Home » Мақалалар » Ш.А.Амонашвилидің «Жүрек» ұғымы және педагогикадағы гуманизм

Ш.А.Амонашвилидің «Жүрек» ұғымы және педагогикадағы гуманизм

ХХІ ғасыр ұстаздары үшін маңызды мәселенің бірі – заман талабына сай білім берумен қатар ұлтжанды, интеллектуалды, дені сау, халықаралық деңгейге сәйкес білімі бар жан-жақты дамыған тұлға тәрбиелеу. Әр сабағында білім мен тәрбиені ұштастыра отырып, материалды оқушыға жеткізе білу – мұғалімнің білімділігі мен біліктілігін, ой ұшқырлығын, шеберлігін талап етері анық. Қазіргі таңда баланы тек телефон арқылы қадағалап, материалдық қажеттілікті қамтамасыз етумен шектелетін жұмысбасты ата – ана мен бақылаушы, тексеруші, жазалаушы, талапшыл мұғалім назарынан оқушының жеке тұлғалық сапасы тыс қалғандай. Бұл жөнінде Елбасымыз Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев: «Ғасырлар мақсаты – саяси-экономикалық және рухани дағдарыстарды жеңіп шыға алатын, ізгіленген ХХІ ғасырды құрушы іскер, өмірге икемделген, жан-жақты жеке тұлғаны тәрбиелеп қалыптастыру»,- деген болатын. Біздер, мұғалімдер, өмірде қарапайым жай ғана адам емес, ел болашағының тұтқаларын тәрбиелеп жүргенімізді естен шығармасақ, мұғалім мұратының жүгі ауыр екені айтпаса да түсінікті. Осы мақсатты жүзеге асыруда психология ғылымдарының докторы, профессор, Ресей білім беру Академиясының академигі, Ресей Федерациясының Мемлекеттік сыйлығының лауреаты Шалва Александрович Амонашвили еңбектерінің маңызы зор. Оның ішінде «Без сердца что поймем» (Жүрексіз нені түсінем) кітабы маған ерекше қызығушылық тудырды. Профессор бұл еңбегінде жүрек ұғымы туралы түсініктің тым таяздығына, жалпы жүрек туралы ғылым +мен зерттеу жоқтығына қынжылады.  «Жүректі емес, тырнақ күтімін ойлаймыз, жүрек соғысына емес, өсек-аяңға құлақ түреміз, жүрекке қарағанда алдамшы сезімдерге көп сенеміз», –  дей келе, бала тәрбиесінің кемшін тұстары мен себеп-салдарын мысал, тәмсілдермен дәлелдеп жазған. Сонымен қатар Ш.А.Амонашвили мұғалімдерге бағыт – бағдар бере отырып, Жүрексіз берілген білімнің құны жоқ екендігін айқын дәлелдейді.

Ғалым өткен ғасырдағы бала тәрбиесі жөнінде:

  • Біз барлығымыз керемет тәжірибенің қатысушысы болдық, бірақ тәжірибе сәтсіз аяқталды.
  • Біз халықтар достығын мен интернационализмді дәріптедік. Қазір қайда халықтар достығы?
  • Біз патриоттарды тәрбиеледік. Бірақ патриоттар санаулы, патриотизм туралы сарнайтындар жетіп-артылады.
  • Біз адалдық пен мораль туралы көп айттық, бірақ айналамыз ашкөздік пен арамдыққа толы.

Біз жақсы тәрбие бергенімізге сенімді болдық, – дей келе, кемшілік жүрек ұғымын ғылымнан, психологиядан, философиядан, жалпы өмірімізден алып тастағандықтан деп қорытынды жасайды.

 «Адамдар, өз жүрегіңе орал. Сенің ескірмейтін мәңгі қазынаң сонда. Игілік пен жақсылық жүрекке жиналады. Жүрегіңді былғаныш пен жамандықтың батпағына батудан сақта. Жүрегіңді ойла және жүрекпен ойланайық», – дей келе, қазіргі мобильді заманда жүрекке адам денесінің бір мүшесі деп қараудың жеткіліксіздігін, жаңа көзқарас керектігін алға тартады.

«Бізге жол керек. Жақсылық жолы – жақсылыққа асығу, керемет жол–кереметті жасау, мейірім жолы – қайырымдылық ету. Десе де, барлығына жүрек арқылы қол жеткіземіз, демек,  жүрекке жол – жүректің айтқанымен өмір сүру», – деп түйіндейді. Қорытынды ретінде автордың мына әңгімесін келтірсем.

Ұйықтар алдында өз-өзімен сөйлесіп жатқан атама: «Ата, неге сыбырлап жатырсың», – дедім.

