Home » Айтарым бар » Әр күнін жоспарлай білетін жас маман

Әр күнін жоспарлай білетін жас маман

Абзал Есенғазиев – Батыс Қазақстан облысына қарасты Қазталов ауданындағы жалпы білім беретін орта мектебінің оқытушысы. Әр күнін тиімді өткізуге тырысатын жас ұстаз – шәкірттеріне үлгі болуға тырысады.   

Кейіпкеріміз бұл мамандыққа үлкен мақсатпен келген екен. – Бұл ұстаздық мамандықты таңдау себебім – өскелең ұрпақтың бойына адамгершілік қасиеттер қалыптастырып,сана-сезіміне ұлттық дүниетанымымызды сіңдіріп,еліне қызмет ететін адал тұлға тәрбиелеу. Осы жолды бірден-бір төте жол деп білдім. Ыбырай Алтынсарин бабамыз сияқты балалардың оқуға, өнерге деген талаптарын шыңдап, «Бұлақ көрсең көзін аш» деген тәмсілді негізге алып, еңбек етуге бекіндім. Бүгінде осы мақсаттарымның жемісін де көре бастадым. Бұл мені қатты қуантады, – дейді Абзал Серікқалиұлы. Сонымен қатар жас маман оқушыларын қазақ халқының әдебиетін, тарихын өз бетінше қызығып оқитындай жағдайға жеткізуге талпынып жүр.

2014 жылы Батыс Қазақстан инженерлік-гуманитарлық университетінің филология факультетін бітірген А.Есенгазиев – қазақ тілі мен әдебиеті пәндерінің оқытушысы. Күні кеше еңбек жолын бастаған кейіпкеріміз мектепте қосымша «Жас ақын» үйірмесін жүргізеді. Білім саласында бесінші жыл қатарынан жемісті еңбек етіп жүрген ізденімпаз ұстаздың шәкірттері түрлі байқауларға қатысып, жүлделі орындарға ие болып үлгеріпті. Биылғы оқу жылындағы аймақтық олимпиадада қазақ тілі мен әдебиеті пәндерінен Инабат Саленова мен Махаббат Серикова 1-орынға ие болса, аудандық кезеңде бұл дарынды оқушылардың бірі – үшінші орыннан көрініп, бірі «Алғыс хатқа» қол жеткізген. Ал облыстық «Мұқағали оқулары» байқауында  9-сынып оқушысы Шоқан Қайров 3-орынды иеленіпті.

 

Тағы бір айта кетерлігі, Абзал Серікқалиұлы әлеуметтік желіні белсенді қолданады. Жас мұғалім әлеуметтік желінің қай-қайсысын да өз қажеттілігіне қарай пайдаланатынын айтты. – Мысалы, Facebook желіcіндегі парақшама мектебімізде өткен танымдық шараларды жариялап отырамын. Өзімнің жазған өлеңдерімді оқырмандарыммен бөлісемін. WhatsApp желісінде де белсенділік танытуға тырысамын. Жұмыстан қолым босаған уақытта желідегі достарыма танымдық бағыттағы сұрақтар қойып, олардың арасында сайыстар ұйымдастырып тұрамын. Көбі бұл бастамамды жалғастыруымды өтініп жүр. Сондай-ақ ауданымызда өтетін қоғамдық шаралардан да қалыс қалмаймын. Әр күнім бір-біріне ұқсамаса екен деп ойлап жүремін. Өйткені мұсылманның әр күні жақсы іспен,алға жылжумен толығып отыруы керек екен, – деген іскер маман бос уақытын текке өткізуге құлықсыз екенін аңғартты.

Абзал Серікқалиұлы аға буын әріптестерінің ақыл-кеңесіне әр кез жүгініп отырады. Әсіресе, тәлімгері Жасұлан Шукиров пен «Шежіре» пән бірлестігінің жетекшісі Нәбия Утегеновамен кейбір мәселелер бойынша тәжірибе алмасады. Абзал үшін бастауыш сынып мұғалімдерінің де жөні бөлек. Солардың бірі – Гүлайым Қоштаева кейіпкеріміздің алғашқы ұстазы.

– Ұстаздық жолымда өзімді көбіне шығармашылық бағытта сынап көрдім. Жалпы ойымда көптеген дүниелер тұрады. Адам баласы армандап және соған барар жолын өзі қарастыруы керек екен. Әрине, кейде сәтсіздіктер де кездеседі, бірақ мен одан әрі талпынуға тырысамын, – деді сөз арасында жас ұстаз. Ол бір қиындықтың артында екі жақсылық жасырынып тұратынына бек сенімді.

