Home » Баяндамалар » Ұрпақ тәрбиесі

Ұрпақ тәрбиесі

Бала тәрбиесі дегеніміз – мәңгілік таусылмайтын қазына. Және сол қазынаның қайнар бұлағы – отбасы, жанұя. Өйткені, адамзаттың ең алғашқы қадамы да, қуанышы да, қызығы да отбасынан басталады. Демек, тәрбиенің бастау алар көзі де отбасы. Ғұламалардың пікіріне сүйенсек, бала тәрбиесі сәби өмірге келмей жатып-ақ, яғни, құрсақта жатқанда басталады дейді. Демек, бала дүниеге келген күннен-ақ, оның болашақта өзінің өмірдегі орнын дұрыс таба білетін азамат болуына үлес қосу, әдепті, адал, шыншыл, көпшіл етіп тәрбиелеу ата-ананың басты парызы. Әрбір ата-ана баланы тәрбиелеуде негізгі назарда ұстайтыны жас ұрпақтың рухани жан-дүниесі бай ұлттық салт-дәстүрін бағалай білетін халқының қадір-қасиетін сүйе білетіндей етіп тәрбиелеуге ден қою қажет. Өйткені, ата-бабаларымыздың салып кеткен сара жолы да солай. «Ұяда не көрсең, ұшқанда соны ілесің» деген ұлағатты сөздің өзінде-ақ бабаларымыз тәрбиенің жемісі қалай болатынын бір-ақ ауыз сөзбен түйіндеген емес пе? Дегенмен, бүгінгі таңда отбасындағы тәрбие балаға қаншалықты жақсы қасиеттерді үйреткенімен, кейде баланың рухани жан дүниесі тайыздау соғып жататыны да жасырын емес. Бүгінгі ғарыштай зымыраған жаһандану дәуірінде жас ұрпақтың жан-жақты өнерге, білімге, ғылымға, ғаламның алуан түрлі жарқын жетістіктеріне де құштар етіп тәрбиелеу қажет. Мынау ғылым мен техниканың дамыған дәуірінде өмірге келген бүгінгі ұрпақ көзін аша сала неше түрлі техниканы меңгеріп жатқаны сөзсіз. Оның айқын мысалы 2-3 жасар сәби күнделікті пайдаланып жүрген ұялы телефондағы алуан түрлі хикаяттарды біз үйретпей-ақ меңгеріп отырғаны жасырын емес. Яғни, кішкене бала ұялы телефон арқылы суретке түсіре алады, ішіндегі алуан түрлі киноны өзі ашып көре алады. Ал, енді сол телефон ішінде не бар екенін білесіз бе? Құдайдың өзі сақтасын, көздей экранның ішінде көлдей көргенсіз дүниенің бар екені жасырын емес.
Ендеше, осындай дүниені көріп өскен бала қандай болмақ? Осындай дүниелер мен «сусындап» өскен баланың рухани жан дүниесі тайыз болмай қайтеді? Сол үшін де бүгінгі ата-ана, өзіміз жан-жақты болуымыз қажет. Баламыз немен шұғылданады, нені көбірек білгісі келеді, бала неге бейім, әнге ме, биге ме, көркем сөзге ме, соның бәрін баланың бас ұстазы ата-анасы өзі біліп, танып, бала-бақшаға, не мектепке берерде тәрбиешіге өзі барып бағдар беріп отырсы, нұр үстіне нұр болар еді. Міне, отбасылық тәрбиенің жемісі де осында. Сонымен бірге баланы тәрбиелеуде отбасындағы үлкендердің де үлесі зор. Себебі, біздің дана халқымыз үлкеннің айтқанымен жүруді заң санаған. Баланы жаман қасиеттерден тыйып отырған. «Үлкеннің сөзіне орынсыз араласпа, үлкен кісінің алдын кесіп өтпе, үлкен кісі тұрғанда төрге шықпа» деп тәрбиелеген. Ал, соңғы кезде осы бір жақсы дәстүріміздің олқы кетіп жатқан тұстары да баршылық. Оның қарапайым мысалы қоғамдық көлікте өзінің әке-шешесіндей адам тұрғанда, жастар орын беруді білмейді. Мұндай келеңсіз жағдайларға қарсы үлкен-кіші, ата-ана, мұғалім, тәрбиеші барлығымыз бірге ат салысуымыз керек. «Ұяда не көрсең, ұшқанда соны ілерсің» деген мәтелді қайта сүйене отырып, қазіргі жас отбасыларға ұрпақтан-ұрпаққа жалғасып келе жатқан бабалар дәстүрінің асыл қасиетін ұрпақ бойына дарытса деген ниеттемін. Ал ата-бабамыздың бізге қалдырған дәстүрін ұмытпай насихаттап, оны қастерлеп, құндылықтарын өсіп келе жатқан ұрпаққа жеткізе отырып, бізге берген тәрбиені дәл солай бізде отбасылық дәстүр негізінде балаға тәрбие бере білейік! Қандай отбасы болмасын, балаларды отбасылық дәстүр негізінде тәрбиелей отырып, еліміздің Жас ұрпақтарының бойында адамгершілік, имандылық, ұлттық сана-сезімі мол, рухани жағынан дамып, қалыптасқан тұлғаларды тәрбиелейік!

Сүгірбаева Арухан Туйежайқызы,
Маңғыстау облысы
Мұнайлы ауданы
Қызылтөбе селосы
№2 «Жалпы білім беру орта мектебі» ММ-сі
Математика пәнінің мұғалімі және тәрбие ісі жөніндегі орынбасары

Сіз не дейсіз оқырман?

Е-мэйлыңыз жарияланбайды.