Home » Абай əлемі » Абайтану әлемі

Абайтану әлемі

Мақсаты: Ұлы ақын шығармашылығын, өмір жолы мен абайтану ғылымын жан-жақты таныту арқылы халқымыздың жазба әдебиетінің негізін салған ақын туралы, өнерді, салт-дәстүрді, мәдениетті, ана тілді ұлттық құндылық ретінде бағалайтын, білім мен білік дағдаларымен қаруланған, ұлттық сана-сезімі қалыптасқан, терең ойлайтын дара тұлға қалыптастыру.
Міндеттері:

  • Қазақ сөз өнеріндегі Абайдың орны мен ақындық болмысын тану;
  • Ақынның мақсаты, ғылым, білім, өнер, тәрбие мәселелері туралы өсиеттерінің маңызын түсіну;
  • Ойшылдың философиялық нақыл сөздерінің мән-мағынасын ашып, тәлімгерлік тағылымын сөз ету;
  • Ақынның аудармашылық шеберлігі, қарасөздері, өлеңдері мен поэмаларындағы ақындық биік мұрат, адамгершілік идеяларын таныту;
  • Абай және қазіргі қазақ әдебиетінің рухани байланысын ғылыми негізде пайымдау.

Құрал-жабдықтары: интерактивті тақта, слайд, үнтаспа, суреттер, қанатты сөздер, ақынның портреті.
Іс-шараның барысы:

1-Жүргізуші: Абайтану — қазақ әдебиеттану ғылымының саласы. Абайтану Абай Құнанбайұлының өмірі мен шығармашылық өнері, философиясы, қоғамдық, эстететикалық көзқарастары, қазақ поэзиясындағы өлең жүйесін, ақындық тілді дамытудағы үлесі, музыкалық мұрасы жайлы сан-салалы зерттеу еңбектерін қамтиды. Абайдың өмірі мен шығармашылық мұрасын зерттеу шын мәнінде Әлихан Бөкейханов, Ахмет Байтұрсынұлы , Міржақып Дулатұлы мақалаларынан басталды деуге болады.

2-Жүргізуші: Абай шығармаларын жинап, қағазға түсіріп, реттеп баспаға дайындау ісі ақын қайтыс болғаннан соң ұзамай-ақ қолға алынғанын дәлелдейтін нақтылы деректер жетерлік. Жарық көруінен бірнеше жыл бұрын құрастырылып, 1909 жылы Санкт-Петербургте басылған Абай өлеңдерінің жинағында ақынның жүз қырықтай өлеңдері және «Ескендір» мен «Масғұт» поэмасы басылған, яғни, осы күнгі белгілі поэзиялық шығармаларының көрнектілері түгелге жуық қамтылғаны айрықша атап айтарлық. Бұл тұңғыш жинақты дайындаған, бастырып шығарған Кәкітай Ысқақұлы мен Абайдың баласы Тұрағұл болатын.

«Ескендір поэмасы» Мейрамбаев Ернар 1-5 шумақты жатқа оқиды;

«Ескендір поэмасы» Ергебекова Биназир 6-10 шумақты жатқа оқиды.

