«Бөтен сөзбен былғанса сөз арасы»
Абай.
Әлифдек ай йүзіңе ғибрат еттім,
Би, бәләи дәртіңа нисбәт еттім.
Ти, тілімнән шығарып түрлі әбиат,
Си, сәнаи мәдхия хүрмәт еттім.
Жем, жамалың қандай ақ рузи маған,
Ха, хәлиллик таппадым, жаным, сәнан.
Хи, халайық, мен емес, бәрі ынтизар,
Дәл, дариға ғишық оты бермес аман.
Зәл, зәлиллік көрген соң, сайрай бер, тіл,
Ре, риза қылмағыңды, яр, өзің біл.
Зи, зәһәрдай күйдірді ғишқың қатты,
Сын, сәләмат қалмағым болды мүшкіл.
Шын шикәр ләб есіме түскен сайын,
Сат, сабырым қалмады, мен не әйләйін.
Зат, зайғ өмірім өтті менің бекер,
Тай, талаптан әйтеуір құр қалмайын.
Зай, залым көп қылыш боп жанға оқталды,
Ғайін, ғақылымды басымнан тартып алды.
Ғайын, ғариблік басыма түскеннен соң,
Фи, файдаң тие ме деп жаза салды.
Қаф, қабыл болар ма екен жазған хатым,
Кәф, кәмил ақылың, асыл затым.
Ләм, ләбіңнен ем қылсаң мен дерттіге,
Мен, меһріңнен қалмас ед бар апатым.
Нон, налә ғып қайғыңмен күйдірдің көп,
Уау, уәйлана ғишқың уайым жеп,
һи, һеш файдаң тимесе өлді ойлаңыз,
Ләм әлиф, лә иләһа илалла деп.
Я, ярым, қалай болар жауап сөзің,
Мәт – қасың, тәштит – кірпік, сәкін – көзің.
Үтірмен асты-үстілі жазуда бар,
Болуға асты-үстілі көнсең өзің.
1 Ғибрат (арабша) – үлгі, өнеге, нақыл, мағына.
2 Бәләи (арабша) – пәле, қиыншылық.
3 Дәртіңа (дәрд) – түп мағынасы ауру, азап шегу; өлеңдегі мағынасы – ғашық болып дерттену.
4 Нисбәт (арабша) – байланыс, бір нәрсемен байланыста болу. Бұл арада ем таптым деген деген мағынада.
5 Әбиат (арабша) – өлең, жыр; бәйт сөзінің көпше түрі.
6 Сәнаи (арабша) – сұлу, әдемі, шебер.
7 Мәдәх, мәдхия (арабша) – мақтау, өлең, ода.
8 Жамал (арабша) – көрік, сұлулық.
9 Рузи (парсыша) – күн, күндей.
10 Хәлил (арабша) – шын дос, сүйген жар.
11 Зәлил (арабша) – азғын, жексұрын, қорланған.
12 Яр (парсыша) – дос, сүйікті мағынасында.
13 Зәһәр (парсыша) – у.
14 Шикәр ләб (парсыша) – тәтті ерін.
15 Зайғ (арабша) – жолдан таю.
16 Кәмил (арабша) – толық.
17 Уәйлана (арабша) – бақытсыздық, қайғы.
18 Лә иләһа илалла (арабша) – Алладан басқа ешбір тәңірі жоқ.
19 Бұл бір жолда араб жазуындағы сөздерді дұрыс оқу үшін
қойылатын белгілерді келтіреді.
Ұлы ақынның 1864 жылы он тоғыз жасында жазған өсиет, үгіт сарынды діни біліміне негізделген бұл өлеңі алғаш рет 1933 жылғы ақын шығармаларының толық жинағында жарияланған. Осы өлең төңірегінде М. Әуезов «Абайдың жарияланбаған материялдары» жинағында мынандай үзінді келтіреді:
«Әлифби» мен «Иузи Раушан» айырмашылығы «Иузи Раушанда» жер үстінде көретін махаббат емес, сопылық сарында жазылған, «Әлифбиде» сырт үлгісін сақтай отырып, әсерленген түрді алады. Мұнда адамның сезімінің шындығы басым емес, ақыл басым сияқты. Оны өлеңің аяғында көреміз» дейді.
