Home » Айтарым бар » Қылқаламды серік еткен…

Қылқаламды серік еткен…

«Суретші болу – менің бала кезден бергі арманым. Өзімді арманыма жеткен жандардың бірімін деп айтсам артық етпес. Қазіргі таңда мамандығым бойынша жұмыс істесем, тапсырыспен майлы бояулар арқылы сурет салып, қосымша табыс та табамын» — деп, сөз басын бастаған Алибаева Гулхайр Сиязовнамен әңгімелесе кабинетіне қарай бет алдық. Кабинетінің артқы жағындағы сөрелерде тұрған жұмыстарды көріп, ерекше әсер алдым. Майлы бояулармен салынған қаламыздың әсем суреттері мен балықтың қылтанағынан, тастардың көмегімен жасалған түрлі пішіндер сені де таңқалдырмай қоймайтыны сөзсіз!…

Гулхайр Сиязовна 1963 жылы қаңтар айының 4 жұлдызында Қарағанды облысы Шет ауданы, Ақсу-Аюлы мекенінде дүниеге келген. Әкесі Алибаев Сияз Шет ауданында ДЭУ-дің басшысы болып қызмет істесе, анасы Алибаева Күләш екеуі 3 баланы өсіріп жеткізген.

1970 жылы Шет ауданындағы М.Горкий атындағы мектебінің 1 сыныбына қабылданып, 1980 жылы 10 сыныпты тәмәмдайды. Осы жылы Жезқазған қаласындағы Педагогикалық институтының көркем-сурет факультетіне түсіп, 1984 жылы бейнелеу, сызу, технология пәні мұғалімі мамандығын алып шығады.

Ең алғаш еңбек жолын 1984жылы Балқаш қаласына келіп, №23 орта мектебінде бейнелеу, сызу пәнінің мұғалімі болып бастайды. Бұл жерде 1988 жылға дейін қызмет істеп, қаламыздағы №7 мектепке ауысып кетеді. Содан 1995 жылы №1 орта мектепке барып, біраз жыл осы жерде қызмет істейді.

2004 жылдан бастап ЖББ №16 орта мектебіне бейнелеу, сызу пәнінің мұғалімі болып қабылданып, қазіргі таңға дейін осы мекемеде қызмет істеп келеді.

Гулхайр Сиязовна – жаңашыл бағытта жұмыс жасайтын, берілген тапсырманы жауапкершілікпен орындайтын тәжірибелі маман иесі.  Бейнелеу және сызу пәнінің мұғалімі. Бірнеше ғылыми жұмыстар мен қолданбалы курс бағдарламасының авторы. Мұғалім еңбегі жайлы мақалалары жергілікті баспасөз беттерінде үнемі жарияланып келеді. Педагогика саласында 33 жылдық еңбек өтілімі бар құрметті ұстаз.

Қалалық бейнелеу, сызу пәндерінің әдістемелік пән бірлестігінің жетекшісі. Жыл сайын қала мұғалімдерінің басын қосып, семинар өткізіп отырады. Гулхайр Сиязовнаның бұл да бір ауыз толтырып айтатын жетістіктерінің бірі деп білеміз.

Ұстаздың басты жетістігі – шәкіртінің тұлға болып қалыптасуы емес пе?! «Шәкірттерім қазір биіктерден көрінуде. Демалыс уақытында өздері осында келіп, тіпті, телефон арқылы хабарласып маған алғыстарын жаудырып жатады. Сонда төбем көкке жеткендей бір қуанып қаламын!» — дейді ұстаз. Шәкірттерінің алды жоғарғы оқу орындарын тәмәмдап, қызмет істесе, мектеп қабырғасындағы шәкірттері түрлі сайыстарға қатысып, жүлделі орындардан көрінуде.

2008 жылы Қарағанды қаласында өткен 38 ғылыми-практикалық конференция шеңберінде өткен облыстық ғылыми жобада 9Г сынып оқушысы Мұстахаева Айгерім ғылыми жобасын қорғап, мақтау грамотасымен марапатталды. 2009 жылы 9А сынып оқушысы Құдайберлі Бағлан ҚР Кіші Ғылым Академиясы ұйымдастырған облыстық ғылыми жоба байқауында «Бектауата тастарын әшекейлеу» тақырыбында ғылыми жобасын қорғап, ІІ дәрежелі дипломмен, 2010 жылы «Сарыарқа дарыны» аймақтық ғылыми-әдістемелік орталығы ұйымдастырған облыстық ғылыми жоба байқауында ІІІ дәрежелі дипломмен марапатталды. 2011 жылы 8Б сынып оқушысы Дарибеков Даниярдың «Балық қылтанақтарынан натюрмортты әшекейлеу» тақырыбында ғылыми жобасы облыстық байқауға жолдама алды. 2017 жылы «Астанаға 20жыл» мерейтойының басталуына және Халықаралық суретшілер күніне орай ұйымдастырылған «Елбасы еңселеткен Елорда» атты қалалық суретшілер байқауында Еркежан Сахабаева І орынды қанжығасына байлап қайтқан болатын. Тұңғыш рет өткізіліп отырған республикалық «Көктем» атты көркемсурет байқауына Эркабаева Меруерт бағын сынап, І орынды иеленеді  және т.с.с.

Шәкірттерінің жетістіктерінен бөлек, өзінің жеткен жетістіктері өз алдына бір төбе. 2008 жылы мұғалімдердің тамыз конференциясында сызу пәні бойынша әзірлеген «Мұғалім Портфолиосын» өте жоғарғы деңгейде қорғап, «Шеберлік класс» сертификатына ие болды. 2008-2009 оқу жылында дәстүрлі мектеп күнінде 9 сынып оқушыларымен сызу пәнінен ашық сабақ өткізіп, сабағы өте жоғары бағаланды. 2009-2010 оқу жылында онлайн режимінде «Аксонометриялық проекцияларды салу» тақырыбында облыстық ашық сабақ өткізді.

Білім жүйесіндегі шығармашылық еңбегі және жеткіншек ұрпақты оқыту мен тәрбиелеудегі нәтижелі табыстары үшін қалалық, облыстық мадақтамамен, алғыс хаттармен марапатталған. 2009 жылы облыстық білім департаментінің грамотасымен, қала әкімінің «Алғыс хаты», қалалық білім бөлімінің «Алғыс хаты», «Қалалық білім саласындағы шығармашылық еңбегі және оқушыларға терең білім беру мен тәрбиелеудегі жетістіктері үшін» «Құрмет грамотасы» табысталған болатын.

Шәкірттерінің бағын жағып, дарынын ашқан, үлгілі тұлға, аяулы ана – Гулхайр Сиязовнаға алдағы уақытта еңбегіңіздің зейнетін көріп, немерелеріңіздің тәтті қызығы мен шыжықтарына кенеле беріңіз дегім келеді.

 

Ербол ЕРБОЛАТ
Қарағанды облысы бойынша Республикалық
«Білім айнасы» газеті мен «bilimainasy.kz» сайтының тілшісі

 

Сіз не дейсіз оқырман?

Е-мэйлыңыз жарияланбайды.