Адамзаттың асыл мұраты, мәдениеті мен білім деңгейі қоғамның өлшемі ретінде қаралатын жаңа ғасырдағы жас ұрпақты Отансүйгіштікке тәрбиелеудің маңызы күн санап артып келеді. Ертеңгі ел болашағы жас ұрпақты жастайынан ізгілікпен мейірімділікке, қайырымдылыққа адамгершілік атты ұлы қасиеттерді бойына сіңіріп, сенімділікке тәрбиелеу ата-ана мен балабақша тәрбиешісінің қос міндеті.
Балабақша табалдырығын аттаған бүлдіршінге патриоттық тәрбие беруде түрлі технологияларды пайдалану баланың ой-өрісін дамытумен қатар көркем ойлауында көмегі зор.
Сөзімізге дәйек болар патриоттық тәрбие бағытында қатарынан 3 жыл бойы жұмыс жасап келе жатқан Нұр-Сұлтан қаласындағы Макишева Клара Боранбайқызы басқаратын №24 «Айналайын» балабақшасы биылғы қазан айының 23-іне жоспарланған кластер жұмысын жылдағыдан өзгеше өткізді. Нұр-Сұлтан қаласындағы Қазақстан Республикасының Ұлттық академиялық кітапханасында ұйымдастырған шара Ұлы ойшыл Абайдың 175 жылдығы қарсаңында «Абай-дана, Абай-дара» әдеби шығармашылық кеш тақырыбымен өтті.
Балаларға арнап жабдықталған кітапхана залында көркем әдебиеттер мен қатар Абай шығармашылығынан арнайы көрме дайындалған. Серіктес №13 «Тұлпар», №58 «Өркен», №6 «Көктем», №71 «Мөлдір» балабақшаларының тәрбиеленушілері салған түрлі суреттер көрмесі ұйымдастырылған. Арасында Ұлы Абайдың өр тұлғасын айнытпай салған жас суретшілерде кездесті.
Ұлы ақынның өнегелі өмірінен сыр шертер, шығармашылығына шолу жасар өлеңдері мен қара сөздерін мәнерлеп оқып, әнімен құлақ құрышын қандыруға жиналған көрермен көп болды.
Кішкентай ғана шәкірттеріне Абай өлеңдерін жатқа айтқызып Абай әлемінен сусындауға үйреткен тәрбиешілердің еңбегі бірден көрініп тұрды. Өнер көрсеткен ата-аналармен қатар №50 «Қазғарыш» мектеп-лицейінің оқушылары Теметаев Фараби, Рамазанов Нариман қара сөзбен жыр жолдарын төксе, Көптілеу Таир күмбірлете күй тарту етті.
Бұл өнер кешінің өзге балабақшалардан тағы бір артықшылығы барлық серіктес балабақша тәрбиеленушілері де дайындықпен келіп, патриоттық тәрбие аясындағы түрлі концерттік бағдарламаларын ортаға салғандығы.
Өзін ғана емес бір бағытта жұмыс жасайтын әріптестерін тығыз байланыс орната білуге жетелеген №24 «Айналайын» балабақшасының ұжымы өзгелерден озып шықты деуге болады.
Абай танып өскен әр қазақ баласына деген сенім берік. Құлақтан кіріп бойды алған, жақсы әнмен күй тыңдауға жиналған шараның қонақтары да өз ризашылығын білдірді. Мектепке дейінгі ұйымдар арасында өзара тәжірибе алмасу мен біліктілікті арттыру мақсатын көздеген кластердің ұйытқысы Нұр-Сұлтан қаласы Білім беруді жаңғырту орталығының директоры Ибраева Гүлнәр Құлмұхаметқызы, Ақын, аудармашы, жазушы, Қазақстан жазушылар одағының мүшесі Жанайдаров Орынбай Күленұлы, Нұр-Сұлтан қаласы Кәсіподақ комитеті төрағасының орынбасары Наурызбаева Балсұлу Мұзапарқызы өнерлі балғындарда ақ тілегін білдіріп, тамаша шараның ұйымдастырушыларына алғысын жеткізді.
Әріптестеріне қолдау көрсете келген қаладағы №48 «Ақкөгершін», №75 «Балалық шақ» балабақшаларының меңгерушілері Сәбиева Ұлжан Әбенқызы,, Нұрмағамбетова Айман Нүрсейітқызы аталмыш балабақша меңгерушісі Клара Боранбайқызының ұйымдастырушылық қабілетіне, балаларға тағылым-тәрбие берудегі кітапхана ұжымымен тығыз байланысына таңданыстарын, ризашылықтарын білдірді.
Шын мәнінде бала бойына патриоттық тәрбие беруге келгенде рухани орда Ұлттық кітапхана ұжымымен, болашақ балабақша түлектерінің ордасы мектеппен тығыз байланыс, кластердегі балабақша меңгерушілерінің өзара үндестікте жұмыс жасай білуі ата-аналардың атсалысуы бұл күнгі шараны өз биігіне шығарды.
Шара соңында балабақша меңгерушілеріне, қонақтарға естелік суреттер, өнерлерін ортаға салған бүлдіршіндер мен оқушыларға кітапхана ұжымына Алғыс хат табыстау көптің жадында сақталар шығармашылық кештің ажарын аша түсті.
Ұлы қазына, шығармашылығында қазаққа қажет руханилық тұнып тұрған адамзат ақылшысынан бүлдіршіндерге қажетті құнды дүниелер көрсете білген балабақша ұжымының еңбегіне жеміс тілейміз. Шын мәнінде Мұхтар Әуезов « Абай тереңінен шөміштеп қана іштім» десе, Сіздер бұл күні қазақтың ұрпағын сол тереңнен дәм татуға жетеледіңіздер.
Әлия Ғалымбекқызы,
Нұр-Сұлтан қаласы,
«Білім айнасы»