Home » Балабақша » «Абай – тәрбиенің өзі, өнердің көзі!»

«Абай – тәрбиенің өзі, өнердің көзі!»

 

әдеби-музыкалық композиция

Мақсаты: Ұлы ақынның еңбектеріндегі асыл ойларды өмірде жүзеге асыруға, балаларды адамгершілікке, адалдыққа, ізгілікке, шығармашылыққа тәрбиелеу.
Жүргізуші: Ұлы Абайдың шығармашылығы адамның санасын оятып, ойға ой қосады, жаңа күй мен сезімге бөлейді, жақсы істерге, армандарға жетелейді.
Кемеңгер бейнесі көптеген көрнекті ақындар мен жазушылардың, суретшілердің, қоғам қайраткерлерінің назарын аударып келеді. Біз де бүгін сіздерді, ұлы ақынның бай әлеміне енгізіп, оның даналығы қазіргі заманмен үндес екеніне көз жеткізуге шақырамыз.

Бірінші бөлім
Киіз үй ішінде әжесі Зере ұршық иіріп отырады, Ұлжан апасы құрақ көрпеше тігіп отырады және Абай. Үстел үстінде дастархан, бауырсақ, қымыз, ожау, кеселер. Керегеде қамшы, домбыра, қасқыр, түлкі терісі.
Жүргізуші: Биыл Абай мүшел жаста. Ол атқа мініп жүруге жарағанымен, үйден көп шықпайды. Оның күндегі ермегі Зере әжесі мен Ұлжан анасынан әңгіме айтуды өтіну.
Абай: Әже, бір қызықты әңгіме айтып беріңізші.
Әжесі: Е-е-е… Бұлдыр-бұлдыр күн өткен. Бұрынғыда кім өткен….                                                     (Осы кезде екі адам Байкөкше мен Барлас кіреді)
Байкөкше: Сәлем бердік. Үйлеріңізге құдайы қонақ келді.
Әжесі:  Сәлеметсіңдер ме? Онда түсіңдер. Қонақ болыңдар. Жоғары шығыңдар. Жақсы болды ғой.
Ұлжан: Ал, балам! Әжеңмен екеумізді қажай беруші едің, әңгіме жырдың дүкені, міне, жаңа келді. Қасында отырған кісі – Барлас ақын. Ал мына ақынды сен танисың.
Абай: Ия, апа! Мен Байкөкше ақынды танимын. Былтыр бізге «Қозы Көрпеш – Баян Сұлу» жырын айтып берген. Ол жыр әлі есімде.
Барлас: Е, балам! Қазақ сөйлеуді де, тыңдауды сүйген ел. Тыңдауға өзің жалықпасаң, айтуға біз де жалықпаймыз.
Әжесі: Тамақ әзір болғанша, жыр әңгімелеріңді айта отырыңдар.
Байкөкше: Олай болса Барлас ақын «Қобыланды батыр» жырын жырлап берсін.
(Экранда Қобыланды батыр туралы мульфильм көрсетіледі)
Барлас:  «Қобыланды батыр» жырынан үзінді оқиды.
Кешегі өткен заманда,
Қарақыпшақ Қобыланды
Мініп алып атына,
Қызыл ерге келеді.
Мініп алып тор атқа
Дүрілдетіп жөнелді.
Қызыл ерді сүйретті,
Ішінде шеңгел тікенге,
Өкпе-бауырын түйретті,
Қабырғасын күйретті.
Менсінбеген дұшпанды,
Ақыл тауып үйретті,
Қобыланды ерлік көрсетті.
Абай:  Ата, мұны айтқан кім? Осы жырды шығарған кім?
Барлас: Әріден келе жатқан жыр ғой. Халық аузынан тараған, балам.
Байкөкше: Ал, рұқсат болса біз жүрейік. Алда барар жеріміз көп.
Әжесі: Асықпаңдар. Әлі біраз күн қонақ болып кетіңдер.
Жүргізуші: Осы жолы Абайдың тілегі бойынша Байкөкше мен Барлас бір ай қонақ болды. Бала Абайдың зеректігін байқаған Барлас ақын оған жыр арнап, өз домбырасын сыйға тартады.
