Home » Мақалалар » Шығармашылық ойлау механизмдері

Шығармашылық ойлау механизмдері

Елбасымыз Н.Ә.Назарбаев: «Бізге керегі – шын дарындар. Нарық қол-аяғымызды қалай қыспасын мемлекет өзінің талантты ұлдары мен қыздарын, тарланбоз жүйріктерін қолдауға, қорғауға міндетті»,- деп еліміздің болашағы жастарға үлкен мән берген. Дарынды, жас талапты жастар – бүгінгі егеменді еліміздің жарқын болашағы.

«Тегінде адам баласы адам баласынан ақыл, білім, ар, мінез деген қасиеттерімен озады» деген Абай . Ұлы ақын сөзі еш уақытта өз мәнін жойған емес. Озық ойлы білімдар адамдар заманның дамуына өз үлесін қосады.

Әрбір талантты бала еңбекке бейім, шығармашылық тапқырлықпен еңбек етеді. «Дарынды ұстаздан дарынды шәкірт шығады» демекші, дарынды оқушылардың көп болуы шығармашылықпен жұмыс жасайтын ұстаздарға байланысты. Шығармашылықпен жұмыс істейтін ұстаз – теориялық жағынан білімді, әлемдік педагогиканың озық үлгілерін жаңашылдықпен дамытып жүрген үнемі кәсіби шеберлікке ұмтылатын, тәлім-тәрбие ісінде жалықпайтын, баланы өзіне тарта алатын, шығарамшылық ізденістегі адам. Дарындылықты данышпандылыққа айналдыру үшін қажымай-талмай еңбектену қажет. Әр ұстаз алдында отырған шәкіртінің табиғи дарынын танып, оны одан әрі дамытуға күш жұмсауы керек.

Әбу Насыр Әл-Фараби: «Сен маған жастарыңды көрсет, мен еліңнің болашағы қандай болатынын айтып берейін» — деген болатын. Сондықтан да, Бүкіл дүниежүзілік білім беру кеңістігіне кіру мақсатында қазіргі кезде елімізде білімнің жаңа жүйелері құрылуда. Бұл үрдіс педагогика теориясы мен оқу-тәрбие жұмысында нақты өзгерістер енгізумен қатар елімізде болып жатқан түрлі бағыттағы білім беру қызметіне жаңаша қарауды, қол жеткен табыстарды саралауды, шәкірттердің шығармашылық әлеуметін дамытудағы іс-әрекеттерді тиімді ұйымдастыра білуді талап етеді.

Осы орайда баланың шығармашылық қабілетін қалай көтеруге болады, ойлау қабілетінің жоғары екенін қалай анықтауға болады? Қабілеттіліктің көзге көрінуіне септігін тигізетін не? –деген сұрақтарға жауап іздеу қажет. Отбасы да, мектеп те, жора – жолдастары да – бәрі де септігін тигізеді. Бірақ негізінде баланың өзі ізденуі тиіс. Осындай жағдайда мұғалімі де демеу беріп, жол сілтеу керек. Ол үшін баланың ағзасының «механикасын», бір нәрсеге бейімделуіне себебін тигізетін барлық компоненттерді, қала берді баланың өзінің қандай екенін түсіне білуіне ықпал жасауға болады. Жалпы даму дәрежесі жас ерекшелігіне сай, денсаулығы жақсы, оқуға даярлығы анық байқалған бала, мектеп қабырғасында жан – жақты жетіледі.