Мәдениеті ерте дамыған араб елдерінің бүкіл әлем мойындаған екі мызғымас тұғыры бар. Оның бірі – таза адамгершіліктің шырқау шыңына алып шығатын, жан-жақты дамыған Құран сөзі.
Абайдың «Алла ішіңді айтқызбай біледі ойла, Пендесіне қастықпен кінә қойма» Алланы жүрекпен сезіну туралы терең ой жатыр. Дін жүректі тәрбиелейді, салмақтылыққа, мінезділікке үйретеді.
Әлемнің көптен Ұлы тұлғалары Исламның артықшылығын мойындаған. Жалпы қазақтың әдебиеті де, мәдениеті де, тілі, тәрбиесі, мінез-құлқы, дүниетанымы Исламмен тығыз байланысты. Абай, Алтынсарин, Шәкәрім шығармаларын діннен бөліп қарауға болмайды. Пайғамбарымыз Мұхаммед ғ.с.с. «Мен сендерге екі нәрсе қалдырып отырмын. Сол екеуінен мықтап ұстансаңдар адаспайсыңдар. Оның бірі — Алланың кітабы, екіншісі – менің жолым.» деген.
Жүргізушіге жол жүру ережесі қандай қажет болса, тірілерге құранды ұғу, құран жолымен жүру мың есе қажет.Жол жүру ережесін білмеген немесе бұзған жүргізушілер апатқа ұшырайды. Ал Құранды ұғына алмаған, өмір ережесін білмейді. Өмір ережесін білмеген жан күйзелісіне ұшырайды, яғни жан дүниесі апатқа ұрынады. Бірақ, пенде онысын біле бермейді.Соның нәтижесінде түрлі ауру-сырқауға ұшырап, әртүрлі келеңсіздіктерге тап болады.
Расында да ақындар өмір кешкен арасы алшақ замандар тағдырындағы ұқсастық оларды әдебиетке бір тұрғыдан түйістірді. Сағди, Науаи заманындағы ақындар екі дәуірдің де ортақ күйінде болды. «Адам баласы қай жолда, қай майданда жүрсе де, сол майданның кісісімен сырлас болады» деген Абай өзінде бар осы сипаттас көп ортақтастықты байқаймыз. Он тоғыз жасында араб әрпін жете меңгеріп, діни білімді терең ұғынған сәтте жазған танымдық өлеңнің сыры тереңде. Осы бір өлеңге қарап-ақ, ертеректегі медреселер білім беруді біздің кәзіргі жүйе сияқты әріпке табынудан бастамағанын көреміз. Медресе есігін аттаған әрбір ең алдымен өзін танудан, адам танудан, әрбір әріптің табиғатын қоса танудан бастаған. Қасиетті Құран кітаптің тілі араб тілімен, араб әрпімен жазылғандығы жайдан-жай емес, Арабтың әрбір әрпінің өзі қасиетті екенін айта алмай жүрміз.
Біз пайдаланып жүрген дұғалар неге тек араб әрпімен жазылады? Дұға барлық халыққа ортақ. Дүниеде екі жүзге жуық ірілі-ұсақты ұлт өкілдері бар. Осылардың әрқайсысының өз тілдерінде неге жазуына болмайды? Бұл сұраққа үлкен мүфтилердің өздері бір сөзбен жауап бере алмайды.
Жоғарыдағы сұраққа жауап іздеу үшін, қасиетті дұғалардың тек араб тілінде, арабша жазылғандығын түсіндіру үшін Абай дың «Әліп би» өлеңін негізге алып қарасақ, түсінген адамға жауабы сайрап тұр.
«Әлифби» жолдарындағы әрбір әріптің әліпбилік мәндерін медреселерде оқытылатын «Иманшарт» кітапшасындағы әріп белгілерінің соған сәйкес сипаттарымен салыстыра зерттеп, қарадық. Көп жағынан ұқсастық пен бірегейлік бар екені қиын емес.
Әлиф би деп ай жүзіңе ғибрат еттім,
Би – бала й дәртіңе нисбәт еттім.