Барлас: Шырағым ер жетерсің,
Ер жетсең, сірә не етерсің.
Алысқа шырқап кетерсің,
Шыңдасаң, шыңға жетерсің. (Абайға домбырасын ұсынады)
Абай: Апа, қонақтарды жақсы сый беріп аттандырыңызшы.
Ұлжан: Міне, сіздер жақсы сөздеріңізбен баламның көңілін көтеріп, ем әкелгендей болдыңыздар. Рахмет сіздерге.
Әжесі:Тағыда келіп тұрыңдар. Жолдарың болсын! Келген сапарларыңа тыста бір азырақ ырым байлаттым, ала кетіңдер. Риза болып аттаныңдар. Ал, Абайжан қонақтарға жол көрсетіп, шығарып салайық! (Рахмет айтып барлығы сахнадан шығып кетеді.)
Екінші бөлім
Үстел үстінде кітаптар, сия сауыт, қалам, Абайдың қолында кітаптар, дәптер. Ақырындап әуендетіп, ойланып сахнаға кіреді, үстел басына отырады, арасында ойын парақ беттеріне түсіріп қояды.
 Жүргізуші: Жеткіншек шақ пен жігіттік шақтың арасындағы аздаған жылдарды Абай жырлаған. Ғашықтық азабын бір кісідей көріп, сезе білген Абай жүрек толқынысын нәзік үнмен шығара білді.
(Тыныштық. Есіктен досы Ербол кіреді)
Ербол: Абай, досым, тағы да өлең жазып отырмысың? Шаршадың ғой.. бір сәт демалсаңшы.
Абай: Ербол, тыңдашы (ыңылдап бастайды)
Көзімнің қарасы,
Көңілімнің санасы.
Бітпейді іштегі,
Ғашықтық жарасы.
  Ербол: Абай, неткен әдемі ән! Ғажап, жаңа ән, жаңа өлең. Тамаша! Абай, Сүйіндік аулының өнерлі жастары жиналғалы жатыр екен. Соған барсақ қайтеді? Осы әнді жастарға сый етіп тартайық.
Үшінші бөлім
Жастар залға улап шулап кіреді, Абай Ербол келіп шетке тұрады.
Қыз:Қыздар, қыздар, Құнанбай қажының баласы Абай келіп тұр.
Қыз:Қасындағы Ербол ғой.
Бала: Абай, Ербол келіңдер. Қош келдіңдер!
Абай: Ойын-сауықтарың қызық болсын!
Ербол: Ән-күйлерің қанатты болсын!
Қыздар: Бірге болсын!
Ұлдар: Айтқаның келсін!
Ербол: Қыздар, тыңдаңдар. Абай сендерге жаңа әнін сый қып тартады.
Қабыл алыңдар.
Абай: (сүймелдеп, ән айтады)
 Көзімнің қарасы
Қазақтың данасы
Көңілімнің санасы.
Жасы үлкен ағасы.
Бітпейді іштегі,
Бар демес сендей бір,
Ғашықтық жарасы.
Адамның баласы.
Қыз:Неткен тамаша ән! Терең сырлы ән. Рахмет, Абай.
Абай: Әнімді қабыл алғандарыңызға көп рахмет!
Өзгеге көңілім тоярсың,
Өлеңді қайтып қоярсың?
Оны айтқанда толғанып,
Іштегі дертті жоярсың.
Қыз: Бәрекелді, Абай. Өнерің үстем болсын! Жақын келіп тұр.
Бала: Ия, өнердің құдіретті күшін айтсаңшы! Өнер адамның жан серігі, рухани байлығы.
Бала: Абай достым, өнерің талай заманға жетіп, қазақты ғана емес бүкіл әлемді бағындырасын!
Бала: Жігітке жетпіс өнер де аз дегендей, біздің Айтыс деген өнеріміз тағы бар.
Бала: Ал, олай болса, біз айтысты бастайық!
Бірге :  Уа, халайық, халайық!
Өнерді ортаға салайық!
Бүгін тойды көңілді,
Бірге қарсы алайық!
