Home » Эссе » Абай Құнанбаевтың «Он тоғызыншы қара сөзі» туралы

Абай Құнанбаевтың «Он тоғызыншы қара сөзі» туралы

Абай Құнанбаев — қазақ халқының дана да  ойшыл, ерекше ақыны. Жастайынан ақындыққа, шешендікке жақын болған Абай Құнанбаев қаншама ойлы, мағыналы сөздер айтып кеткен десеңізші!  Әрбір қара сөзі — өз алдына бір заңғар таудай.  Қарасөздеріне қарап, атамыздың сонау қиын заманда, қазақ халқының көрген азабын бірге көріп, сезініп, қолымен ұстағанын  сезінетіндей боламын. Абайдың қара сөздері ақыл мен пайымға толы. Соның ішінде естілік пен білімділікті ажырататын қара сөзінің бірі — он тоғызыншы қара сөзі.

Абай Құнанбаев өзінің он тоғызыншы қара сөзінде естілік ұғымы туралы терең ой қозғайды. «Адам ата-анадан туғанда есті болмайды: естіп, көріп, ұстап, татып ескерсе, дүниедегі жақсы, жаманды таниды-дағы, сондайдан білгені, көргені көп болған адам білімді болады. Естілердің айтқан сөздерін ескеріп жүрген кісі өзі де есті болады» — дейді. Мінеки,  естіліктің адам баласының  бойына туа сала бітпейтінін,  естіліктің күнделікті өмірде сезіну, түсіну арқылы қалыптасатынын айтады.

Шыр етіп туа сала ешкім дана болмайды, оқып, біліп, жақсыны бойына сіңіре алған есті болады. Ия, адам баласы өмір тәжірбиесінің нәтижесінде жақсылық пен жамандықтың,  естілік пен ессіздіктің жігін ажыратады.            Адам баласы есейе келе, күнделікті өмірден алған тәлім-тәрбиесінің, тәжірибесінің арқасында, санасы, білімі дами береді. Абай Құнанбаетың осы қара сөзіндегі   ой-тұжырымы қазақ халқының мәтеліндегі «Көре-көре көсем, сөйлей-сөйлей шешен боласың»  деген ұғымымен де ұштасатын сияқты.  Естілердің айтқан сөздерін ой елегінен өткізе отырып , оның пайдалы және ұтымды жақтарын күнделікті өмір тәжірбиесінде оңтайлы қолдана білуі, сол адамның ақылдылығын  көрсетеді. Осы айтып отырған ойларын Абай Құнанбаев мынадай өлеңдермен жалғастыратындай:

«Сен де — бір кірпіш, дүниеге.

Кетігін тап та бар қалан!»

Абай атамыздың  қара сөздеріндегі бізге айтқан ақылын  құлақ асып, зер салып, ден қойып тыңдасақ,  естілерден алатынымыздың естияр болып қалыптасуымызға ықпалы көп, бағыты дөп.

Қорыта айтқанда, мен  бұл қара сөздегі естілік ұғымын  мұқият, қайта-қайта оқып шықтым. 19-қара сөзі  — біздер, жастар үшін бағасыз сый.   Сол сыйды өзінің қажеттілігімізге  жарата білу  біздің, жастардың,  еңбектене белуімізге және де жалқаулықты жеңуімізге  байланысты.

 

Алматы қаласы, Әуезов ауданы

№173 мектеп-лицейдің 11 «В» сынып оқушысы: Болатай Шапағат

Жетекші мұғалімі: Шатемірқызы Ақмарал

Сіз не дейсіз оқырман?

Е-мэйлыңыз жарияланбайды.