Home » Білім және тұлға » Талапкер мектебінің тынысы 

Талапкер мектебінің тынысы 

Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев “Қазақстан – 2050” Стратегиясы – қалыптасқан мемлекеттің саяси бағыты” атты Жолдауында атап көрсеткеніндей, білім және кәсіби машық – заманауи білім беру жүйесінің, кадрлар даярлау мен қайта даярлаудың негізгі бағдары. Осының бәрі мұғалімнің кәсіби біліктілігіне тікелей байланысты. Ұстаздықты екінің бірі атқара алмайды. Оның алдында әр күн сайын іздену, еңбектену, білімін толықтыру, уақытпен үндесу талабы тұрады. Осы тұрғыда өз біліктілігін, кәсіби шеберлігін жетілдіріп тұру қажет. Шәкірттерін білім нәрімен сусындатып, тәлім-тәрбие беру, жақсы қасиеттерді бойына дарытып, адамгершілік рухта бағыт-бағдар беруде ұстаздың еңбегі зор. Сондықтан да ол әрдайым қасиетті тұлға ретінде ерекшеленеді.

Иә, «Жақсыдан ғибрат ала білгеннің ісі оңға басады» демекші, білікті басшы, ұжым мақтанышы, тәжірибелі ұстаз  Сағымбала Хасенқызының өзі басқаратын ұжымды тек биік белестерге жетелеп келе жатқанын ерекше атап өткеніміз жөн.  

Ұлы ағылшын ағартушысы Ульям Уорт «Жай мұғалім хабарлайды, жақсы мұғалім түсіндіреді, керемет мұғалім көрсетеді, ұлы мұғалім шабыттандырады» дегендей, Сағымбала Хасенқызының тікелей басшылығымен және көп жылдық еңбек тәжірибесінде жинақталған  мұрағаттардан алынған құжаттар негізінде мектепте Талапкер ауылының тарихынан сыр шертетін мұражай ашылды.    Мектеп мұражайының қабырғасы мына тақырыптар бойынша жабдықталды: «Тыл еңбеккерлері», «Майдангерлерді ұмытпайық,» «Туған өлке өткенінен естелік»,  «Алтын ұя мектебім», «Ол мәңгі біздің жүрегімізде», «Атадан қалған мұра — асыл қазына» және т.б.

Әр ұлттың өзінің ұлттық құндылықтары болады. Бір ұлтты екіншілерімен  ерекшеліндіріп тұратыны оның мәдениеті, өнері, салт-дәстүрі, тарихы, т.б. өзгеге ұқсамайтын қасиеттері бар. Ұлттық құндылықтарды әр ұлттың ата-бабалары өздерінің өмір сүру салтына байланысты шығарып пайдаланып, дамытып, ұрпақтарына мұра етіп қалдырып отырған. Сондықтан ұлттық  құндылықтар сол ұлттың меншігі болып есептеледі. Оны әр ұлттың ұрпақтары сақтап заманына қарай дамытып отырулары керек.  Қазақ халқының ұлттық құндылығын сақтау және жаңғырту мақсатында  «Этномәдени»  кабинет  ашылды. Ол жерде халқымыздың киелі ордасы киіз үй көз тартарлық жабдықтармен әсем безендірілген.  Кабинетте  «Қыз — еркем, кестесімен көркем, ұл – еркем, өнерімен көркем» тақырыбында қолөнер шеберлерінің қолынан шыққан қолданбалы өнер бұйымдарының көрмесі қойылған.

Бүгінгі таңда бүкіл адамзаттың алдында тұрған өмірлік маңызы бар ауқымды мәселелердің ішінде табиғатты қорғау мен табиғи ресурстарды тиімді пайдалану мәселесіне ерекше көңіл бөлінуде. Осыған орай  білім ордасында  жас ұрпақты табиғатты аялау және қорғай білуге үйрету мақсатында «Экоәлем» бағы ашылды. Бақта  оқушылардың көре, сезе, түсіне алуы үшін тірі табиғаттың тіршілік бейнелері орналастырылған.

