Home » Абай өлеңдерінің текстологиясы » Абай өлеңдеріндегі текстологиялық өзгерістер

Абай өлеңдеріндегі текстологиялық өзгерістер

«Абай лебі, Абай үні, Абай тынысы- заман тынысы, халық үні. Бүгін ол үн біздің де үнге қосылып, жаңғырып, жаңа өріс алып тұр».
Мұхтар Әуезов.

 

Абай шығармаларын жинау, оны бастыруда текстін зерттеудің, ғылыми тұрғыдан анықтаудың мәні үлкен болды. Олай болатын себебі, Абайдың өз қолымен жазылған шығармасы жоққа тән. Тек, «Біраз сөз қазақтың түбі қайдан шыққаны туралы» деген шығармасының қолжазбасы ғана Абайдың өз қолымен жазылған деген болжам айтылып жүр. Осыдан басқа шығармаларының қолжазбасы түгелдей өзге адамдардың қолымен жазылған, және әртүрлі қолжазбаларда, 1909 жылғы жинақта және кейбір одан кейінгі жинақтарда бірталай сөздер әрқалай оқылады. Мысалы Мүрсейіттің бірнеше қолжазбасында да бір өлеңдегі кейбір сөздер бірде былай, бірде олай жазылған. Оның үстіне алғашқы 1909 жылғы жинақта жоқ, кейінгі басылымдарда енгізілген шығармаларда бар қолжазбаларды, бұрынғы жинақтарды салыстырып, зерттеу негізінде кейінгі басылымдарда кейбір сөздер әлі күнге дейін түзетіліп беріліп келеді.

Әр жинақта бір сөздің әртүрлі нұсқасы болуы кейде оқырманның пікір таласын туғызатыны «мынасы дұрыс емес, бұрынғы жинақтағы нұсқасы дұрыс» деуге мүмкіндік беретіні де түсінікті. Абай шығармасы деп саналып, газет-журналдарда жарияланған ғылыми жинақтарға кірмеген бірлі-жарым өлеңдері де жоқ емес.

Түгелдей алғанда Абай шығармаларын текстологиялық зерттеуде айтарлықтай табысқа қол жеткенмен академиялық толық жинақтардағы шығармалардың текстері дәйекті түрде анықталды дей алмаймыз. Нақтылап айитсақ, қолжазбалардың ең негізгісі 1905, 1907, 1910 жылғы Мүрсейіт Бікеұлының жазбалары. Абай шығармаларының басым көпшілігі Мүрсейіт қолжазбалары арқылы жеткенің ескерсек, 1909 жылғы Санкт-Петербургте жарық көрген тұңғыш жинақтың мәні зор. Алайда бұл жинақта да салыстыра тексеру, текстологиялық зерттеу негізінде қате басылған сөздер анықталды.

Мұхтар Әуезов «Абай (Ибраһим) Құнанбаев» атты монографиясында былай дейді.

«Қазаннан, әскери қызметтен қашып келіп, Абайға туысқан-дос болып кеткентатар молдалары: Ғабитхан, Кішкене молла (Мұхамметкәрім), Махмұт (Кішкене молланың баласы) және қазақтан шыққан: Мүрсейіт, Самарбай, Ыбырай, Хасен, Дайырбай сыйақты бала оқытушылар Абайдың өлеңдерін көп көшіріп, таратып   отырды. Ғабитхан, Кішкен молла сыйақты жасы үлкендері Абай өлеңдерін ертеректен жинастырып, көшіріп жүрсе, кейінгі Мүрсейіт бастаған көпшілік Абай шығармаларының жинақтарын сол жаңағы 1896 жылдан бері қарай көшіретін болады» — деп жазады. Сондай-ақ, Абай мұраларын көшіріп, таратушылар арасында «Мүрсейіт еңбегін айрықша атап өту керек. Кәзір Абайдың басылып жүрген таңдамалы өлеңдер жинағының барлығында да біздің асыл нұсқа есебінде сүйенетініміз – сол Мүрсейіттің көшірмелері».

Абайдың өз қолымен жазылған нұсқалар сақталмағандықтан «асыл нұсқадан тікелей көшіру көшіру» жайында жорамал түрінде ғана айтуға болады.