Қайырмасы: Еркем, еркем, еркем-ай,
Еркелеген еркем-ай.
Еркелеген еркемді,
Еркелетсем екен-ай!
Бала:    Ата — заман салтымен,
Сәлемдесіп алайын.
Аманбысың ел — жұртым,
Өзің үшін жанайын!
Сұлтан жігіт мен болам,
Тұла бойым өнер тұңған.
Тәртіпке көңіл бөлемін,
Әдепті болып жүремін.
Қыз: Иіліп сәлем беремін,
Киелі елім қазағым!
Айтысқа шықтым Сұлтанмен,
Бас жүлдені аламын.
Мақтандың ғой, жігітім,
Өнеріңді көрейік.
Көрсет сәнді қамшыңды,
Біздер баға берейік.
Қайырмасы:   Еркем, еркем, еркем-ай,
Еркелеген еркем-ай.
Еркелеген еркемді,
Еркелетсем екен-ай!
Жігіт:   Тойға барам деген соң,
Домбыра ұстап, жетіп ем.
Шашақталған қамшымды,
Үйге тастап кетіп ем.
Қайырмасы:   Еркем, еркем, еркем-ай,
Еркелеген еркем-ай.
Еркелеген еркемді,
Еркелетсем екен-ай!
Қыз: Апайымыз әр кезде
Тәртіпті болыңдар дейді
Ол кісінің ақылы
Ойымыздан кетпейді.
Жігіт:  Біздің ауыл жастары
Шеттерінен тәртіпті,
Тәртіп болғанда ғана.
Еңбегіміз жанады.
Бірге: Қойшы, досым, қалжынды,
Ойнайықшы бәріміз.
Бір ауылдың баласындай
Дос болайық бәріміз!
Қайырмасы:   Еркем, еркем, еркем-ай,
Еркелеген еркем-ай.
Еркелеген еркемді,
Еркелетсем екен-ай!
Қыз:    Ауылдың суырып салма ақындарын тындайық.
Тәрбиеші:      Тәрбиелеу жас ұрпақты мақсатымыз
Жеңіске жетер біздің жақсы атымыз
Дедімай-ау
Көрген бала қасымнан кете алмакйды
Біліміме сусындап, бауыр басып
Дедімай-ау
Қайырмасы:  Алма ағаштың гүліндей-ау
Текеметтің түріндей-ау
Өтіп дәурен бара жатыр
Сіз бен бізге білінбей-ау
Тәрбиеші:      Әдептілік белгісі – иіліп сәлем бергенде
Тәрбиенің белгісі көп кешікпей-ай келгені
Дедімай-ау
Тәлім көрген ұтылмас бала ұяда не көрсе,
Ұшқанында соны іледі-ай
Дедімай-ау
Қайырмасы:  Алма ағаштың гүліндей-ау
Текеметтің түріндей-ау
Өтіп дәурен бара жатыр
Сіз бен бізге білінбей-ау
Тәрбиеші:      Айналайын, Гүлназира, айдан аппақ
Сендей жанды ата ана қайдан таппақ
Дедімай-ау
Тәрбиенің егізін тауып көрші сұрағыма
Әріптесім, жауап берер күттірмей-ай
Дедімай-ау
Тәрбиеші:      Ойын қумай, білім алсын жастарымыз
Әр кезде Тәрбие мен Білім егіз
Дедімай-ау
 Болашақта бәріне білім керек ол болмаса
Жолы болмас бұл өмірде
Дедімай-ау
Бірге:  Саналы, білімді бала елдің болашағы
Әр адамға қызық екен бала шағы
Дедімай-ау
«Не ексең, соны орасың» деген халық
Білімді ұрпақ Отанымның жаңа шағы!
Дедімай-ау
Қайырмасы:  Алма ағаштың гүліндей-ау
Текеметтің түріндей-ау
Өтіп дәурен бара жатыр
Сіз бен бізге білінбей-ау
Қыз:  Құлақтан кіріп бойды алар,
Әсем ән мен тәтті күй.
Көңілге түрлі ой салар,
Әнді сүйсең менше сүй.
Жігіт: Ал, тамаша әнге кезек берейік!
Бәрі «Желсіз түнде жарық ай» әнін хормен орындап, залдан шығып кетеді.