Қазіргі оқыту тұрғысы бойынша оқушылар оқыту үдерісінің белсенді қатысушылары болғандықтан оларды оқу үдерісіне тарту үшін алдымен олар сабақта не істейтінін, олардан не талап етілетінін білуі тиіс. Сол себептен мұғалімнің жаңа сабақты ұйымдастырудағы алғашқы қадамы – сабақтың мақсатымен, табыс критерийлерімен таныстыруы. Сабақтың мақсаты мен табысқа критерийлері түсінікті болу үшін мұғалімнің көмегімен оқушылардың өздері құрылымдағаны дұрыс. Мұғалім әр оқушының сабақ мақсатын түсінгенін және әр оқушының алдына мақсат пен табыс критерийлерін белгілегенін қадағалап, сабақты қорытындылау кезеңінде мұғалім сабақтың мақсатына қайта оралып, оқушылармен бірге белгіленген критерийлерге әр оқушының қаншалықты жеткенін айқындайды. Тізбектелген сабақтар топтмасындағы әр сабақты жоспарлауда осы үдерісті қалай жүретіндігінің тәсілін жоспарлау керек.

Оқыту мен оқу процесі аясында мұғалім оқушылардың жетістіктері мен пәнді түсіну деңгейін формативті бағалауда үздіксіз бақылап отырады. Нақтырақ айтқанда, қалыптастырушы бағалау қалыпты оқытудың құрамдас бөлігі ретінде жүзеге асуы керек. Сондықтан қалыптастырушы бағалау аясында мұғалімдер оқушылардың мақсатқа қаншалықты қол жеткізіп жатқандығын бақылауға алуы тиіс.

Ал енді өз сабағымда бірқатар дағдыларды дамытып, бағалауда топтық жұмыс бірден-бір қолайлы тәсіл екенін айтқым келеді. Өзге формалардағыдай бұл жағдайда да оқушылар табыс критерийімен алдын-ала таныстырылуы тиіс. Топтық жұмыс кезінде мұғалім сынып ішінде жүріп, барлық топтарды тыңдап үлгеруі тиіс. Топтардағы кейбір оқушылар табыс критерийі талаптарына тез қол жеткізуі мүмкін. Мұғалім сол оқушылардың есімдерін өзінің арнайы дәптеріне жазып алады. Әрі қарай мұғалім басқа оқушыларға назар аударуы тиіс. Оқушы ұяң немесе ұялшақ болған жағдайда мұғалім қосымша сұрақтар қойғаны дұрыс (Сен осы мәселе туралы не ойлайсың? Өз тобыңның осы мәселені қаншалықты дәрежеде талдағандығы туралы айтып бере аласың ба?). Кейде оқушы талдау тақырыбы туралы теріс түсінік немесе теріс жауап беруі мүмкін. Мұндай жағдайда оқушының өз жауабымен нені айтқысы келгендігін сұраған жөн.

Топтық жұмыс жасау кезінде мұғалім барлық оқушыларды бақылап шығуы керек. Барлық топтарды бір рет аралап, бағалап шыққаннан кейін мұғалім оқу мақсатына жетуге талпынатын оқушылары бар топқа қайта оралады және олардың оқу мақсатына қайтадан қол жеткізуіне мүмкіндік береді. Осы жақдайда кез-келген оқушыны шығармашылыққа баулу барысында алдымен оның ұшқыр ойлау қабілеінің жоғарылылығына аса көңіл бөлу керек.

Ойлау – ми қабығының күрделі формадағы анализдік – синтездік қызметінің нәтижесі, мұнда екінші сигнал (сөйлеу) жүйесінің уақытша нерв байланыстары жетекші рөл атқарады.

Сонымен, ойлау — сыртқы дүние заттары мен құбылыстарының байланыс — қатынастарының жалпылай және жанама түрде сөз арқылы бейнеленуі. Адам белігілі бір мәселенің түйінін шешу барысында түрлі амал – тәсілдерді қолданып, алға қойған мақсат – міндеттерді орындап шығу үшін ойланып – толғанады. Ойлаудың бұл түрі міндет – мақсатқа сәйкес жүзеге асады. Ойлау процесі бір мәселелі жағдайлар пайда болғанда, сол мәселені шешу керектігінде айқын көрінеді. Ойлау сұрақтан басталады да, оның жауабы ойлаудың мақсаты болады. Ойлаудың маңызды ерекшелігі — оның сөзбен байланыстылығы.