Ти – тілімнен шығарып түрлі әблат,
Си – сәнай мәдхыңа хұрмәт еттім. – деген жолдардағы «Әлиф» — араб тілінде «сөздің басы» деген ұғымды білдіреді. «Сөз басына, білімнің басына ғибрат еттім» дейді ақын. Ауыз екі тілімізде жиі қолданатын, «әліптің артын бағып» деген сөздің төркіні осында жатса керек.
«Би бала й» — ұлы жоғары білімді дегенді білдіреді. Ендеше ақын «Ұлы жоғары білімді «әлиф биден» бастап, «ти» — тілімнен түрлі ілімді шығарып, «си – санай» — мақтаулы құрметіңе мадақ айтып түрлі дұғалық еттім» дейді.
«Жем – жамалың қандай ар рузи» — дегендегі «жем» араб әрпінде дұғалық сөз. 2004 ж. 11 санындағы «Қазақстан әйелдері» журналында араб әріптерінің «Әліп биге» қатысты әліпбилік мәндерін түсіндіріпті. Соның ішіндегі жем \жим\ әрпін 24 рет Мысыр набатына жазып, ауырған кісінің тамағына қосып берсе шипасын табады дейді. Яғни, Абайдың «жамалың, әдемі көркің менің дертіме шипа болсын» дегені ғой.
Ха – халаллық таппадым жаным саған. Ха – дүйсенбі немесе жұма күндері ай толған мезгілдің бірінші болмаса сегізінші сағатында бір қатардан жүзіктің көзіне нақыш етіп, сегіз рет жазып, саусағына тақса, адамның құштарлық қуаты артады дейді. Абайдың «Ха – халаллық» дегені – адалдық тазалық көрмедім, таппадым сенен артық» деп құштарлығын білдіргені.
Хи – халайық мен емес, бәрі ынтызар – дейді ақын. Хи — әрпін жоғалған нәрсесін табу ниетімен алпыс рет жазып, басына жастап ұйықтаса, жоғалғаны адамның түсіне кіру арқылы мәлім болады. Яғни, Абайдың да жоғалғаны табылып, ынтызар болғаны.
Дәл – дариға ғашық оты бермес аман. Дал \дәл\ — иленген киік терісіне осы әріпті жазып, өзімен бірге алып жүрсе, зейіні-ақылы, білімге деген құштарлық қабілеттің артады. Абай «осы дерттен аман қалар ма» екенмін дейді.
Зәл – зәлилік көрген соң, сайрай бер тіл. Зәл – осы әріп жазылған қағазбен дем алса, себі тиуі мүмкін екен. «Қорлық көрсем де «зәл» себі тиер, сайрай бер тіл» дегені.
Зи – заһардай күйдірді ғишқың қатты. «Зи» әрпін үнемі оқып жүрсе бойдағы қорқыныш сейіледі. Уішкендей күйдірген ғашықтық дерттің шипасын ақын осы «зи» әрпінен іздейді. Ақынның бұдан кейінгі жазған өлеңдеріндегі «Ішім өлген сыртым сау», «Ішім толған у мен дерт» өлеңдерінің негізгі арқауы осыдан өрілді десек те болады.
Сын – сәламат қалмағым болды мүшкіл. «Сын» «син» — біреумен кездескің келсе, «син» әрпін жапыраққа жазып, ағын суға тастаңыз. Көп кешікпей күткен адамыңызбен кездесесіз. Абай да жұмбақ ғашығына кездескенше асық.
Шын – шикар ләп есіме түскен сайын. «Шин» — бұл әріпті 40 бөлек қағазға жазып, әр бөлегін нанға қосып берсе, сізге жамандық ойлаған адам райынан қайтады. «Менің райыма көнген шекер лебің есіме түскен сайын, Сат – сабырым қалмады мен не әйлайын» дейді Абай. Сат \сад\ — жаяу кетіп бара жатқан кісі бұл әріпті тынбай қайталаса, көздеген жеріне шалдықпай жетеді. Абай да «көздеген жеріме шалдықпай жетсем» деп армандайды.
