Home » Абай əлемі » Абай Құнанбаев – халқымыздың соңғы төбе биі

Абай Құнанбаев – халқымыздың соңғы төбе биі

Әбдіжәлел Бәкір,
саяси ғылымдарының докторы,
профессор

Абай — ұлы ақын, ойшыл және аса көрнекті ағартушы ғана емес, ол әйгілі би де болған еді. Бұл туралы алғаш заманымыздың заңғар жазушысы Мұхтар Әуезов жазған болатын. Шынында да, өзінің әділеттілігі мен арының тазалығы жөнінде Тобықты руында бұрын-соңды мұндай әйгілі би, «іші алтын, сырты күміс сөз жақсысын» саралаған «орақ ауызды, от тілді» шешен ретінде ешкім болмағанын көз көргендер де айтқан екен.

Абай билікке 20 жасында араласқан. Ал 30 жасында Тобықты руының бір болысының басқарушысы Абай өткен билердің  үлгілеріне сәйкес талас пен дау істерін шешудің өнері мен амал-тәсілдеріннің зор білгіріне айналады. Оның беделі де,  билігі туралы пікір халық арасында жоғары болды. Абайдың «Аузымен құс тістеген ақпа дәугер, алмас тілді ақын, әділ билік иесі» деп оның көзі тірісінде айтылуы жайдан-жай емес еді[1, 140].Абай билігінің ерекшелігі – оның адамгершілік және моралдық құндылықтарының басым болуында еді. Қоғамдық тәртіп пен  адамдар арасындағы  келісімді  нығайту бағыындағы   билік шешімдері өзгеге үлгі, тәжірибелік  сабақ болды..

Абайдың би болып қалыптасуында  ең бірінші өзі өскен әлеуметтік ортасы  үлкен рөл атқарды. Сонау Ырғызбайдан  өз әкесі Құнанбайға дейін әдемі  жалғасын тауып келген билік дәстүрі туасы аса дарынға әсері мол болды.  Әсіресе, өз әкесі Құнанбайдың рөлінің  ерекше болғанын айта кеткен жөн. Ол Абайды Семейдегі Ахмет-Риза медресесін  бітіртпей ауылға алдыртып ерте өз ісіне баулыды.

Алайда Абай заманында Қазақстандай алып ел өз мемлекеттігінен айрылып, Ресей империясының құрамында отар елдердің бірі ретінде ғана қалып еді. Сол себептен қазақ қоғамы өзіндік даму үдерісінен айрылып, саяси-әлеуметтік институттар бірте-бірте бұрынғы мәнін жоя бастады. Соның бірі қоғамның өзін-өзі басқаруының бір нысаны ретіндегі ХVIII ғасырда шыңырау биігіне жеткен билер институты да әлсіреп, ежелгі құдіретті күшінен айрылған еді. Дегенмен ішкі қоғамдық өмірде, халық арасында ертеден өзінің тамаша дәстүрімен, ашықтығымен, әділдігімен, мәселені тура шешуімен бай тәжірибе жинаған билердің беделі әлі жоғары болатын. Оларға әртүрлі пікір қайшылықтармен, талас-талаптармен жүгінетіндер аз емес тұғын.

Абай қазақ қоғамында әділеттілік пен   тұрақтылықтың симболындай болған, ежелден келе жатқан билер институтының адамгершілікті һәм құқықтық мұрасын барынша игерді. Сонау ХІІІ ғасырда билер атасы атанған Мөнке бидің тәжірибесін, «Қасым ханның қасқа жолын», «Есім ханның ескі жолын», Тәуке хан тұсындағы ұлы билер Төле, Қазыбек, Әйтекелер дайындаған «Жеті жарғыдан» рухани сусындады.Мұның бәрі Абайды би ретінде ерте танылуына ықпал етті.

