Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігі
Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университеті
БАСПАСӨЗ АҚПАРАТЫ
Қазақстандағы тұңғыш жоғары оқу орны – Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университеті – «Білім», «Гуманитарлық ғылымдар», «Жаратылыстану ғылымдары», «Техникалық ғылымдар және технологиялар», «Әлеуметтік ғылымдар және бизнес», «Өнер», «Құқықтану» мамандықтары бойынша жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі білім беру саласындағы ірі ғылыми және білім беру орталығы болып табылады. Бүгінде университет әлемнің 25 мемлекетінің 130 жоғары оқу орындарымен әріптестік байланыста жұмыс істейді.
Қазіргі таңда Абай атындағы ҚазҰПУ әлемдегі үздік университеттер қатарында жыл сайын өз позициясын жақсартып келеді. QS World University Rankings әлемдік рейтингінде 2018 жылдың қорытындысы бойынша университет 481 орынды иеленді (2017 жылы – 491 орын). QS World University Ranking рейтингісінде 2018 жылы дамып келе жатқан Еуропа мен Орталық Азияның 30 еліндегі 200 үздік университеттер арасында 86 орында, республиканың педагогикалық жоғары оқу орындары арасында көшбасшы орында тұр.
2018 жылғы 5 қазанда Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университетінің 90 жылдығына арналған салтанатты мәжіліс болады.
Салтанатты мәжіліске Қазақстан Республикасы Президенті Әкімшілігінің, Қазақстан Республикасы Үкіметінің, Парламент Палаталарының, Білім және ғылым министрлігінің, Ұлттық ғылым академиясының, дипломатиялық өкілдердің өкілдері, еліміздің жетекші жоғары оқу орындарының басшылары, университеттің түлектері, 200-ден астам шетелдік қонақтар, белгілі отандық және шетелдік ғалымдар мен сарапшылар, жалпы білім беру ұйымдарының директорлары мен оқытушылары, Абай атындағы ҚазҰПУ профессор-оқытушылар құрамы мен студенттері қатысады.
Қазақстан Республикасының Мемлекеттік Хатшысы Гүлшара Наушақызы Әбдіхалықова ҚР Президенті – Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың университеттің 90 жылдығына арналған Құттықтау хатын тапсырады.
Мерекелік салтанатта университеттің тарихы мен бүгінгі тыныс-тіршілігі туралы деректі фильм көрсетіледі. Ректор Такир Балықбаевтың баяндамасы тыңдалады.
Үздік қызметкерлер мен оқытушыларға марапаттар тапсырылады және мерекелік концерттік бағдарлама ұсынылады.
Осыған байланысты университеттің 90 жылдығына арналған мерейтой барысы туралы бұқараны ақпараттандыру үшін журналистерді шакырамыз.
Салтанатты жиналыстың өтетін уақыты: 5 қазан 2018жыл, сағат 16.00.
Өтетін орны: Алматы қаласы, Достық даңғылы, 56, Республика сарайы.