Home » Сол мектептен шыққанбыз » Ғылым мен спорт – мектебіміздің қайнар көзі

Ғылым мен спорт – мектебіміздің қайнар көзі

Өмірдің бақытты кезеңі, адамның балалық шағы болса, ең ұмытылмас сәттер болып мектептегі оқушылық сәттер естен еш уақыт шықпайды.

Мен, Ш. Айманов атындағы мектеп интернатында 1997-2007 жылдар аралығында оқыдым. Он бір жыл мектеп партасында отырғанда, білім нәріменен үлгілі тәлім тәрбие берген, әр ұстазымның орны ерекше.

Қырық екі әріп пен жазу-сызудың алғашқы негізін қалап үйреткен бастауыш сынып мұғалімі, сынып жетекшіміз Әзигүл Танхайқызы. Одан кейін білімімізді шыңдаған Гульжихан Канатқызымен, Анаргүл Жеңісқызының еңбегі ересен зор еді.

Бір сыныпта 30 баладан асатынбыз. Сыныптың ішінде оқушылардың талпынысы сондай, өнердің әр саласына бейімделетін. Мектептегі түрлі сайыстармен тағылымды кештер бәрімізді қызықтыратын. Менің есімде қалған әліппемен қоштасу кеші біздің алғашқы есеп беру концертіміздей болса, мектеп бітіру кешіміз тіпті, дүбірлі тойдан да асып түсті.

Мектептің ардагер ұстаздардың мерей тойлары, мектеп түлектерімен кездесу, «Көңілді тапқырлар» алаңы, оқушылар арасындағы айтыс, денсаулық күндері, пән апталығындағы іс-шаралар өзгеше бір сарынмен қызықты өтетін.

Біздің сынып оқушылары, көбінесе, спортқа жақын болды. Мағзұм Қайырұлының жаттықтыруымен баскетбол үйірмесіне сыныптың басым бөлігі қатысып аудандық, облыстық жарыстарда жеңіс туын желбіретті. Кайратхан Лазифа, Мағзұм қызы Олесия, Түселбай Жанбота, мектепте баскетбол ойынын шебер меңгергеніміз сондай, Алматы қаласындағы Әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық Университетінің әр факультетінде оқысақ та, университет намысын қорғап, баскетболдан талай жарыстарға қатысып жүлделі орындар алдық. Міне, біздің спортқа деген сүйіспеншілігіміз алтын ұя мектебімізден басталды.

Аудандық білім беру бөлімінің әдіскері Салтанат Сейітжанқызы мен мектебімізде директоры болған Жабай Жанабілұлының бастауымен математика пәнінің мұғалімі Даметкен Уахитқызы, физика пәнінің мұғалімі Шаймардан Тайшабарұлы, география пәнінің мұғалімі Ботагөз Баймұрзақызы, қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімдері Таңат Қуанұлы, Ғалия Тоқбайқызы, физика мен математика пәнінің мұғалімі Алмас Даулетханұлы мектепте «Ілім» атты ғылыми қоғам құрылған болатын. Тың жаңалықтармен зерттеулер әр оқушыны қызығушылығын қалыптастырып, жарыса жазған ғылыми жобаларды мектепте оқып талдайтынбыз. Кейін аудандық оқуларда облыстық ғылыми жобалар сайысында, мектебімізге қосқан жетістігіміз деп талай жүлделі орындар алғанбыз. Соның бірі – «Ертіс дарыны» ғылыми практикалық орталығының ұйымдастыруымен VII облыстық оқушылар арасындағы ғылыми жоба сайысында ІІ дәрежелі дипломмен марапатталып, Көкшетау өңіріндегі «Балдаурен» РОСО-на жолдама алып, демалып қайтқаным есімде.

Мектебім маған үлкен өмірге бастауға жол ашып, үлкен өмірге дайындады. Енді мектебім мен үшін жауапты емес, бірақ мен мектебімнің алдында әлі қарыздармын. Міне, сол қарыздарымды өтеу үшін өз алтын ұяма математика пәнінің мұғалімі болып жұмысқа келдім.

«Ұстазы жақсының ұстамы жақсы» дегендей, бүгінгі таңда өз ұстаздарыммен бірге жүріп қызмет атқарып жатқаным мен үшін үлкен бақыт.

Арғынбай Перизат Ержанқызы,
Павлодар облысы Баянауыл ауданы
Ш. Айманов атындағы жалпы орта білім беру
мектеп-интернатының математика пәнінің мұғалімі

 

 

 

 

 

 

 

One comment

  1. Керемет екен, тек сәттілік жол серігіңіз болсын!

Сіз не дейсіз оқырман?

Е-мэйлыңыз жарияланбайды.