Home » Балабақша » Өнермен атқан «Арай» таңы

Өнермен атқан «Арай» таңы

Арайлап атқан әр таңда баласын жетектеп жылы ұяға асығатын ата-анамен баланы қарсы алар «Арай» атты білім ошағы бар. Астана қаласы әкімдігінің Мичурино тұрғын кентінде орналасқан бүлдіршіндер ордасы тағаны қаланған 8 жылдың ішінде бала тәрбиелеу мен білім беруде өзіндік бағытын қалыптастырған ортаға айналып келеді.
«Жас келсе-іске» демекші талғамы төмен жанға «жалақысы» аз жұмыс саналатын тәрбиеші мамандығын серік еткен Сүлейменова Жарқын Күзембайқызы соңғы үш жылда осы балабақшаның тізгінін ұстаған жас меңгерушілердің қатарында.
Алға қойған мақсат айқын, өз ісінің ыстық-суығын басынан өткеріп көрген жан ғана шыдай білетін жұмыста ең бастысы-  өз ісіне деген жауапкершілік, ата-анамен тіл табыса білу, ұжымын бір арнаға тоғыстырып, жұмыла жұмыс жасау алдыңғы орында тұрғаны Жарқын Күзембайқызының әр сөзінен байқалып тұрады.
. Адам баласы бұл мамандықты таңдарда «Ел баласын оқытам емес, ел ертеңі ұл мен қызымыздың тәрбиесі менің мойнымда» деген үмітпен бастауы тиіс Сөзіміздің арқауы болар тағылымды еңбек жолында басшыға серік бола білетін білікті ұжым бүгінде дәл осы «Арайда» жасақталған.
Кластер бағытына бөлініп жыл көлеміндегі жұмыстарынан өзара есеп беретін кездесу аталмыш білім ошағында да өтті. «Жаңа инновация әдіс-тәсілдерін пайдалана отырып, ертегіні сахналау арқылы түрлендіру» тақырыбын таңдап алған бұл семинар өзіндік ерекшелігімен жиналғандар есінде жатталды.
Ой ұшқырлығы, әрбір іске деген терең дайындық, өзгелерді қарай жүріп тәжірибе жинақтау және көргенді қайталамай өзіндік әсер тың идея қалдыруға келгенде бұл ұжым бір қадам алға шықты.
Әр балаға қуаныш, ұмытылмас әсер сыйлайтын сол арқылы бүлдіршіннің көркемдік талғамы мен еліктеуін, қиялын дамытатын театр өнерінің жаңа қыры « Көлеңкелі театр» осы басқосуда көрерменіне жол тартты. Бала қасиеттері қалыптасып .үлгіретін бес жасқа дейінгі қысқа уақыт ішінде өздерін сан қырдан сынап көріп, бар өнерін салып жан-жақтылыққа шыңдалатын тәрбиешілердің бұл жолдағы еңбегі тіптен ерекше.
Әуелі айта кетер жай бұл күнгі семинар жұмысына арналған қойылымға таныстырудан бастап, мазмұнына көңіл бөлу, шынайы жеткізу, қажетті құрал-жабдықтар мен қатар безендіру жұмыстары сахналауға дейін тыңғылықты түрде дайындалған.
Балабақша жұмысын жолға қойып, тәрбиешілерге жол көрсететін әдіскер Исмагамбетова Бибігүл Абылайқызы қонақтармен психологиялық –тренинг өткізген Орман Айнагүл Күмісбекқызынан соң «Көлеңкелі театр» турасында мағлұмат берді.
Тәрбиешілер шығармашылығынан алынған «Бауырсақ» ертегісі, «Жануарлар әлеміне саяхат» қойылымдары да жүргізуші айтқандай  театр өнері  айшықты құралдар көмегімен дауыс ырғағы, бет әлпетінің өзгеруі, қол қимылдары, дене бітімінің жағдайы мен жүріс-тұрысы арқылы нақты бейнелер қалыптастырды..Сондықтан да, театр қойылымдары балабақша тәрбиеленушілері үшін маңызын еш уақытта жоймайды.  Демек тәрбиеленушілерін қасына ерткен бұл өнерлі ұжымның бала .тілін дамытуға қолдары, саусақтарының жетілуі мен орталық мидың бөлігіне әсер ету арқылы бала қиялын дамытамыз деген мақсаттары орындалды. Қонақтарға өздерінің билерімен шашу шашқан ересек топ тәрбиеленушілерінің өнері де тамаша. Шара барысында «Театрландырылған қойылымдар арқылы балалардың тілдерін дамыту» тақырыбында тәрбиеші Серкебаева Тұрар Хасеновнада өз ойын толық жеткізе алды.
Өнер бағытына ізденіс жасап келе жатқан өзге де серіктес балабақшалар тәрбиешілері мен кластер жетекшісі №38 « Шаттық» балабақшасының меңгерушісі Сәуле Нұрғалиқызы бастаған қонақтарды тәрбиеші Курыкбаева Рабига Бакытжановна өзінің шеберлікті шыңдай түсер жұмысын бірге жасауға орта шақырды.
Көлеңкелі театрдың сахнасынан бастап, кейіпкерлеріне дейін өз қолдарымен жасап, тіпті өзара сайысқа түскен қонақтардың жүздері таңданыс пен талпынысқа толы болды. Басқосу соңында бұл күнгі тамаша қойылымдарды өте шеберлікпен көрсете білген ұжымдағы актерлік шеберлігі басым тәрбиешілер Ильясова Асем Амантайқызы, Бекетаева Арайлым Жанатқызы, Дәрменова Мерей Ерғалиқызы,Төкешова Қызғалдақ Кәдірбекқызы, Жаманбалина Маржан Қайратқызы, Бекбаева Гүлмира Шәйкенқызы,Қоюшы режиссер бірінші кіші топ тәрбиешісі Тюлегенова Альмира Балықбайқызына жиналғандар ризашылықтарын білдіріп, жылы лебіздерін жеткізді.
Иә, барлық балабақшаның жолы біреу. Ол ертеңгі елдің атқа мінер ұл-қыздарын тәрбие ошағы балабақшадан қанаттандырып шығару және талантын ашып үлкен өміріне із салу. Дәл міне осындай қасиетті білім жолында балабақша тізгінін ұстаған іскер әрі жас басшылардың басқару жолы әр бөлек екеніне көзіміз жетіп келеді.
Әрқашан алдан көрінуге ұмтылған, өзімен бірге ұжымын көрсете отырып, бастаған ісін баянды жеткізе алатын шеберлік қасиеті екінің бірінде жоқ. Әуелі ұжымдық қолдау, өзіне де өзгеге шығармашылыққа толы жылы орта жасауда алдына жан салмайтын Жарқын Күзембайқызының табандылығы, ізденісі өзгеге үлгі болар. Өнер айдынына балапандарымен бірге қанат сермеп, әр ісінен нәтиже шығаруды көздеген ізденгіш педагогтар ұжымына тек табыс, сарқылмайтын шабыт тілейміз.

 

Әлия Ғалымбекқызы,
«Білім айнасы», Астана қаласы.

 

 

Сіз не дейсіз оқырман?

Е-мэйлыңыз жарияланбайды.