Жақында облыстық кәмелетке толмағандарды бейімдеу орталығының орталық кинозалында «Рухани жаңғыру» бағдарламасы шеңберінде «Жас ерікті» жобасы жүзеге асты.
Іс-шараны өткізуге Павлодар мемлекеттік педагогикалық институтының студенттері мен «ПМПИ студенттері балаларға оқиды» қозғалысының еріктілері ұйытқы болды.
Әдеби кеш қазақтың ұлы ақыны әрі ойшылы, композитор Абай Құнанбаевтың шығармашылығына арналды. Кеш жүргізушілері Гүлдана Рамазанова мен Ботагөз Санкеева ақынның өмірі және шығармашылығы, шығармаларының маңыздылығынан сыр шертті. «Абай – қазақ халқының жаны, ал оның «Қара сөздері» адамзат пен әлем ұғымдарын байланыстырып тұрған айрықша құндылыққа айналды. Абай үні талай ғасырлар өтсе де, тағылымды терең мағынасынан еш ажырамақ емес» — деді олар.
Студенттер Абайдың өлеңдерін жарыса жатқа оқып, әдеби кештің әсерін арттыра түсті. «Тағлымды кештен тәбәрік» демекші, кеш қонақтары ұйымдастырушы белсенділерге шексіз алғыстарын білдірді.
Айгүл МОЛДАШ,
Білім айнасы,
Павлодар