  • Ойымды жүрегіме тығып қойып жатырмын, балам… – деді атам. Мен таңғалып, түсінбегенімді айттым. Данышпан атам маған:
  • Мені ашуландырған көршіммен ұрсысқым келмеді. Басқаша қалай әрекет жасарымды білмедім. Міне, ойымды жүрегіме салып қойып жатырмын. Таңертең жүрегім маған өзі жол көрсетеді.
  • Жүрек қайдан біледі, ата?
  • Жүрек бәрін біледі, балам. Мен өмір бойы одан үйреніп келем. Саған да ақылым осы. Қай кезде өміріңде шешуі қиын күрделі сұрақ немесе түсініксіз жағдай орын алса, ұйқы алдында жүрегіңнен сұра. Таңертең жүрегің саған жауабын береді. Тек мұны бар ынта – ықыласыңмен жаса, балам,-деді.

Сондай – ақ автор адамдардың балаларды өмірдің гүліне теңейтініне тоқталады.

Гүлді бақта өсіріп, уақыты келгенде  қиып, базарға апарып сатады. Сосын гүл салатын құтыға салып, иіскеп, рахаттанады. Гүлдер солған соңқоқысқа лақтыра салады. Демек, балалар – өмір гүлі ме? Онда түсінікті, тастанды, жетімек балалардың неге көптігі?!

Қара нарықта балалардың неге саудаланатыны түсінікті болды. Себебі, солып қалған гүлді  ешкім жерден көтеріп алмайды және баптап, күтпейді, – деп салыстырады профессор.

Демек, тастанды, жетім балалар, қатыгез әке мен көкек аналардың азаюы үшін, жалпы қоғам адамгершіліктің биік сатысына көтерілу үшін адам жан дүниесіне «Жүрек бағын» егу қажет.

Айталық:

Сенбейміз, себебі алдайды.

Жақын тартпаймыз, себебі бізді жақсы көрмейді.

Қорғанамыз, себебі өлтіріп кетуі мүмкін.

Жабамыз, ұрлап кетпес үшін.

Барлығына ашулымыз.

Бірақ мұның барлығына тоқтау болу керек қой…

Кімде – кім соңында нүкте қою керек қой…

Кімде – кім адамдардың Жүрек шамшырағын жағуы керек емес пе?!

Ол кім?

Ол – мұғалім, қымбатты әріптес. Ол – Сіз!

Тек таза Жүрек Одағы ғана қараңғылық бұлтынан арылтып, жамандық атаулымен күресе алады, – деп, ұстаздарға үндеу тастайды.

Бірақ қалай күресеміз?! Профессор педагогика әлемінде білім жүректен жүрекке берілген жағдайда нәтижелі болатынына сенімді. Бұған дәлел ретінде мектеп бағдарламасында өтілген поэманы еске түсіреді. Мұғалім поэма бөлімдерін жаттатады, бірге талқыланады, шығарма жазылады, рухтану мен сатқындық, махаббат пен жүрек туралы пайымдағанын келтіреді. Поэманың кейбір тұстарын мұғалім дауыстап оқып та береді. Ал, не ұттық?! Иә, кейіпкер батырлығы, мәңгілік махаббат және мұғалімнің жағымды даусы есімізде қалады. Мұғалім күн сайын жағымды кейіпкердің түр-түрін айтуы мүмкін. Мәселе басқада. Мұғалім оқушы жүрегін «ашып», бейнелер кино кадрындай көз алдына елестейтіндей сезімін ояту қажет, бейнелер мұғалім жүрегі арқылы эмоционалды түрде шығуы тиіс. Сонда ғана Жүрек күткендей, тілегендей бейнелер пайда болары даусыз, Жүрек үшін, Рух үшін азық осы. Және жыл сайын, ай сайын, күн сайын, сәт сайын біздің санамызда пісіп – жетілуі үшін мұғалім егінші егінінің терімін алғанша тер төккендей еңбектенуі қажет.

Ш.А.Амонашвили ұстаздың әрдайым жайсаң, жайдары жүріп, баланың өз болмысын қабылдап, сүйе білу керектігін айтады. Профессор Амонашвилидің ұстанымы  – «Әр бала белгілі борышпен өмірге келеді. Және әрбір сәбидің тек өзіне тиесілі жаны – ішкі дүниесінің сәулесі бар. Ата-ана мен педагогтың міндеті сол сәуленің жоғалып кетуіне жол бермей, балаға өз өмір жолына бағыт көрсету». Бұл ұстаным жас жеткіншектерге рухани – адамгершілік білім беруді арттыруға бағытталған «Өзін-өзі тану» рухани-адамгершілік білім берудің жалпы мақсатымен үндес. Оқушылар «Өзін-өзі тану» пәнінің әр сабағына ерекше қызығушылықпен қатысады. Ш.А.Амонашвили кітабын оқыған соң, әр сабаққа шығармашылық қана емес, шабыт керек екенін түсініп, мамандыққа деген құрметім арта түсті.

