Home » Жаңалықтар » Қылқалам шебері Зияткерлік мектепте

Қылқалам шебері Зияткерлік мектепте

14 мамырда Нұр-Сұлтан қаласы физика-математика бағытындағы Назарбаев Зияткерлік мектебінде Қазақстан суретшілер одағының мүшесі, халықаралық бауқаулардың лаураты Ренат Елубаевпен кездесу өтті.

Мектеп кітапханасына кездесуге жиналған оқушылар мен мұғалімдерді танымал суретші өзінің қарапайымдылығымен, кішіпейілділігімен бірден баурап алды. Оқушылардың  сұрағына ерінбей жауап берген құрметті қонақ өзінің шығармашылық жолы, пір тұтатын суретшілері туралы айтып берді.

«Сурет — ұлтымыздың мәдени даму көрінісі. Суреті жоқ елдің мәдениеті де жоқ. Біздің елімізде жиырмасыншы ғасырда бейнелеу өнерінің негізін Қастеев қалады. Өнердің бұл саласында кенже қалып қойғанымыз бар. Бірақ біздің ұлтымыз әсершіл, сезімтал болғандықтан бейнелеу өнерінде, әдебиетте, музыка саласында ешкімге дес бермейміз. Мен қазақ болғандықтан суретші болдым дер едім», — дейді өз сөзінде қылқалам шебері.

Мектеп оқушылары Ренат ағаларының жан-жақтылығына, дарындылығына тәнті болды, ол сурет салумен қатар өлең де жазады екен, кино түсіру және мүсін өнері саласында да өзіндік қолтаңбасы қалыптасқан.

Кездесу барысында оқушыларға ерекше дарын иесі Ренат Елубаев қатысқан ресейлік «Удивительные люди» шоу – бағдарламасынан үзінді көрсетілді. Онда суретшінің бір көрген картинасын көзін байлап, 5 минут ішінде екі қолымен бірдей айнымастай етіп салып бергенін көрген балалар көрермендермен қосыла қол соқты. Көзін жұмып, сурет салудың құпиясын сұраған оқушыларға «Бұл негізі қазақтың жанында бар ерекше сезіну, сезімталдық қабілет. Оны біз ұмытып кеттік, алайда кезінде Кейкі дейтін батыр болған, ол қарамай тұрып нысанаға дәл тигізеді екен. Егер адам өз мүмкіндіктерін дамыта білсе көп нәрсеге қол жеткізе алады» — деп жауап берді суретші.

Қылқалам шебері оқушылар үшін шағын шеберлік класын өткізіп, сурет салудың тағы бір техникасымен таныстырды. Екі минут ішінде салынған суретті ешнәрсеге ұқсата алмай дал болып отырған оқушылар суретті төңкерген кезде адам портретін көріп таңқалысты. Осылайша өнерді насихаттап жүрген танымал суретшімен өткен қызықты кездесу балалардың суретке деген қызығушылығын оятып, қатысушылардың бәріне шығармашылық шабыт силады.

 

Мектептің баспасөз орталығы

Сіз не дейсіз оқырман?

Е-мэйлыңыз жарияланбайды.