Home » Білім және тұлға » Ұстаздық еткен жалықпас

Ұстаздық еткен жалықпас

«Ұстаздық еткен жалықпас, үйретуден балаға» деп һәкім Абай атамыз бекер айтпаса керек-ті. Шәкірттеріме «білгенімді үйрету – парызым әрі мақсатым. Жан-жақты ойлай алатын білімді жас жеткіншектерді тәрбиелеу. Осы мақсат жолында өзімнің күш жігерім мен уақытымды сарп етемін» — деп өзіне серт беріп, ұстаздық жолды таңдаған жанның бірі —  Сағындықова Салтанат Сәнекеқызы.

 

Салтанат Сәнекеқызы 1962 жылы сәуір айының 11 жұлдызында Қарағанды облысы, Ақтоғай ауданында дүниеге келген. Әкесі Сағындық Сәнеке көзін ашқалы еңбекке араласып,  ауыл шаруашылығы саласында, атқару комитетінде қызмет істеген. Жары Мырзабекқызы Әния екеуі сегіз баланы тәрбиелеп,  оқытты.  Анасы Ақтоғай ауданында балабақша тәрбиешісі болып қызмет еткен.

1968 жылы Ақтоғай ауданындағы он жылдық М.Горький атындағы қазақ орта мектебінің табалдырығын аттап, бітіріп шығады.  «Анам балабақшадағы балалардың тәтті қылықтарын айтып, әңгімелеп отыратын. Үйдегі қыз балалардың ересегі болғандықтан ата-анам жұмысқа кеткен кезінде мұғалім болып ойын ойнайтынбыз. Содан болар жас кезімнен мұғалім болсам деген тәтті армандарымның біріне айналды» — дейді жымиып. Ақ арманы жетелеп 1978 жылы Қарағандыдағы педагогикалық училищенің тәрбиешілер дайындайтын факультетіне оқуға түседі. Оны тәмәмдап болған соң 1982 жылы еңбек жолын Ақтоғай ауданындағы «Гүлдер» балабақшасында тәрбиеші болудан бастайды.

Жоғарғы оқу орнын сырттай оқи жүріп, 1985 – 1987 жылдар аралығында Ақтоғай аудандық орта мектептің бастауыш сыныбының мұғалімі болып еңбек етеді. Еңбегі еленіп, 1987 жылы Ақтоғай аудандық «білім бөліміне» мектепке дейінгі тәрбие бөлімінің әдіскері қызметіне ауыстырылып, сол жерде 1990 жылға дейін қызметін жалғастырады.

1991 жылдан бастап Кеншоқы совхозында Орджоникидзе атындағы орта мектепте орыс тілі  пәнінен бірнеше жыл сабақ береді. 1997 жылы Қарағанды қаласындағы №59 жалпы білім беретін мектепке жұмысқа қабылданады. Қазіргі таңға дейін осы мектепте қызмет істеп келе жатқанына 22 жылдың жүзі болыпты. Отбасында өзінен кейінгі төрт сіңілісі де әпкесінің ізін жалғап, ұстаздық жолды таңдаған. Жастарға білім беру жолында еңбек етіп келеді.

Салтанат Сәнекеқызы қазіргі таңда өзіне тапсырылған жұмыстарды үлкен жауапкершілікпен орындайтын, жоғары категориялы ұстаз. Мектептегі қазақ, ағылшын тілдері мұғалімдерінің əдістемелік бірлестік жетекшісі. «Нұр Отан» бастауыш пария ұйымының мектеп бойынша хатшысы. Қалалық орыс мектептеріндегі қазақ тілі пəндер олимпиадасында соңғы 10 жыл қатарынан комиссия мүшесінің құрамынан түспей келеді. 2015 жылы ҚББ грамотасымен, 2017 жылы қалалық әкімнің құрмет грамотасымен марапатталған.

«Ұстазы жақсының – ұстанымы жақсы» демейді ме дана халқымыз… Ұстазынан үлгі-өнеге алып, биік белестерді бағындырып келе жатқан шәкірттері де аз емес. Оқушыларының алды əр түрлі еңбек саласында қызмет атқарса, кейінгі жас буыны мектепішілік, қалалық байқауларда үнемі жүлделі орындарды қанжығасына байламай қайтпады.

Солардың бірі Саясатов Нұрым. Нұрым 2012 жылы «Үздік жыл оқушысы» додасынан  1 орынды иеленсе, Қалалық Абай оқулары  сайысынан Қарабалаева Айжан 2013 жыл 1 орынды жеңіп алды.

Ахметова Дилон 2016 жылы Абай оқулары сайысынан қалалық кезеңінен 1 орыннан көрініп, облыстық кезеңінде сертификат иегері атанып қайтқан болатын. Және «Тіл білгірі» — қалалық байқаудан Шевченко Глеб 3 орынды иеленсе, КИО,НИО – Республикалық қашықтық олимпиядасына да шәкірттері белсене қатысты. Жыл сайын өткізіліп тұратын саптық əскери және патриоттық əндер байқауында шәкірттері 1 орынды да жеңіп алған. Салтанат ұстаздың шәкірттерінің алды болған Ижанова Камиланы да айта кетпеуге болмайды. Қазір Камила Назарбаев Университетінің Магистратурасында білімін жалғастыруда.

«Ақырын жүріп анық бас, еңбегің кетпес далаға» — деген ұстанымды өзіне ту еткен, отбасында ардақты жар, аяулы ана, мектебінде сүйікті ұстаз Салтанат Сәнекеқызына алдағы уақытта еңбегіңіз жемісті болып, шәкірттеріңіз тек биіктерден көріне берсін демекпіз!

 

Ербол ЕРБОЛАТ,
Қарағанды облысы бойынша Республикалық
«Білім айнасы» газеті мен «bilimainasy.kz» сайтының тілшісі

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

Сіз не дейсіз оқырман?

Е-мэйлыңыз жарияланбайды.