Ал, Мүрсейіттің Абай шығармаларының алғашқы жинағын да йындауға қатысы жайында Әрхам Кәкітайқлы Ысқақов әкесі Кәкітай туралы жазған естелігінде былай деп баяндайды:

«… 1905 жылы жаз басында, Кәкітай Абайдың зор қарызын өтеуге бел байлап, дайындық жасады. Әуелі кең қылып «Абылайша» дейтін қос жасатты. Өз ауылында ескіше бала оқытып жүретін Мүрсейіт Бікі баласы деген молданы босатып алып, «бала оқытқаннан табатын пайдаңды мен беремін» — деп міндеттеп, сол қосқа отырғызып, қағаз, қарындаш, қалам, сия сықылды жазу аспаптарын түгендеп беріп, Абайдың ел аузына тарап, одан әркім жазып алып, сақтап жүрген өлеңдерін, қарасөздерін жинап беріп, өзі ол өлеңдердің не турасында жазылғанын реттеп, бөлім-бөлімге айырып, жазылған жылдарын көрсетіп, Мүрсейітке жазып бітіруге тапсырды» дейді.

Бұған қарағанда Кәкітай, ТұрағұлдарАбайдың елге тарап кеткен шығармаларын жинап, Мүрсейітке көшіртіп, Мүрсейіттің көшірген шығармаларын қайтадан қарап шығып, қате жазылып кеткен Абай сөздерін бар мүмкіндігінше түзетіп, 1909 жылы тұңғыш жинақты әзірлеген. Сөйтіп Мүрсейіт көшіріп жазған Абай шығармалары Кәкітай мен Тұрағұлдың тексеруінен өтіп барып, баспаға берілген.

Абай шығармалары 1909 жылы басылып шыққанға дейін де қазақ даласына көп тараған. Бүл жөнінде Мұхтар Әуезов былай дейді: «Абайды қолжазба күйінде көшіріп алып тарату Тобықты іші мен Семей уезі ғана емес, Қараөткел, Кереку, Қарқаралы, Өскемен, Зайсан, Лепсі, Қапал уездерінің барлығында да көп жайылған өнеге дәстүр есепті болған.

Енді бір атап айтатын қолжазба Кереку өңірінің тумасы – Садуақас Мұсаұлы Шормановтың 1884-1891 жылдар арасында жазған қолжазба жинағы. Бұл қолжазба жинақты алғаш тапқан академик Әлкей Марғұлан былай деген болатын.

«Садуақас осы дәптерін 1897 жылы Петербургқа барған сапарында Петербург университетінің профессоры, қазақ тілін, әдебиетін зерттеуші ғалым П.М.Мелиоранскийге сыйға тартқан. Кәзір бұл дәптер Салтыков-Щедрин атындағы көпшілік кітапханасында, академик А.Н.Самайлович архивында сақтаулы тұр… Садуақастың бұл дәптері – қазақ қолжазбаларының ішіндегі маржандай тізілген көркемінің бірі. Садуақас орыс әдебиетін, Күншығыс халқының әдебиет дүниесін жақсы білетін мәдениетті кісі болғандықтан Абай шығармаларына зор мән беріп, оны өз қолымен мүлткісіз көшіріп, ғылыми кітапханаларға тапсыруы игілікті іс болған».

Ә.Марғұлан. «Абай қолжазбасы». «Қазақ әдебиеті» 16 август, 1963 ж.

Абай өлеңдерінің текстологиясы жөнінде Бернияз Күлеевтің пікірі: «Абай кітабын бастыру маған тапсырылғандықтан, мен жәрдемді шеттегі азаматтардан сұраймын. Тізбегін әдемілеп, емлесін түзету сияқты ұсақ-түйегіне мұқтаж болмасақ та, түсіп қалған жерлерін қосып, қарасөзін Һәм басылмай қалған өлеңдерін тіркеп, тәржіме халін толықтыруға қиналып тұрмыз. …Абай өлеңдерінің бірінші басылғанын оқып көрген кісі баспасының қандай екенін біледі. Көп сөздері қисынсфыз, қате басылған, адам айырмастай жерлері көп. Мұндай сөздердің көбі Ахмет аға Байтұрсынов Һәм Мұхтар Әуезовтың жәрдемімен түзетілді, бірақ әлі де анықталмаған сөздер жоқ емес. Кітаптың өзінде емласын түзету мүмкін болмағандықтан матбағаға жаңадан қолдан жазылып берілді. Жазып бара жатқанда осындай сөздер ұшырып көп әуре қылды. Басқа сөздермен салыстырып, аздап қисынын тауып, дұрыстығына көз жеткенше бір ауыз сөз бір табақты талай тоқтатты. Тіпті анықталмаған, не деуге сыймайтын сөздер әуелгі түрәнде қалдырылып, жақша ішінде басылды. Азырақ қисыны келсе де дұрыстығына көз жетпеген сөздердің соңына (?) белгісі қойылды» деген болатын.

