесе орыс тілдерін қолдану, бәлкім өзбек, ұйғыр және қандай да бір басқа тілді) қолданумен байланысты бірнеше теорияны қарастырды. Тілдік жоспарлаудағы бағдарды үш негізгі бөлікке бөліп, жеке-жеке тоқталып өтті. Тілдік жоспарлаудағы бағдарлар (Руиз, 1984):
• І бағдар: Тіл проблема ретінде;
• ІІ бағдар: Тіл құқық ретінде;
• ІІІ бағдар: Тіл ресурс ретінде.
Курсты аяқтай отырып, өзіме ерекше әсер қалдырған ұйымдастырушы тренер Дина Серикбаеваға алғыс айтқым келеді. Курстың басталуынан бастап шебер ұйымдастыруының арқасында курс тыңдаушыларын өзіне тартып, беру керек қажетті мәліметтерді толық жеткізе білді. Топты бір арнаға жұмылдырып, ұжымдық тату ахуал қалыптастырды. Жас та болса осындай жұмыс жасай білген маманға топтың әрбір мүшесі риза болды.
Негізгі мақсатымыз өзіміздің мамандығымызға сәйкес, ағылшын тілін үйрену және жетілдіру болатын. Сабақтар, тапсырмалар, сынақтар, барлығы да оңай болған жоқ. Түстен кейінгі сабақтарда бейнебаяндар көрсетілді. Оқу инемен құдық қазғандай демекші, орта жасқа келген шағымда шамам келгенінше білімді меңгердім. Тіл білу – байлық. Әсіресе, өркениетті еліміздің дамуына үлес қосқым келеді.
Үштұғырлы тіл өмірдің қажеттілігі. Бұл бүгінгі елдің тыныс-тіршілігін айқындап, болашақта жалпыға ортақ қалыпты норма болып саналады. Үш тілді қатар меңгеру бәсекеге қабілетті ел азаматының міндеті.
Бұл бәсекеге қабілеттілікке ұмтылудың ең алғашқы сатысы болып саналады.
Мен алдағы уақытта жинақтаған тәжірибемді, осы курста алған білімімді өз пәніме, яғни информатика пәнінің терминдеріне жүйелі тізім жасап, әр сабағыма дидактикалық материалдар, тесттер, карточкаларға ағылшын тілін кіріктіру арқылы білім беріп, басқа да пән мұғалімдерімен тәжірибе алмасып, еліміздің өркендеуі үшін білім жүйесінде еңбек етемін!

Сіз не дейсіз оқырман?

Е-мэйлыңыз жарияланбайды.