1-Жүргізуші: Абайтанудың бастамасы, алғашқы деректік арнасы ретінде осы 1909 жылы жарық көрген Абай шығармаларының тұңғыш жинағын, оған кірген Кәкітай Ысқақұлы Құнанбаев жазған ақынның тұңғыш өмірбаянын айтуымыз қажет.
2-Жүргізуші:  Абайдың көзі тірісінде жарық көрген шығармалары бірлі-екілі ғана екенін және ақын өзі қолмен жазған қолжазбалары сақталмай, шығармалары түгелдей дерлік Мүрсейіт Бікеұлының қолжазбалары арқылы жеткенін ескерсек, бұл тұңғыш жинақтың мәні зор екені анық. Басқа жекелеген қолжазбалардың көлемі шағын, оларда Мүрсейіт қолжазбасында жоқ өлеңдер өте аз, сондықтан олар қосымша деректер ретінде бағалануы орынды.
«Абайдың өмірі» Балағазина Асунта, Жанғали Диас ақын өмірі туралы қысқаша шолу жасап кетеді.
1-Жүргізуші:  Абай шығармалары түгел дерлік лирикадан құралады, поэма жанрына көп бой ұрмағаны байқалады. Қысқа өлеңдерінде табиғат бейнесін, адамдар портретін жасауға, ішкі-сыртқы қылық-қасиеттерін, мінез-бітімдерін айқын суреттермен көрсетуге өте шебер. Қай өлеңінен де қазақ жерінің, қазақтың ұлттық сипатының ерекшеліктері көрініп тұрады.
Халық даналығын тануы:  Шалауова Дана Абайдың рухани сусындаған үш қайнар бұлағы туралы айтады.
2-Жүргізуші: Ә.Бөкейханов, А.Байтұрсынов, М.Дулатовтарға ілесе Абай шығармашылығы жайында үлкенді-кішілі мақала жазып, ақын шығармаларын жұртшылыққа танытуға Н.Рамазанов, Ғабдрахман Сағди және Н.Н.Белослюдов т. б. атсалысты. Бұлардың еңбектерінің Абай шығармашылығын сипаттап, бағалаудағы мәні әркелкі болса да, ақын шығармаларын насихаттауға қалайда үлес қосқанын мойындаған жөн.
Абай мұрасын зерттеушілер:  Ахметәлі Ботагөз, Масақбаев Арапхан ақын мұрасын зерттеген ақын-жазушылар мен ғалымдар туралы баяндайды.
1-Жүргізуші: Ұлы Абай жас ұрпақтың білім алып, ғылымды игеруіне айрықша мән бергендігі оның өлеңдері мен қара сөздерінде мейлінше байқалады. Өйткені, білім  мен ғылым өркениетке бастар алғышарт екендігін ұлы ойшыл жете түсінген, жан-тәнімен терең ұғынған. Білім алу бүгінде әрбір адам баласы үшін міндетті түрде алдынан ашылатын есік болса, оның мектеп атты қасиетті табалдырығын аттау барша жас өскіндер мен өрендердің басынан өтетін жағдай.
« Жасымда ғылым бар деп ескермедім.» Шынарбаев Эмиль
«Интернатта оқып жүр» Қадырбекова Ботагөз, Бөлегенова Балнұр;
«Ғылым таппай мақтанба» Нұрғали Айбар, Ақынбаев Нұрдаулет;
2-Жүргізуші: Абай өзінің шығармашылығында қарасөзге ерекше мән берген. Қарасөздерден адамның көңіл-күйінің жарығы мен қараңғысының айнасы болған – күлкі мен қайғы туралы педагогтер арасында осы күнге дейін айтылмаған тың ой табамыз. Өйткені күлкі мен қайғы туралы ешкім Абайдай тап басып айта алмаған. Абай «күлме» демейді тек «орынсыз күлкіден сақ бол» дейді. Абай өз шығармалары арқылы рухани бірлікке шақырады.
2 қарасөз Есімова Мадина
8 қарасөз Кулагунанова Малика
10 қарасөз Беркінова Мамура
17 қарасөз (Сахналық қойылым. Жүрек, ақыл, қайрат үшеуінің таласқа түсуі. Орындайтын 9А сынып оқушылары)
18 қарасөз Бидайбекова Жансая
31 қарасөз Тәңірбергенова Аяжан

 

1-Жүргізуші: Абайдың ән шығармашылығы қазақтың халық музыкасында ерекше орын алады. «Сегіз аяқ», «Айттым сәлем, Қаламқас», «Желсіз түнде жарық ай» т. б. әндері әлі күнге халық жүрегінен жылы орын алған.

 

«Құлақтан кіріп бойды алар» өлеңі (Айтжанов Меиржан)

«Өзгеге көңлім тоярсың» өлеңі (Омаров Әділ, Сейсембек Әділ)

«Сегіз аяқ» әні (Байменов Мәди, Бедилов Бердібек домбыраның сүйемелдеуімен әнді орындайды.)

«Көзімнің қарасы» әнін барлық оқушылар хормен айтады.

«Желсіз түнде жарық ай» әні. Орындайтын: қалалық «Абай оқулары» қалалық байқауының бас жүлде иегері Қадырбек Елнұр.

2-жүргізуші:

Ұлы Абай:

Әрбір жалқау кісі қорқақ, қайратсыз келеді,

Әрбір қайратсыз, қорқақ – мақтаншақ келеді;

Әрбір мақтаншақ қорқақ – ақылсыз, надан келеді;

Әрбір ақылсыз, надан – арсыз келеді;

Әрбір арсыз, жалқаудан – сұрамсақ, өзі тойымсыз, тыйымсыз, өнерсіз, ешкімге достығы жоқ жандар шығады деген екен. Ендеше осы жаман кеселдерден арылып, керісінше, еңбекқор, қайратты, батыл, ақылды, білімді, арлы, намысқой болайық! Ол үшін ерінбей, жалықпай Ұлы Абайды және оның керемет шығармаларын оқиық, оқиық та көңілге тоқиық.

1-Жүргізуші: Осымен, бүгінгі «Абайтану әлемі» атты іс-шарамыз өз мәресіне жетті. Аталған іс-шарадан өздеріңізге пайдалы да қажетті көптеген ақпараттар алды деп ойлаймыз. Олай болса, келесі кездескенше, достар!

 

Нұрғожина Дәмелі Тасболатқызы,
 № 62 мектеп-лицейі қазақ тілі мен әдебиеті
пәнінің жоғары санатты мұғалімі,
Астана қаласы

Сіз не дейсіз оқырман?

Е-мэйлыңыз жарияланбайды.