Әрине, би болу үшін әдет-ғұрып нормаларын терең білу жеткіліксіз еді. Айрықша ойлау жүйесі мен күшті логика, шешендік пен көсемдік, әдет-ғұрып ережелерін терең білу, осыларға сәйкес тиісті билік шешімдер жасай алу — мұның барлығы Абайдың би қызметін  толық атқара алатынына кепілдік берген болатын. Сондықтан да «Абайға жүгіне барсақ, билігіне құлдық» деген қанатты сөздің пайда болуы жайдан-жай емес еді. Нағыз қазақ айта беретін «Тура биде туған жоқ, туғанды биде иман жоқ» деген сөз де талай шындыққа айналды. Осындай Абайдың қазақ қоғамындағы  құқықтық  және соттық санада  үлкен реформаторлық  қызметінің шыңы  өзі бас болып дайындаған «Билер  ережесі» еді [2, 61-84]. Мұның өзіндік тарихы барболатын.

Бұл Абайдың 40-қа толған, ақындық салада аяқ алысы енді басталғанымен, ақыл-парасат және болыс-билігімен кемеліне келіп, Семей өңіріне еркін танылған кез тұғын. Алайда қашаннанқазақ қоғамында қалмай еріп келе жатқан аса бір сүйкімсіз қасиет – жолы болғанның шалғайынан кейін тарту, аттының шылбырынан ұстау, жақсының жағасына жармасу. Мұның бірнеше әлеуметтік себептері бар. Біріншіден, асылды кім болса, сол тани бермейді. Ол үшін өзің асыл болуың керек. Екіншіден, бақталастық, біреудің болғанын көре алмау. Үшіншіден, рушылдық сананың деңгейінде қалып, тәуірді тек туыстан іздеу. Осындай қасиеттердің қазір де қатарымыздан қалмай алға жылжуымызға елеулі кесір болып келе жатқаны өкінішті.

1885 жылы Семей қаласына қарайтын Зайсан, Өскемен, Кереку(Павлодар) және Семей ояздарының қаладан 70 шақырым Шар өзенінің бойында Қарамола деген жерде төрт ояз басқосып, ақы және ел арасындағы басқа да даулардышешетін төтенше съезі өтетін болып жатты. Бір ай бұрын жоғарыдағы төрт ояз елге хабар жіберіліп, болыс басына бір би сайлап алып келуге бұйрық берілген болатын.

Съез өтер кез жақындағанда Зайсан мен Өскеменнің отыз-қырық билері  Семей оязына қарайтын керей, матай, уақ руларына билігі жүріп тұрған Ақметкерей Рақыш Төлей баласының үйіне жиналады. Олартөрт болыс тобықтыны, оның басшысы Абайды төмендетіп, съезге кіргізбеуге уәделеседі. Мұнымен шектеліп қалмай, Кереку оязының билеріне кісі жіберіп осы мәселеде бірігуге шақырады. Бірақ олар Абаймен бас араздығымыз жоқ, екі жаққа да қосылмаймыз деп жауап береді. Ал сөз байласқан ояздың билері Абайды жамандап, бар пәлені жауып, ел бүлдіреді, ұры ұстайды, сондықтанол съезде болмаса екен деп барлығы қол қойып, мөр басып, ояз бастығына арыз береді. Мұндай хабар Абайға да жетеді. Ол бара көрерміз деумен жолға шығады. Жолай бір қонып, ертеңіне атқа мінерде болып жатқан жайлардан өзі хабардар шығар деп өзінің съезге бара жатқанын айтып, Көкен болысына қарайтын уақтан шыққан ақсақал, ел ағасы Әлімхан деген кісігеарнайы адам жібереді. Ол да көп кешікпей атқа мініп, Қармолаға келеді. Бірақ Абайларға соқпай, Рақыштың үйіне түседі. Қонақ жайғасқаннан кейін Рақыш жай-жапсарды мәлім етеді. Бірақ ол Әлімханның түйінді сөздерінен кейін райынан қайтады. Содан кешегі уәделескен елдің басты адамдарын шақырып, мәселені ашық ортаға салады. Барлығы Әлімханның уәжіне тоқтайды. Содан бар кісілерАбайға келеді. Әлімхан мән-жайды түгел баян етіп, үш ояз елдің ақсақал-қарасақалының сөзді, билікті өзіне бергенін айтады да: «Мына мен әкеліп саған беремін. Сені Құнекем аруағына берем» дейді.  Сонда Абай орнынан тұрып: «Әлеке, сіз сықылды ағаның бергенін аламын,бірақ жаңылмас жақболмайды, сүрінбесат болмайды дегенмақал бар ғой, мен серке боп көпті бастасам, сіз қойшы боп сырттан бағып жүресіз» дейді. Содан жұрт Абайды съезде төбе би етуге уағдаласып, Әлімхан ақсақал бата береді. Осыдан кейін көпшілік оязға жолығып мән-жайды, Абайды төбе биге сайлағандарын мәлім етеді. Оязбен оңаша шығып сөйлесіп, Абай қазақ дауын шешуге орыс заңының тура келмейтінін айтады. Ояз сөзге тоқтап, Абайдың қазақтыңәдет-ғұрпына лайықты заң шығаруын, оны осы съезде талқылап, бекітіп, қазақ ортасына белгілі етейік дейді. Осы съезде заң жобасы бекіп, кейін «Билер ережесі»деп аталып кеткен сияқты.