Арманы асқақ, мақсаты биік Абзал мұғалім – кез келген жасқа үлгі етуге лайықты азамат. Ол 2017 жылы Алашорда қозғалысының 100 жылдығына орайластырылған облыстық «Ұлықтауға лайық ұлт зиялысы» атты жыр мүшәйрасында ынталандыру сыйлығына ие болып, «Алғыс хатпен» марапатталған. 2018 жылы аудандық «Дала дарындары» жастар шығармашылық байқауында 1-орынды иеленіпті. Сол жылы шығармашылық белсенділігі үшін республикалық «Білім айнасы» газеті бас редакторының «Алғыс хатына» ие болды. Ал жыл соңында Қазталов аудандық «Жыл үздігі» жастар сыйлығының «Үздік блогер» аталымына лайық деп танылған. Күні кеше Атырау қаласында өткен ақын Ф.Оңғарсынованың шығармашылығына арналған «Фариза, Фаризажан, Фариза қыз» атты республикалық байқауда ұстаздар арасында топ жарып, 1-орынды олжалап қайтқаны тағы бар.

Абзал бүгінгі күннің ұстазы жан-жақты, өзіне сенімді, әрі жаңаша ойлай білетін қасиетімен даралануы керек деп санайды. Оның ойынша, әлеуметтік желіні де дұрыс пайдалана білу керек. «Біздің алдымызда жаңалықтар мен өзгерістерді қалт жібермей қадағалап отыратын ұрпақ отыр. Ойын ашық айтатын, пікірталасқа бейім шәкірттер оқытушысынан да тың дүниелер күтеді. Сол үшін бүгінгі ұстаз үшін жаңаша ойлаудың маңызы зор» деді жас маман.

Ұл-қыздарының сүйікті ұстазына айналған жанды ата-аналар да қолдап жүреді. Оның әлеуметтік желідегі жазбаларына жақсы пікір қалдырып, тілеулестік танытып отырады. Мұның өзі шығармашылық адамының шабытын шыңдап, қанат бітірері сөзсіз.

Өзі еңбек етіп жүрген ұжымы жайлы айтып берген Абзал Серікқалиұлы: – Әлия Нәсіпқалиқызы Жақсыбаева басшылық ететін ұжымда кеңес берер аға буын да, бағыт көрсетер орта буын ұстаздары да бар. Жаңашылдықты жаны сүйер жас ұстаздар – ұжымның бір бөлшегі іспеттес. Директордың оқу ісі бойынша орынбасары Ләззат Қабиболлақызы Тақаева оқу процесін жүргізуде сенімділік таныта білсе, тәрбие ісі жөніндегі орынбасары Гүлнұр Серікқызы Абузарова тәртіпке баса назар аударып, «Жас ұлан» ұйымының жұмысын дұрыс жолға қойып келеді. Оқу ісінің әдістемелік орынбасары, биология пәнінің мұғалімі Гүлизат Қуанышқалиқызы Имашева да – өз ісін жетік білетін маман. Қосымша білім беру педагогы Гүлнұр Зейінқызы Айтқалиеваның да білім мен тәрбие берудегі өзіндік ықпалы зор деп білемін. 400-дің үстінде оқушы оқитын білім ордасының тату ұжымы – басқаларға үлгі, – деді. Әсіресе, ұжымындағы ұстаздардың басым көпшілігі ер-азаматтар екенін атап өтті.

Өз ісіне жауапкершілікпен қарайтын жас маман хакім Абайдың «Үш-ақ нәрсе адамның қасиеті, Ыстық қайрат, нұрлы ақыл, жылы жүрек» деген даналығын естен шығарған емес. Ол өмір жолында алдымен өзін, содан соң ғана өзгені тәрбиелеуге ұмтылады.  Себебі «ұстаз – шәкірттің айнасы» болуы тиіс деп түсінеді.

Мемлекет басшысының биылғы жылды Абзал секілді жастарға арнағаны белгілі. Бұл ретте Қазталов орта мектебіндегі «Жас жалын» ұйымы да жас ұстаздардың басын біріктіріп, түрлі танымдық шаралар өткізуде. Абзал өзі айтқандай, ұжымның бір бөлшегіне айналған мектептегі жас ұстаздардың Жастар жылында білім саласын ілгерілетуге сүбелі үлес қосары хақ. Әр маманның белсенділігі Абзал Серікқалиұлы секілді жоғары болса, олардың үлкен биіктерді бағындырарына сенімдіміз.

Ләззат САЛАУАТҚЫЗЫ,

«Білім айнасы»,

Батыс Қазақстан облысы   

 

Сіз не дейсіз оқырман?

Е-мэйлыңыз жарияланбайды.