Мұхтардың қаламынан туған «Абай жолы» романындағы Бөжейдің асында заманында ел мен елдің арасы бірде қату, бірде тату болып, сұлтандар өзара бітім-тынымға келе алмай араларында пайда болған тұтам жер мен жерді жалынмен шарпуға дейін апарғаны әмбеге аян. Сол сықылды «аға сұлтандыққа» талас-тартысқа түсіп, бір-ақ берілетін мына фәниде дау-дамайын шешімін таппас шиеленіске ушықтырған Құнанбай мен Бөжей арасындағы өткел бермес оқиға туралы жиі айтылып келеді. Құнекең мен Бөжей өзара дүрдараз болып, мәселе өзара түйінін тарқатпағаннан кейін жағдайды Қарқаралыға барып шешпек болады. Құнекең жасынан жақсы көріп өскен қара шұнағын (бұл жерде Абайды айтып отыр) өзімен бірге ертіп әкетпекке бел буады. Қарқаралыға жүрерінде атына мінгелі жатқан Абайға анасы Ұлжан былай деп үн қатады:
– Балам, үлкендер бірде тату, бірде араз бола беретін. «Күндестің күлі күндес» дегенді сен білмей-ақ қой. Бөжекеңді көрген жерде сәлеміңді түзу бер. Бір кезде жақсы жақының еді. Кім тентек, кім мақұл? Қайдан білдің? Әкең дұшпан десе, сен әділ бол! Жамандыққа кім табылмайды дейсің, жанашырдан айрылма! – дейді.
Анасының осы ақылынан кейін бала Абай тізгінді қоя береді. Қарқаралыға барғаннан кейін бала шәкірт Бөжекеңді алыстан көріп қалады да лезде, көкірегіне қолын қойып, дауыстап:
– Ассалаумағалейкүм!.. – деп иіліп сәлем береді. Қасындағы Байсал түрін тыжырайтып, антұрғанның баласын сәлемін неге аласың дегендей алая Абайға қарағанда Бөжекең:
– Балам, жөніңді айтшы, бізді көрсең, сәлем бер деп әкең айтып па еді, жоқ өздігіңмен істедің бе? – деді.
– Бөжеке, әкем емес, өзім беріп тұрған сәлемім сізге!..
Бұл жауапты естіген соң Бөжей бар ықыласымен балаға жақындап:
– Әкең айтпай, өзің білген болсаң, батамды берейін. Көзіңнен жақсы жанар көрдім ғой, шырағым, ендігінің жүгі сенде қалар, балам! Жолың болсын!.. Жалғыз-ақ өзгені берсе де, әкеңнің қаттылығын бермесін! – деп бетін сипап жүріп кетеді. Ананың алтындай ақылынан Бөжекеңнің сыныннан сүрінбеген бала Телғара Бөжей дүние салғаннан кейін жас та болса, бас болып батасын алған атасының асын өзі өткізеді.
Алмахан Мұхаметқалиқызы
Білім айнасы