Home » Білім және тұлға » Шәкірт жүрегіне жол тапқан

Шәкірт жүрегіне жол тапқан

Ұстаз – ұлы есім. Шәкірттеріне білім нәрін сеуіп, жақсы қасиеттерді бойына дарытып, дұрыс бағыт-бағдар беруде ұстаздың орны бір бөлек. Бүгін де шәкірттеріне сабақ беріп қан қоймай, шынайылық пен еңбек сүйгіштікке баулып, шәкірттерінің жүрегіне жол таба білген ұлағатты ұстаз – Қалижанова Балдырған Райхановна.

Балдырған Райхановна 1962 жылы Қарағанды облысы, Ақтоғай ауданы, Жидебай ауылында (бұрынғы Қоңырат совхозы) дүниеге келген.

Әкесі Қалижанов Райхан Ақтоғай өңіріне белгілі тұлға. Көп жылдар бойы партия комитетінің хатшысы болып қызмет істесе, кейінірек мектеп директоры болған. Анасы Рысмағанбетова Рая отбасында жеті баланы тәрбиелеп өсірген батыр ана.

1969 жылы әкесінің жұмыс бабымен Нарманбет ауылына көшіп келіп, осы жердегі 8 жылдық мектептің табалдырығынан аттайды. 1977 жылы оқуын тәмәмдап, Саран қаласындағы А.Құнанбаев атындағы педучилищеге (қазіргі педагогикалық коледж) түсіп, 1981 жылы «бастауыш сынып мұғалімі» мамандығын  алып шығады. Осы жылы Қарағанды Мемлекеттік университетінің тарих факультетіне оқуға түсіп, 1986 жылы жоғарғы оқу орнын тәмәмдайды.

Еңбек жолын 1986 жылы Балқаш қаласы, Шашубай кентіндегі Шашубай мектебінде бастауыш сынып мұғалімі болып бастайды. 2000 жылы Балқаш қаласындағы ЖББ №8 мектебіне ауысып, бастауыш сынып мұғалімі болып қызметін осы мекемеден жалғастырады. Міне, содан бері жылжып жылдар, сырғып күндер өтуде. Осы мектепте жұмыс істеп келе жатқанына биыл 19 жылдың мұғдары болып қалыпты.

Балдырған Райхановна қазір жоғарғы санатты бастауыш сынып ұзтазы. Білімі жоғары. Білім саласында 30 жылдық еңбек өтілімі бар құрметті ұстаз. Берілген тапсырманы жауапкершілікпен орындайтын тәжірибелі маман иесі.  Есімі «Шәкірт жүрегіне жол тапқан ұстаз» атты ҚР Білім беру жүйесіндегі үздік қызметкерлері туралы жинаққа енген. Сонымен қатар Республикалық «Бастауыш мектеп», «Бастауыш сынып» журналдарына өз еңбектерін жариялап, тәжірибесін жастармен бөлісіп келеді. «Қазіргі заманның өзекті мәселелесі» тақырыбындағы республикалық ғылыми конференциясының жинағында «Тіл дамытудағы мақал-мәтелдердің маңызы» атты мақаласы енді. Қалалық семинарда тәжірибесімен бөлісіп, дарынды оқушыларға арналған «Қызықты тапсырмалар» атты жинағын жасап шықты.

«Білім негізі – бастауышта. Менің мақсатым – балаларға дұрыс бағыт-бағдар көрсетіп, сапалы білім беру» — деген ұстанымды өзіне өмірлік ту еткен ұстазымыздың еңбегін шәкірттерінің жеткен жетістіктерінен-ақ көруге болады. Шәкірттері қалалық олимпиядалар, облыстық ғылыми конференциялар мен түрлі додаларға қатысып, құр қол қайтқан емес. Мектебінің атын шығарып, жеңістің жалауын желбіретіп келеді.

Білім саласының өркендеуі жолында адал қызмет етіп, жас ұрпақты оқыту мен тәрбиелеудегі еңбегін жоғары бағалап және қоғамдық жұмыстарға белсене араласқаны үшін еңбегін елеп, қала әкімі мен білім бөлімінің алғыс хаттар және дипломдарымен марапаттаған.

Жолдасы Қауланов Айтбай – құрылыс саласының қызметкері. Отбасында үш баланы тәрбиелеп өсірген үлгілі жанұяның бірі. Шаңырағының ұйтқысы, асыл жар, аяулы әже Балдырған Райханқызына алдағы уақытта еңбегіңіздің зейнетін көріп, немерелеріңіздің тәтті қызығы мен шыжықтарына кенеле беріңіз демекпін.

Ербол ЕРБОЛАТ
Қарағанды облысы бойынша Республикалық
«Білім айнасы» газеті мен «bilimainasy.kz» сайтының тілшісі

 

Сіз не дейсіз оқырман?

Е-мэйлыңыз жарияланбайды.