Балалық кезең адам өмірінің болашағына тікелей байланысты екенін ескере келе, балалық шақтан жеткіншек кезеңге аяқ басқалы тұрған балалардың балалық шақтың қызықты естеліктерін еске түсіріп, ата – ананың қадірін біліп, құрмет көрсету мақсатында 6 – сынып оқушыларына  «Жанашырлық жанға қуат» тақырыбында сабақ өткіздім. Сабақ барысында Жетесәлі Асылайымның «Біз бақытты баламыз» эссесі менімен бірге сынып оқушыларын да толқытты. Асылайым Сириядағы соғыс зардабынан қаншама баланың өмірі қыршынынан қиылып жатқанын, алаңсыз асыр салып ойнап жүрудің орнына, бір тілім нанға зар боп жүрген балалар мен өз өмірлерін салыстырды. Тәуелсіз мемлекеттің сәулетті ғимаратында білім алып жатқанын мақтан тұтатынын айтты. Сыныптастарына тегін білімнің қадірін біліп, елге жақсылық ететіндей азамат болып, ата – ананың үмітін ақтау керектігін де қосып қойды. Асылайым І тоқсанда туған жер тарихымен танысып, ел мен жердің құпиясын зерттеу мақсатында жасалған «Туған жер – алтын бесігім» атты саяхатта Кәрістамды көргенін айтты. 1937 – 1938 ж.ж. тоталитарлық тәртіптің қармағына ілініп, қазақ еліне депортацияланған қиыршығыстық кәріс халқының балалары қандай күйде болды екен?,- деп сұрақ қойды сыныпқа. Әр баланың балалық шағы біздің бала кезіміздей болса, әлемде жауыздар мен қатыгездер болмас та еді, – деп ойын қорытындылады Асылайым. Асылайымның эссесі – ата – анасы мен отбасының, мектеп пен мұғалімдердің жемісі. Бұл да болса, білімнің жүректен жүрекке беріліп жатқанының бірден – бір көрінісі.

Сонымен қатар 8-сыныпқа «Жүрегім толы мейірім» тақырыбындағы сабағым барысында Талап Аянаттың ұсынған «Қоғамға қызмет» жобасы сынып оқушыларына ерекше ұнады. Жоба мақсаты – рухани және материалдық көмекке зәру жандарға оқушылар тарапынан көмек көрсету, қоғамның жақсы жаққа бетбұрыс жасауына үлес қосу. Аянаттың ұсынысын қолдай келе, оқушылар жоба аясында жалғызбасты қарт кісілерге үй – жай, аула тазалығына көмектесу, үйден оқитын оқушылармен тығыз байланыс жасау, айына бір-екі мәрте оқушыларға тақырып аясында фильм мен роликтер көрсету, мүмкіндігі шектеулі жандарға туған күніне сыйлық жасау, басқа оқушыларға түрткі болу мақсатымен мектеп жанынан бұрыш ашу сынды ұсыныстарын ортаға салды.

 

Әрине, бұл – алдағы күннің еншісіндегі жұмыс. Десе де, балаң жүректің жақсылыққа ұмтылысы мен мейірімділігі менің жанымды жылытты.

Классикалық педагогика негізі Ш.А. Амонашвили еңбектері мен идеялары қазіргі қазақ қоғамында үлкен сұранысқа ие. Ал, педагогикадағы гуманизм әр мұғалімнің әр сабағынан бастау алары даусыз.

 

Елкен Иіскүл,
Қызылорда облысы Қазалы ауданы
Кәукей елді мекені
№225 орта мектептің
« Өзін – өзі тану» пәнінің мұғалімі

 

Пайдаланылған әдебиеттер:

 

1.Амонашвили Ш.А. «БЕЗ СЕРДЦА ЧТО ПОЙМЕМ?» Москва – 2004

  1. Уикипедия материалдары.

 

 

 

 

9 комментариев

  1. Алмагүл

    Өте кең ауқымды жазылған екен. Жарайсыз.

  2. Мақала ұнады.Өзіме керекті мəлімет алдым

  3. Керемет жазылган

  4. Иіскүл апай керемет👍

  5. Назерке

    Осындай манызды макалалар кобейе берсин

  6. Жерлесимиз журектен журекке жеткизип жазган…

  7. Оте жаксы жазылган

  8. Салтанат

    Оте жаксы жазылган

  9. Гулжайна

    Керемет, макала жаксы жазылган👍Жетистикке жете бериниз!

Сіз не дейсіз оқырман?

Е-мэйлыңыз жарияланбайды.