Абай орыстың заңы қазақ тұрмысына тура келмейді деген пікірі осыдан 20 жыл бұрын Шоқан Уәлихановтың  қазақты орыс заңымен соттауға болмайды деген ойымен астасып жатыр еді.Шоқанның пайымдауынша, құқық халық өмірінің  ортасынан түлеп шығуы керек, оны «сырттан алуға  және жоғарыдан тануға болмайды.Қанша дана болса да, бөтен заңдардан «туған заң» артық.

«Билер ережесінде» сол кездегі қазақ тұрмысынақатысты бармәселелер қамтылған деуге болады. Даулардың үлкен-кішілігіне, күрделілігіне қарай қай жерде қаралып, дауласқандардың әрқайсысының дұрыс көрген билерін ұсынудан, дауласушылардың  шақырылған жерге келу, келмеуінен бастап жер дауы, жесір дауы, кісі өлімі, мал ұрлау, барымта және т.б. және  осыларға сәйкес айып мөлшерлері, тіпті қазақ арасында болатын дауларға орыстан немесе ноғайдан уәкіл араласпауына дейін мәселелер қамтылған.

Қазақ қоғамында қандай бір дау болмасын билер шешімінің негізі мақсаты елдің бірлігіне нұқсан келтірмеу, ағайын арасын алшақтатпау болатын. Бұл принципті Абай да қатты ұстанады. Ұлы гуманист қазақ қоғамындағы әйел бостандығы мен теңдігіне кедергі келтіретін әдет-ғұрыптарды қатаң сынайды. «Бір сұлу қыз тұрыпты хан қолында» деген өлеңінде:

Кәрі жас дәурені өзге тату емес,

Епке көнер ет жүрек сату емес.

Кімде-кім үлкен болса екімүшел,

Мал беріп алғанменен, қатын емес,- десе, «Билер ережесінің»  42, 43, 46, 47, 48 және 51- баптарда қазақ әйелінің  отбасылық өміріне қатысты теңдігі қорғалады. Мысалы, 46-ші бапта «Егер қалыңдығы өліп қалып, балдызы жездесіне бармаймын десе алған қалың малын қыз әкесі күйеуіне қайтарады» немесе 47-ші бапта «Байы өлген жесір қатын сүйсе байының бір туысқан бауырына яки ағайынына тиеді, егерде сүймесе ихтияры өзінде»  делінген. Сондай-ақ 51-бапта күйеуі қайтыс болған жесірдің  тұрмысқа шығуға да, шықпауға да өз еркіне кепілдік берілген. Ал қазақ қоғамындағы бұрынғы әмеңгерлік  ұстанымы бойынша: «Күйеуі өлген әйел билер (ақсақалдар) шешімімен күйеуінің жақын бір туысына шығуы керек.(«Ерден кетсе де, елденкетпейді») [3, 87].