Тіл – ғасырлық қазына! Тілдің қастерлеп күзетер шырақшысы – халық. Ол өз ұрпақтарына қасиетті тілді аманаттап отырған. Тіл тарихы –  мәдени өмірлік құндылық. Тілді сақтап, оны келешектің керегіне жарату үшін қызмет ету – өз халқын сүйетін кез келген азаматтың парызы мен міндеті. Мектебімізде қазақтың қылыштай өткір тілді, қайратты халық жазушысы Мұхтар Шахановпен «Қайсар рухты ақын» тақырыбында  кездесу болып өтті. Ұйымдастырылған  салтанатты кездесуге ұлы ақынды ерекше сүйіп оқитын  оқушылар және ауылдың үлкен-кішілі оқырмандары  мейлінше көп жиналады. Қайратты ақынмен кездесу, ауыл тарихында алтын әріппін жазылды деп айтуға боларық үлкен іс-шара.

Елбасының  2017 жылғы 26 қазандағы №569  «Қазақ тілі әліпбиін кириллицадан латын графикасына көшіру туралы»  жарлығына сәйкес Талапкер аулы №3 орта мектебінде Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің тіл маманының профессорлары   Мұратова Г.Ә, Құрманғалиев І.Б, Мамаева  Г. Б. кездесу өткізілген болатын.

Аудан көлемінде мектебіміздің беделі жыл сайын артып келеді. Мектебімізде пәндік олимпиадалар мен түрлі сайыстарда жоғары білім деңгейімен, ерекше дарынымен, табиғи талантымен танылып жүрген оқушыларымыз аз емес. Атап айтқандай, Грузия елінде өткен  IYIPO ІХ Халықаралық жас ғалымдардың ғылыми жобалар олимпиадасында,         2015 жылдың түлегі Карбаев Елдос Ерікұлы  үшінші орынды жеңіп алып, «Астана медицина академисынының» білім грантының иегері атанды.

2017 жылы төртінші сынып оқушысы Әубәкір Ерқанат Малазияда өткен арифметикадан халықаралық  олимпиадада екінші  орын иеленді. Мұғалімнің педагогикалық кәсіби даярлығы жеткілікті болып, алған біліміне сай жаңа технологияларды сабақта шебер қолдана алатын болса, алдына қойылған мақсаты айқын, дүниетанымы кең, соған орай ақпараттар әлемінен қажетті білімді таңдай алуға үйрете білсе, тиімді нәтижеге қол жеткізе алары сөзсіз. Сонымен қатар, ғылым мен техника дамыған заманда мектеп қабырғасынан шыққан әрбір шәкірт жан-жақты даярланған, өмірге бейімді, ұлттық тұлға болып тәрбиеленуі басты міндет, біз үшін.

Заман талабына сай салынған жаңа мектепті   басқару барысында   тың өзгерістермен айтарлықтай тарихи мұра қалдыру жолында жасалынып жатқан жұмыстардың бірі мен бірегейін атап өтсек, Республика бойынша мектеп басшыларының «Мектептегі көшбасшылық, қоғамдастық жұмысының ұйымдастырылуы» тақырыбында  семинар болып өтті. Аталған семинарға аудан мектептерінің басшыларымен қатар, Қарағанды, Шымкент, Қызылорда, Ақмола т.б. облыстардың мектеп басшылары, Назарбаев зияткерлік мектептері ДББҰ педагогикалық шеберлік орталығының ұстаздары қатысып, өз тәжірбелерін ортаға салды. Сондай-ақ, мектеп кітапханасының оқырмандар залында  «Телевизия тарихы – ел тарихы”  атты   тақырыпта   «Қазақстан ұлттық телеарнасы»  тілшілермен кездесу  ұйымдастырылды. Кездесу қонақтарын атап айтсақ: Мейіржан Әлібекұлы –   «Апта» саяси сараптамалық бағдарламасының  редакторы, жүргізушісі. Жансерік Берікқазыұлы –   «Таңшолпан» бағдарламасының жетекшісі,  жүргізушісі. Нартай Аралбайұлы – «Мәселе» бағдарламасының редактор, жүргізушісі. Кездесуде оқушылар мен тілшілер өз ойларын ортаға салып, телеарна жайында көп мәліметтер алды.

Осының бәрі мектеп ұстаздарының қажырлы еңбегі мен мектеп директорының жүйелі басшылығының арқасы деп білеміз. Сондықтан да, еліміздің кемел болашағы жастар үшін Сағымбала Хасенқызының әлі де зор еңбек атқаратына сенім білдіре отырып, мектеп ұжымының тек биіктен көрінуіне тілектестігімді білдіремін!

 

А. Шантасов
Талапкер ауылы 

қазақ тіл мен әдебиеті пәнінің мұғалімі,

оқу ісінің меңгерушісі

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

Сіз не дейсіз оқырман?

Е-мэйлыңыз жарияланбайды.