Ойлау түрлері:

  1. Ойлау формасы бойынша үш түрге бөлінеді:
  • Нақты әрекеттік ойлау;
  • Нақты бейнелік ойлау;
  • Абстрактылы логикалық ойлау-ең негізгі қасиеттері б-ша ойлау.
  1. Мәселелерге қатысты екі түрге бөлінеді:
  • Теориялық ойлау;
  • Практикалық ойлау.
  1. Анықталуына қатысты екі түрге бөлінеді:
  • диструктивті ойлау-логикалық дәлелдеу арқылы;
  • интуитивті ойлау- сезімге жүгіну.
  1. Оригиналдылығына байланысты екі түрге бөлінеді:
  • репродуктивті ойлау-қайта жаңғыртушы (Мысалы, 2х2=4)
  • продуктивті ойлау — жасампаз ойлау (2х Х=4)
  • Ойлау операциялары:
  • Анализ (талдау);
  • Синтез (жинақтау);
  • Нақтылау (шие, алмұрт, алма);
  • Жалпылау (жеміс-жидек);
  • Салыстыру (8>5);
  • Абстракция

Ойлау формалары: ұғым, пікір, ой қорытындысы.

Ұғым — біртекті бір атаулы заттар мен құбылыстарды түсіндіреді.

Пікір – заттар мен құбылыстардың арасындағы байланыстардың бекітілуі (қыс келді-қар жауды).

Бір немесе бірнеше пікірден жаңа пікір шығаратын ойлау формасы — ой қорытындылары деп аталады.

Ой қорытындыларының үш түрі болады:

  1. Дедукциялық — жалпыдан жекеге қарай жүретін ой қорытындысы.
  2. Индукция — жекеден жалпыға қарай жасалатын ой қорытындысы.
  3. Аналогия дегеніміз — ұқсастық бойынша ой қорытындыларын жасау.

Ойлану, ойлау – оқытудың бір түрі. Оның түсінігі бойынша — бұл жаңа білім алу, келісімді және таза ғана адамның тәжірибеден негіз алып өзін байыту.

Ойлаудағы қабілеттілік – баланың жинақталған бірнеше істі меңгеру шамасын байқататын бір қасиеті.

Қабілет – асыл мұра, бойға біткен зор қасиет. Әркімде бір ерекше көзге түсетін қасиет болады. Баланың орындайтын жұмыстары оның көңілінен шығатын болса, өсіп — өркендеуіне септігі тиеді, қабілеттілігі артады. Оның жан – тәнімен еңбек еткенінде ойлау қабілеті жетіліп, қалыптасады, табиғи икемділігі күшейеді. Баланы қалаған, қаламаған қызметіне икемдеу қиын. Берілген тапсырманы орындаймын деп өзін — өзі қинайды. Бірақ нәтиже шығара алмайды. Ықылассыз болады, шаршай береді. Міне осындай күйге түскенде пайда болатын психологиялық енжарлық баланың моральдық – этикалық қағидадан ауытқып кетуіне де себепкер болады.

Ойлау әр уақытта түрлі мәнер зерттеуінде қарастырылады гноселогия және логика, педагогика, физиология. Ойлау табиғаты (сана) оның қатынасы туралы алғаш зерттеген философия.

 

 

Естемес А.С.,
Шымкент қаласы №17 ЖОМ

 

Пайдаланылған әдебиеттер:

  1. Ә. Алдамұратов және т.б. Жалпы психология. А.., 1996 жыл;
  2. Ә. Алдамұратов. Қызықты психология.-А., 1992;
  3. Намазбаева Ж.И. Психология. Алматы, 2005;
  4. Намазбаева Ж.И., Сангилбаев О.С. Русско-казахский психологический словарь. Алматы, 2005;
  5. Намазбаева Ж.И. общая психология. Алматы, 2006;
  6. «Мұғалімге арналған нұсқаулық» ІІІ деңгей, үшінші басылым\ «Назарбаев Зияткерлік мектебі» ДББҰ, 2012 ж.

Сіз не дейсіз оқырман?

Е-мэйлыңыз жарияланбайды.