Жүргізуші: Абай өзінің зеректігі арқасында парсы, неміс, орыс тілдерін де жақсы меңгерген. Орыстың ұлы ақыны Пушкинді өзіне рухани ұстаз тұтқан. Лермонтов, Крыловтың шығармаларымен терең танысып, қазақ тілінде сөйлетті.
Абай кіреді, артынан көп ұзамай бала жүгіріп келеді.
Бала: Абай аға, мынау кітап не туралы? Түсінбей тұрмын….
Абай: Бұл кітап орыс жазушысы Крыловтың «Құмырсқа мен шегіртке» деген мысалы. Қызығып тұр екенсің, кел, бірге тамашалайық. Бала қолын жағына қойып, қызығып тыңдайды.Сахнада музыка ойнап тұрады. Экраннан жаз мезгілі көрсетіледі.
Бала: Шырылдауық шегіртке
Ыршып жүріп ән салған.
Көгалды қуып гөлайттап,
Қызықпен жүріп жазды алған.
Жаздыгүні жапырақтың,
Бірінде тамақ, бірінде үй.
Жапырақ кетті, жаз кетті.
Күз болған соң кетті күй.
Жылы жаз жоқ, тамақ жоқ,
Өкінгеннен не пайда?
Суыққа тонған қарны ашқа
Ойын қайда, ән қайда?
Оныменен тұрмады.
Қар көрініп қыс болды
Суықшыл сорлы бүкшиді,
Тым-ақ қиын іс болды.
Секіру қайда сүрініп,
Қабағын қайғы жабады.
Саламда жатып дән жиған,
Құмырсқаны іздеп табады.
Секілдеп келіп жығылды, аяғына бас ұра.
Шегіртке:    Қарағым жылыт, тамақ бер,
Жаз шыққанша асыра.
Құмырсқа:  Мұның жаным, сөз емес,
Жаз өтерін білмеп пе ең?
Жаның үшін еш шаруа,
Ала жаздай қылмап па ең?
Шегіртке:   Мен өзіңдей шаруашыл,
Жұмсақ илеу үйлі ме.
Көгалды қуып ән салып,
Өлеңнен қолым тиді ме?
Құмырсқа:  Қайтсін қолы тимепті,
Өлеңші, әнші есіл ер!
Ала жаздай ән салсаң,
Селкілде де билей бер!
 Бала: Абай аға, қандай қызық кітап! Мен еңбектенгенді жақсы көремін!
 Абай: Ия, інім, бақыт кілті – еңбекте! Еңбеке етсең ерінбей, тояды қарның тіленбей…. осы нақылды есіңнен шығарма!
Бәрі ортаға шығады
Қыз:    Ұстазы көркем сөздің асыл Абай,
Білімді, зейінді асқан ақын Абай!
Сіңірген байтақ елге еңбегімен,
Шашылды жер жүзіне атың, Абай!
Абайдың өзі өлсе де, сөзі өлген жоқ
Абайға ешбір ақын теңелген жоқ,
Мәңгілік бүгінгідей сенің жырың,
Ақында сіз сияқты шебер де жоқ!
Бала: Кең дала нұрын шашқан маңайына,
Қараймын мақтанышпен Абайыма.
Алдында Ұлжан ана басымды ием,
Абайды берген қазақ талайына.
Теңесер ақылды ару, саналы ермен,
Жұлдызы ондай жанның – жанады өрден.
Ұлжанды ұлы демей, мен кім деймін,
Қазаққа қайталанбас дана берген!
Жүргізуші: Абай үні ғасырлар өтсе де өзінің қуатты күшін жоғалтқан емес. Абайдың «қара сөздері» әлем мен адам мағынасын ұғынудың құнды кітабына айналды. Оның артына қалдырған мол мұрасын оқып, тану, тағлым алу, өзгеге жеткізу — біздің міндетіміз. Назарларыңызға рахмет!

 

Алимова Акдана Аскаровна,
Нұр-Сұлтан қаласы әкімдігінің.
№ 87 «Қадыр» балабақшасының әдіскері
Нурсеитова Нуршат Зейтхановна,
Нұр-Сұлтан қаласы әкімдігінің,
№ 87 «Қадыр» балабақшасының тәрбиешісі

 

 

 

Сіз не дейсіз оқырман?

Е-мэйлыңыз жарияланбайды.