Абай заманында фотоға түсіру өнері өмірге енді ғана еніп жатқан болатын. Семей қаласында Каримовтардың, Кузнецовтардың, Белослюдовтардың фотоүйлері жұмыс істеді. Бұлар әртүрлі тапсырмалармен қыр даласына келіп, қажетті мекен-жайларды, айтулы адамдарды, қазақ тұрмыс-салттарын түсіріп алып, өз қажеттеріне жұмсады. Ресейдің ірі қалаларына апарып көрмелер ұйымдастырып, альбом жасап сатты. Абай ауылының адамдары да суретке түсіп, өздеріне жинап, сақтауды әдетке айналдырды. Ауылдан қалаға қатынағанда елге апарар сыйлығы фотосурет болды. Елге барып, фотоға түсірушілерді кезекпен қонақ етіп, фотоға түсіге барынша әуестенген. Заман ағымына қарай байдың тұқымы, молда,т.б. деп қудалау басталған жылдары қолда бар суреттердің барлығы жыртып, өртеп жасырып әуре болған. Тек, кейбір жүректі адамдар ғана Абай, Шәкәрімдердің бір-екілі фотосуреттерін жасырып, сақтап біздің заманымызға зорға жеткізген. Абай ауылындағы фотосуреттердің көптігі сондай 1940 жылы Абай мұражайы ұйымдастырылғанда Кәкітай Ысқақов пен Әрхам Кәкітайұлы Құнанбай, Абай туыстарының 44 фотосуретін екі жылдың ішінде жинап берген. Онда 78 адамның бейнесі болыпты. Амал қанша соның ішінде данышпан ақынның екі фотосуреті ғана сақталған. Бұл суреттердің де сақталу тарихы өте күрделі. Ауыр жағдайды бастан кешірген бұл суреттер қудалауға ұшырап Шымкент еліне жер аударылған Құнанбайдың, Күнтудың, Оразбайдың ұрпақтары өздерімен бірге жасырып, тығып ала кетіп сақтаған. Кейін Алматыда тұрған Мұхтар Әуезовке табыс еткен. Оның өзінде өз есімдерін айтпай белгісіз біреулер бүркеншік атпен өткізуге тура келген. Соның бірі өзіміз куә болып жүрген данышпан ақынның екі суретінің алғашқысы — 1896 жылы Семей қаласында түсірілген Абай, Ақылбай, Мағауия фотосуреттері. Түпнұсқа. Ұзындығы мен ені 8-13 см.Абай мұражайына 1941 жылы 6 ақпанда №40 қабылдау актісі бойынша өткізілген. Фотоны тауып, сақтап мұражайға өткізуші – Мұхтар Әуезов.
Мұражай қорының негізгі бір кітапшасында «Абай с сыновями Акылбаем и Турагулом (подлинник) снято 1896 году в Семипалатинске фотографом Н.Г.Кузнецовым. В дар музею Абай от Мухтар Омархановича Ауезова» деп жазып, қол қойған. Абай екінші рет 1897 жылдың жазында Жидебай жерінде өзінің отбасындағы адамдарымен фотосуретке түседі. Бұл сурет «Абай жанұясымен» деп аталады. Абай өзінің Жидебайдағы үй-ішімен жаз уақытында үйдің ішінде түсірілген. 1-қатарда; Пәкизат — бөрік киіп отырған қыз бала мен Әубәкір. Бұл екеуі Ақыдбайдың балалары. Оспан бұл екеуін бауырына салып өсіріп, өз балам деп кеткен. Ортада отырған – Абай. Екінші қатардағы – Мағауия, Еркежан, Әубәкірдің әйелі Қамалия. Алдыңғы қатарда Турағұл отыр. Өкімет қудалауына ұшырағандықтан кейінгі жылдарға дейін фотодағы бейнесі айтылмай қалыс қалып келді. Тек, соңғы жылдардан бастап қана анық аталып жүр.
Фотосуретті түпнұсқадан 1959 жылы қайта көшіріп, Абай мұражайына өткізген – Мұхтар Әуезов. Түпнұсқасы Алматыдағы М.Әуезов мұражайында сақтаулы. Негізгі қор кітабының 461\542 инвентарға тіркеулі. Көлемі 13-23 см. Ұлы ақынның бұл тарихи екі фотобейнесі ұзақ жылдардан бері мұражай экспозициясына қойылып, көрсетіліп келеді. Абайға байланысты көптеген басылымдарға шығып, танымал болды.
Алмахан Мұхаметқалиқызы,