Абайтанудың негізгі ұстанымдарын, шығармаларының текстологиялық қалыптасуын кеңес кезінде ұстазы М.О.Әуезовтың қолдауымен іске асырған Қайым Мұхамедханұлы болды. М.Әуезовтың жетекшілігімен берілген тақырыппен бірге Абай шығармаларының текстологиясын тиянақты зерттеген бірегей әдебиетші 1959 жылы жазған «Абай шығармаларының текстологиясы жайында» зерттеуін тек тәуелсіздік алғаннан кейін жалғастыруға мүмкіндік алды.

Абай мұрасын толықтыруда, кей тұстарын тереңірек танып-білуге сүбелі мәні бар құнды деректер әкелген Қайым Мұхамедхановтың тарапынан 80 жол өлең табылып, 1961 жылы шыққан Абайдың екі томдық жинағына енгізілді. М.Әуезовтен тәлім алып, Қайымдай ғалымдардың алдын көрген даналардың бүгінгі сарқыты Мекемтас Мырзахметов басты мақсаты Абай шығармаларының бүрмаланып берілген тұстары мен сөз арасына енген «бөтен» сөздерді айқындау.

Біз де бұл орайда Мұхтар Әуезовтың:

«Жалпы алғанда көптеген шығармалардағы Абай текстінің дәлдігі қолда бар ауызша, жазбаша нұсқалардың бәрін тұтас алып, текстологиялық талдаулар жасау жолымен анықталмақ» — деген ғылымдық қағидасын бар мүмкіндігімізше берік ұстауға тырыстық. Абайдың шығармалар жинағына енгізілген туындыларын хабар барысында ретімен пайдаланып жазылуы, айтылуы, әр жылдарда түзетіліп, дүрыс оқылуы мен түсінік, мәніне ден қойдық.

Алдағы уақытта Абай өлеңдерін терең тану мақсатында Ұлы ақынның әр өлеңіне жеке тоқталып, өлеңдерінде кездесетін текстологиялық өзгерістеріне жеке тоқталатын боламыз.

 

Абайдың алғашқы жазылған өлеңдерінің бірі: «Кім екен деп келіп ем, түйе қуған»

Кім екен деп келіп ем түйе қуған,

Қатын ғой күлдәрімен белін буған.

Төркініңнің бергені жауыр айғыр,

Бауырыңды… бірге туған.

 

Төрт жол өлеңнің соңғы жолында көп нүктемен белгіленген бір сөз бар. Ол қандай сөз болуы мүмкін? Бұл жерде қандай сөз жазылғаны белгісіз.

Алғаш рет 1933 жылы Қызылордада жарық көрген толық жинаққа енгізілген. Бұл өлең туралы1933, 1939, 1945 жылғы жинақтарда берілген түсініктемеде өлеңнің айтылған уақытын 1855 жыл деп көрсетіп, өлеңнің шығуына себеп болған оқиғаны жеткізуші Тұрағұл Абайұлы мен Мұхтар Әуезов екенін айтады. Өлең ел ішінің бір қариясының аузынан жазып алынған. Ол ақсақал жас жігіт күнінде ауылындағы бір әйелді төркініне ертіп барады. Төркіндері бір жауыр айғыр береді. Жауыр айғырды алып келе жатып, Құнанбай ауылының жолда жатқан түйелерінің арасын аралап өтеді. Оларды көре салып, он жасар бала Абай ауылдан тайға мініп, шауып келіп, әлгілердің аты-жөнін сұрап алып, қайта бұрылып бара жатып, осы өлеңді суырып салып айтқан екен.

(Түсінік берген Тұрағұл Абайұлы. 1933 ж. Қызылорда. «Толық жинақ»)

 

Құрметті оқырман! Алдағы уақытта «Абай өлеңдеріндегі текстологиялық өзгерістер» бойынша Абай өлеңдері, қара сөздерінің дұрыс оқылуы жайлы тарихи негіздерге сүйене отырып тұрақты мақалалар жариялап отыратын боламыз. Аталған тақырыпқа сәйкес Сіздің де алып, қосарыңыз, пікіріңіз болса  «Абайтану» айдары арқылы ой бөлісіуіңізге болады.

 

Алмахан Мұхаметқалиқызы,

Білім айнасы.

Сіз не дейсіз оқырман?

Е-мэйлыңыз жарияланбайды.