Бірер сөз Абайдың билер ережесіндегі қылмысқа қатысты құқықтық қағидалар туралы. Қылмыстық үдерісте қылмысқа қатысты адамдардың әрекеттеріне объективті баға беру қашаннан негізгі мәселелердің бірі болып келгені белгілі. «Билер ережесінің» 33-бабында «Ұрыс-төбелес шығарғандар ат-шапаннан бастап, үш тоғызға дейін сұраушының (жәбірленуші – Ә. Б.) пайдасына шешеді. Оны ұйымдастырушы басқаларға қарағанда айыпты молырақ төлейді. Бұзақылық жасағандарға болыстың өкіміне орай және жағдайға қарай билердің билігі бойынша  ақшалай айып салынады, жер аударылады немесе түрмеге жабылады». Баптың мазмұнынан көрініп тұрғанындай, қылмыс жасауды ұйымдастырған мен оны күні бұрын келісіп жасағандардың жазасы ауырлатылған.

Кешегі қазақ қоғамында мал ұрлығы сияқты қылмыстарға «Билер ережесінің» 37, 38,40,41, 60, 61, 69-ші баптары арналған. Бұл баптарда ұрлықты ұйымдастырғанды да, оған әртүрлі рөлмен қатысқандарды да жауапқа тарту көзделген. Мысалы, 61-бапта «Ұрының өзінен және оған серік болған жолдасынан, ат беріп аттандырған, еріп барған, ұрлық малды жасырысқан, оны біле тұрып хабарламағандардың малы жоқтығына қарамай айып салынады» делінген.Айта кететін тағы бір мәселе, Абай мал ұрлауды кәсіп етіп арамтамаққа салынғандарға жазаның қатты болғанын қолдаған. Бұған 28-ші баптағы «Өлген барымташыға, ұрыға құн төленбейді» деген қағида дәлел бола алады.

Абайдың құқық бұзушылықтың себептері туралы ойлары да маңызды. Қазақ қоғамының қыры-сырын барынша мол білген, терең түсінген ұлы ойшыл қылмыстық істердің төркініне де көз жібереді. Мұның қоғамдық құбылыс екенін ұғына отырып, оның ең бірінші себептерін адамды қоршаған әлеуметтік ортадан іздейді.Сөйтіп өзі «Отыз сегізінші сөзінде»  атап көрсеткн күллі адам баласын қор қылатын үш нәрседен: «Әуелі – надандық, екінші – еріншектік, үшінші – залымдықтан» сақтандырады. Абай бұлардың себеп-салдарларын ашып береді. «Надандық – білім-ғылымның жоқтығы, дүниеден ешнәрсені оларсыз біліп болмайды. Білімсіздік хайуандық болады» дейді. Бұл айтылғанды бүгінгі білім-ғылымның дамыған заманында қалай түсіндіруге болады. Біріншіден, білім-ғылымның дәрежесі, соған сәйкес надандықтың да деңгей әр түрлі. Екіншіден,оқудың тоқусыз, ойсыздық жағдайы кейінгі кезде басымдыққа ие бола бастады. Оның түрлі себептері бар. Бірақ тақырыбымызға тікелей келе бермеген соң барыңқырамай отырмыз. Сонан соң білімнің адамның парасатты қасиеттерінің көрсеткіші болатын мазмұнына көп көңіл бөлінбей, оның формальды жағына ауып кеткен сияқтымыз. Бұдан білімнің тәрбиелік құны түсіп тұр. Ал әлемнің екінші ұстазы аталған әл Фараби тәрбиесіз білім қауіпті деген. Абай адам баласының дұшпанысанаған залымдықтың бір тегі осыған барады. Адамгершіліктің арқауы бола алмаған білім қуыс кеуделілерді дүниеге келтіріп отыр. Ондайлардың қулық-сұмдықтың сан алауан тәсілдерін меңгеріп, неше түрлі қылмыс жасап жатқандарынан жұрт хабардар. Ондайлар туралы Абай «Аш қарын жұбана ма майлы ас жемей?» деген өлеңінде былай дейді:

Қулық, сұмдық, ұрлықпен мал жиылмас,

Сұм нәпсің үйір болса, тез тыйылмас.

Зиян шекпей қалмайсың ондай істен,

Мал кетер, мазаң кетер, ар бұйырмас.

Бүгінгі нарықтық экономика қоғам дамуының бірден-бір жолы екенін адамзат тәжірибесі дәлелдеп отыр. Дегенмен қандай қоғамдық құбылыс болмасын оның оң және теріс жағы болатынындай еліміздегі нарық өзінің теріс жағын да көрсетіп үлгерді. Елімізде қылмыс түр жағынан да, сан жағынан да күшейе түсуде.

Бірде Елбасымыз К.Маркстің капиталист өз кәсібінен 100 пайыз табыс табатынын білсе, ол ешқандай қылмыстан бас тартпайды деген сөзін еске алып еді. Мұны нарық жағдайындағы өміріміз толық дәлел отыр. Қазір қаржы беріп адам өлтіртіп жатқан да, адалдық пен әділеттілікті де саудаға салғандар да аз кездеспейді.

Сөз соңында сонау ерте заманнан бастау алған  билер институты кешегі Кеңес өкіметі кезінде  заман талабына сәйкес жаңғыртылмағаны белгілі. Қайта бар ұлттық дамуымызға бұғау салынды. Әйтпесе қатарларында небір әйгілі заңгерлері бар Алаш жетекшілері Абай салған жолды адамзат қолы жеткен өркениетпен құнарландыра отырып, бұл бағытты өз ырғағымен ілгері дамытып, өз халқының өсу үдерісіне жауап беретіндей құқықтық қағидаларды жаңа биікке көтерулері мүмкін еді. Тағдыр оны қазаққа жазбады.

Тек өткен ғасырдың 90 –жылдары қол жеткен Тәуелсіздік қана ұлттық мұраттарымызға бет бұруға мүмкіндік туғызды. Алайда 20 жыл әлі аздық етіп отыр. Бүгінгі күні заңдарымыздың алдымен орыс тілінде жазылып, сонан соң қазақ тіліне аударылып жатқаны соттық тәжірибеде аз қиыншылықтар келтіріп жүр дей алмаймын. Өйткені қазақ қоғамындағы құқықтық қарым-қатынастарда қолданылатын шындықты орыс тілінде жазып, оны қазақ тіліне аударғанда бірсыпыра ұғымдық мәндер бұзылмай тұрмайды.  Қазақты орысзаңымен соттауға болмайды деген бұл жағы да жоқ емес. Сондықтан Тәуелсіздік тұғырлы болған сайын ұлттық құндылықтарымызды қастерлеу күшейіп, оның замануи талаптарына сай жетіле түсетініне сенім білдіргіміз келеді.

 

Пайдаланған әдебиеттер

1. Зиманов С.З. Казахский суд биев – уникальная судебная система.  – Алматы: Атамұра, 2008. – 224 с.

2. Өзбекұлы С. Абай және адам құқы. –Алматы: «Жеті жарғы», 1995. -112 бет.

3. Артықбаев Ж.О. Жеті жарғы- мемлекет және құқық ескерткіші (зерттелуі, деректер, тарихы, мәтіні ). Оқу құралы. – Алматы: Заң әдебиеті, 2004. – 150 бет.

6 сәуір 2014 жыл.

 

Сіз не дейсіз оқырман?

Е-мэйлыңыз жарияланбайды.