Home » Эссе » Абай Құнанбаевтың отыз бірінші қара сөзіне

Абай Құнанбаевтың отыз бірінші қара сөзіне

Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев: «Абай — біздің ұлттық ұранымыз болуы керек. Абайды таныту арқылы біз Қазақстанды әлемге танытамыз, қазақ халқын танытамыз. Менің балаларым мен ұрпағыма Абайдан артық, Абайдан ұлы, Абайдан киелі ұғым болмауға тиіс» деген болатын.
Абай Құнанбаев — қазақ халқының ұлы көшбасшысы. Рухани-адамгершілік тұрғысынан талдар болсақ, ұлы ойшылдың ұрпағына тастап кеткен қазынасы ұшан теңіз. Қазақ даласына шығыс пен батыстың әдебиеті мен мәдениетін әкелді.
Ұлы Абайдың әрбір сөзінің салмағы бар. Адамгершілік қасиеттердің жақсысын үлгі етіп, жамандықтан аулақ болуға насихаттап отырды. Туған халқының жағымсыз мінездерін кейде әзілдей, кейде сынай, кейде ащы мысқыладай отырып өлеңге қосты. Мұнысын туған елінің өзге жұрттан кенже қалмауын уайымдау еді. Меніңше, әр қазақстандық азамат Абайдың бір өлеңін жатқа оқып, қара сөздерін көкірегіне түйіп жүрсе игілікті іс болар еді.

Абай хакімнің қайсы «Қара сөзін» оқысаңыз да, өзіңізге қажет құнды дүниені табарыңыз сөзсіз. Абайдың «Қара сөздері» тіршілікке қажетті нақты бағыт беруші құрал, құнды мұра. Дана ойларын қанша жылдар өтсе де, қайталап оқудан шаршамаймыз. Қайталап оқыған сайын ойымызды жүрген сансыз сұраққа жауап тауып, басқаша ой түйіндеп, өзгеше тұжырымға келеміз. Абай хакім өзінің қара сөздерінде өнер-білімге аса үлкен көңіл бөлген. Абай тұлғаның жан-жақты дамуын өзіндік үлес қосқан ұлы ағартушы. Еңбектерінде жеке тұлғаның қалыптасуын қарастырып, жат қылықтардан аулақ болуға шақырып, риясыз сүйіспеншілікке бөлену бағытын көрсетеді.

Адам ақиқатпен өмір сүрсе кеселді нәрселерден аулақ болады. Естіген-көргенін дұрыс ажыратып қабылдаса, айналасы оны сүйіспеншілікке бөлейді. Дұрыс әрекетке жол табады. Ішкі тыныштық орнағанда адамның санасында қиянат жасау деген ой мүлде болмайды.

Міне, осындай адамгершілік құндылықтарға бай тұлғаның қалыптасуына Абай еңбектерінің зор ізгілікке толы ықпалы бар.

Отыз бірінші — қара сөз көлемі шағын. Бірақ, білім беру мен үйренудің алтын ережесі сияқты мағынасы зор. Қазіргі өркениет қарыштап дамыған заманда осы сөзді көңілге түйіп алсақ болады.

Естіген нәрсені ұмытпасқа төрт түрлі себеп бар:

Әуелі – көкірегі байлаулы берік болмақ керек;

Жай ғана естіп қоймай, оны көкірекке берік байлау керек . Яғни жүректе сақтау керек.

Екінші — сол нәрсені естігенде я көргенде ғибрәтлану керек, көңілденіп, тұшынып, ынтамен ұғу керек;

Мұнысы жай есту немесе көру емес. Сол жайдан үлгі алу керек. Өз бойыңнан өткізу керек, бар ынтаңмен, сүйіспеншілікпен ұғыну керек.

Үшінші — сол нәрсені ішінен бірнеше уақыт қайтарып ойланып, көңілге бекіту керек;

Оқығаныңды немесе үйренгеніңді ұмытпас үшін бірнеше мәрте қайталап ойлану, сосын барып көңілге бекіту. Ой мен жүректе қатар сақтау. Жүректен орын алған нәрсе ешқашан ұмытылмақ емес.

Төртінші ой кеселді нәрселерден қашық болу керек. Егер кез болып қалса салынбау керек-дей келе ой кеселдеріне тоқтап айта кетеді.

Қазіргі мектеп оқушылары мен жасөспірімдерде кездесетін жағымсыз қылықтармен ұштастыра айтуға болады. Әлеуметтік желі ақпараттарын шамадан тыс пайдалану. Комьпютерлік ойын түрлеріне салынбау турасында айтылып отыр десек те қателеспейміз. Бұл тәрбиеге қатысты айтылса керек.

Бастысы — қоғамдағы немесе өз басыңдағы оқиғалардан сабақ алу. Жақсыны естісең қуанып, өзіңде мұндай игі іс қылмаққа талпыну. Ал жағымсыз әдеттерге салынбау жөн. Жақсыдан үйреніп, жаманнан жирену керек.

Бала көргенін жасайды. Ал шебер ұстаз оқушы жүрегінен жол табады. Мұғалім үздіксіз ізденісте және шығармашылықта болған жағдайда ғана талапқа сай маман бола алады.

Абайдың қара сөздерінің құдіреті жас талғамайды жалпыға бірдей бағытталған. Бала да, жасөспірім де, ересек адам да, қария да Абайдан үйренеді. Өзі айтқандай ғибрәтлану керек, көңілденіп, тұшынып, ынтамен ұғу керек.

Ұлы ғалым, тілщі, Алаш партиясының көсемі Ахмет Байтұрсынов: «Абай сөздерінің дүниеде қалғаны- қазаққа зор бақ»-деп бағалаған.
Өзін-өзі тану сабағын өткізу барысында Абай сөздерін дәйек сөз ретінде ұсынып отырамын.

Бейсмолдаева Анаргүл,
№24 орта мектебінің
бастауыш сынып мұғалімі

 

 

 

Сіз не дейсіз оқырман?

Е-мэйлыңыз жарияланбайды.