Home » Ашық сабақтар » Абайлап жүретін жүргіншілер. Ауесханова Балақыз

Абайлап жүретін жүргіншілер. Ауесханова Балақыз

   Мақсаты: Жол белгілерінің қызметтері жайлы білімдерін қалыптастыру. Балалардың жолда жүру ережесімен таныстыру. Жол қауіпсіздігін есте сақтауға, білуге және көшеде дұрыс жүруге тәрбиелеу.

    Көрнекіліктер: Бағдаршам, түрлі-түсті жол белгілері, машиналар.

     Кіріспе:

—   Бүгін «Абайлап жүретін жүргіншілер» атты ойын сабағын бастаймыз. Жол заңы дұрыс жүріп, абай болуды талап етеді. Қалада қозғалыстардың көп болса да, бір-біріне кедергі келтірмейтіні туралы айтылады. Бұл көлік жүргізушілеріне және жаяу адамға да арналған қатаң ереженің сақталуынан екендігін түсіндіріледі. Жолдың қалыпты қозғалысын көбіне өздерің секілді балалардың жол бойында қалай болса солай жүріп, доп қуалайтыны, шана тебуі, жүріп бара жатқан машинаға жабысуы т.б. салдарынан бұзылады.

Жалғайтын достастырып бар елменен,

Жолдардан тұрады ғой әлем деген.

Бүгінгі бізге келген қонақтарға,

Ойын-сабақ бастаймыз сәлемменен!

Ғажайып сәт: Қонаққа Дымбілмес келеді.

— Сәлеметсіңдер ме, балалар!

Тәрбиеші: Балалар, бізге қонаққа Дымбілмес келді.

— Дымбілмес, қош келдіңіз, қайдан жүрсіз?

Дімбілмес:    Мен әжеме шығып едім қыдырып,

Адасып жолда қалмайын бір сәт кідіріп.

Жол белгісін айтыңдаршы анықтап,

Өздеріңе артып тұрмын бір үміт.

Тәрбиеші: — Олай болса, балалар, біз Дымбілмеске көмектесеміз бе?

-Ал, балалар, біз жыл бойы өткен жолда жүру ережелерін еске түсірейік.

Ол үшін біз алдымен бір жұмбақ шешіп көрейік.

Гүлнәз:        Ашса кезек үш көзін,

Айтты деп ұқ сөзін.

«Тоқта!

Сақтан!

Жол ашық!

Жүрме жолға таласып».

Қызыл көзін ашқанда,

Сынық сүйем баспа алға.

Сары көзін ашқанда,

Өте бергін, жасқанба!

Көзін ашып жұмады,

Бағыт сілтеп тұрады. (Бағдаршам)

Балалар бағдаршам белгілерін қандай дәрежеде білетіндіктерін, «Бағдаршам» қимылды ойын арқылы бекітеді.

Ойын шарты: Жүргізуші жасыл түсті көрсеткенде балалар жүреді, сарыны көрсеткенде алақандарын соғады, қызыл түсті көрсеткенде тыныштық сақтайды.

Тәрбиеші:

            Зуылдаймыз, зулаймыз көлікпенен,

Алыс-жақын жерлерді көріп келем.

Достарыма айтып жол ережесін,

Сақтық жайлы кеңес те беріп келем.

—   Балалар, қараңдаршы, бізді бір топ жол белгілері күтіп тұр екен.

(Алға жол белгілері атрибуттарын ұстаған балалар шығады).

Сақтандыру белгісі:

            Қып-қызыл үшбұрыш,

Ескерту белгісі мен боламын.

Қауіптен сақ бол деп,

Сәт-сапар жолдаған.

Аман-сау жүреді жаяу да, көлік те,

Мен берген белгіні сақтаған, қолдаған.

 

Тыйым салу белгісі:

            Қызылмен боялған шеңберді аумақты,

Тыйымшыл белгімін, қаталмын, салмақты.

Мен тұрған жерлерде хақың жоқ жүруге,

Қауып бар, бағдарла, көз салып жан-жақты.

 

Көрсеткіш белгісі:

            Баратын жеріңнің бағытын, тұрағын,

Үн-түнсіз жөн айтып, жол нұсқап тұрамын.

Күндізде, түнде де от болып жанады,

Көк түске боялған төртбұрыш қырағы.

Тәрбиеші:

-Қоғамдық көлік ережелері туралы не білеміз?

А) Көлікке кіргенде үлкен кісіге орын беру керек.

Ә) Жүргізушіге кедергі жасауға болмайды.

Б) Көліктің ішін ластауға болмайды.

—   Жарайсыңдар, балалар, қоғамдық орындарда өздеріңді ұстай біледі екенсіңдер.

Жолда тыйым салынған қимыл-қозғалыс әрекеті туралы білеміз бе?

Балалар:

Ысқырықты тыңдамай,

Муса шапты доп қуып.

Машинаға жазғаны-ай,

Ұшып түсті соқтығып.

Мейлі «автобус, «трамвай»,

Жетем деме қуалай.

Жүр есіңнен шығармай,

Жасама іс ойланбай.

Тентектігін қоймаған,

Жаман әдет бәс тігіп,

Жол үстінде ойнаған,

Әпермейді жақсылық.

Алды-артыңа мұқият,

Байқап алып, сосын өт.

Асығам деп шұрқырап,

Тартып жүрме қасірет.

 

Тәрбиеші:

Есіңе сақта:

            Көшеден өткенде арнаулы жермен, жасыл жанғанда ғана реттеушінің белгісін күт.

Жол қиылысында аса абай бол.

Көшелер мен жолдарда шанамен сырғанап ойнама.

Балалармен алдын-ала жасап қойған жолдармен ретеушінің көмегімен жүріп, «дұрыс жол таңда» ойынын ойнау.

Қорытынды:

— Дымбілмес, сізге біздің балалар жолда жүру ережелері жайлы мағлұматтарын барынша түсіндіруге тырысып, сіздің үмітіңізді ақтауға тырысып бақты, ұнаған болар?

Дымбілмес: — Иә, ұнады, мен көптеген жол белгілері туралы мағлұмат алдым.

Енді мен әжемді осы белгілер арқылы адаспай табамын. Сендерге көп-көп рахмет.

Балалар, бізде әрқашан жол белгілерін сақтап, мұқият болайық!

Ол баршамызға ортақ.

— Бағдаршамға қарауды ұмытпа.

— Жолдан өтер кезде алдымен сол жағына, содан соң оң жағына қарап, арнайы жаяу жүру жолымен өт.

-Көшеде бейтаныс адамдармен сөйлесіп және ілесіп кетпе.

Пайдаланған әдебиеттер:
«Мектепке дейінгі тәрбие» №5 2011 ж.
«Бала мен балабақша» №9 2014 ж.

Ауесханова Балақыз,
«Арайлым» балабақшасы МКҚК
тәрбиеші,
Оңтүстік Қазақстан облысы,
Шардара қаласы

Сіз не дейсіз оқырман?

Е-мэйлыңыз жарияланбайды.