Зат – зайығ өмірім өтті менің бекер. Зат \зад\ — тамаққа дем салу барысында әріпті сегіз жүз рет оқып, ұстамалы кеселмен ауыратын адамға жегізсе ем болады. Абайдың ұстамалы дерт деп отырғаны – ғашықтық дерті. «Зайығ» — «бос, бекер» деген ұғымды білдіреді.
Тай – талаптан әйтеуір құр қалмайын. Тай \та\ — әріпті тырнағына жазып, он рет оқыса, кіммен келіссөз жүргізсе де пайдаға шешіледі. Абай да «осы пайдадан құр қалмасам екен» дейді.
Зай – залым көп қылыш боп жанға оқталды. За \зай\ — таң немесе бесін намазы уақытында үш жүз рет оқыса, пәле-жаладан аулақ болады. Абай көп залымның қылышынан «зай» әрпінің құдіреті арқылы қорғансам дейді.
Ғайн – ғақлымды басымнан тартып алды. Ғайн \айн\ — Мүштари мен Шолпан жұлдызының өзара 60 градустық бұрышында бір-біріне жүз беріп тұрған уақытында шафрин гүлі суымен сүйікті адамының есімін қағазға жазса, көп кешікпей екеуі тіл қатысады.
Ғайын – ғарбилік басыма түскеннен соң. Ғайын \ ғайн\ — ащы қарбыз жапырағына осы әріпті мың рет жазып, Марстың батар уақытында қарсыласының үйінің түбіне, немесе өз үйінің тұсына дем салып көмсе жеңіске жетеді. «Ғарбилік» мүсәпір мүскіндік басына түскен ақын «ғайын» арқылы жеңіске жеткісі келеді.
Біз «Әлифби» өлеңінің орта тұсына келіп тоқтадық. Әль-Фарабидің «Музыка туралы трактат» атты әріптер туралы ғылыми еңбектері соңғы жылдары баспадан орысша аударылып шыққанын білеміз. Әль-Фарабидің осы шығармаларында әріп, дыбыс, сөз, әуен, ғылым, дін туралы танымдық ойлары кеңінен баяндалған. Абай мұрасын Әль-Фарабимен салыстырар болсақ, екі кемеңгердің де ойлары өзектес, әріптері әуендес келеді. Тақпақтай сөйлеу, өмір сабағы қорытындысын айтып тастайтын үлгіде қанатты сөз айту, шешен сөйлеу – шығыс әдебиетінің тума қасиеті болған.
Қазақ елі арасында қадыми білімді кең таратқан мектеп – медресенің алғашқыларының бірі болған Абайдың «Әлифби» өлеңі өзінің шығармашылығындағы алғашқы әліппесі іспетті. Осы өлеңінен бастап, «Алланың өзі де рас, сөзі де рас» өлеңіне дейінгі аралық ақын шығармашылығының «Әліп биден» бастау алған жұмбағы тереңдеп, өз өрісін тауып отырады.
Абайдың 38-ші қара сөзіндегі «Ғылым бар болса – қаламың да бар. Ол арада ғылымның бір сипаты, бір кәләлі, яғни бір сөйлеуші деген сөз. Сөз дауыссыз, қарыпсыз болушы ма еді. Алланың сөзі қарыпсыз, дауыссыз» дегені ақылшылыққа, біз әлі біліп болмаған ұстаздыққа әкеліп саяды.
Жалпы «Әлифби» өлеңінде текстологиялық зерттеу толық жүргізілмеген. 1933 жылғы жинақта өлеңнің бастапқа жолы «Әлиф, деп ай жүзіңе ғибрат еттім» — деп басталса, 1939 жылғы жинақта: «Әлфидек…» деп баслыған. 1943 жылғы жинақта да «Әлфидек…» деп басылып, шағатайша – «Әліптей…» деп түсінік берілген. Ғалымдардың зерттеу нәтижесінде 1933 жылғы жинақтағы; «Әлиф, деп ай жүзіңе ғибрат еттім» деп басылғаны дұрыс болады. Бұрынғы жинақтарда қате басаылған түзетіліп, өлеңдегң араб,парсы, негізгі жазылу түрі көрсетіліп, мағынасына түсінік берілді.
Алмахан Мұхаметқалиқызы
Білім айнасы