Home » Білім және денсаулық » Салауатты өмір салты

Салауатты өмір салты

Қазіргі таңда жастарды салауатты өмір салтына ынталандыру мен денсаулығын қалыптастыру өзекті мәселе болып отыр. Дені сау ұрпақ – қоғамның қуаты демекші, халықтың болашағы жастардың денсаулығына байланысты.

Балалардың денсаулығын сақтап, дамыту жүйесі балабақшадағы оқу-тәрбиелеу процесі болып табылады. Онда бала денсаулығы басты мақсатқа айналып, барлық педагогикалық процесс соған бағытталады, оқыту-тәрбиелеу жұмыстарының барлығы балалардың бойында салауатты өмір салтын қалыптастыру мен денсаулықтың басты құндылық екеніне, салауатты болуына күш салынады. Педагогтардың салауаттылық мәдениетінің жоғары болуы талап етіледі. Оқу-тәрбие жұмысының ұйымдастырылуы алдымен баланың денсаулығын сақтай жүргізілуге бағытталуы тиіс. Өйткені дені сау бала оқу процесіне белсене араласады. Әрдайым жайдары, көңіл-күйі жоғары болады.

«Денсаулық» — адамның жұмыс істеу қабылетінің, оның жеке басының, болашақтағы көңіл-күйінің, ізгілікті іс-әрекетінің, қимылдық белсенділігінің және физикалық даму сапасының жоғарғы деңгейде болуының кепілі. Оқу тәрбие үрдісін бала денсаулығына жүктеме болмайтындай, керісінше оны нығайтуға жәрдемдесетіндей етіп ұйымдастыру керек. Балабақшаның жұмыс ерекшеліктерін ескере отырып, бала денсаулығын нығайту және қорғау мәселелері, балалардың физикалық дамуы – біздің мекеме жұмысының негізгі бағыты болып табылады.

Балабақшадағы жұмыс санитарлық-гигиеналық нормаларды сақтау, тамақтандыруды ұйымдастыру, балаларды шынықтыру жүйесін, дене шынықтыру-сауықтыру іс-шараларын дамыту, балабақшада жайлы көңіл-күй жасау арқылы жүзеге асырылады. Әрбір балаға медицина мен гигиена саласынан ең қажетті деген білім беріп, жасынан өзінің ағзасын біліп, соны сақтаудың жолдарын үйретудеміз. Дене шынықтыру арқылы (жүгіру, суға шомылу), сауығу жұмыстарын жүргізу үлкен рөл атқарады. Сондықтан, балабақшада шынықтырудың түрлі әдістері жүргізіледі: ояну гимнастикасы, релаксация жаттығулары және т.б. Сонымен қатар балабақшада хауыз жұмыс істейді. Балалар хауызға шомылады. Дене шынықтыруда жас ерекшеліктері мен жеке даму қасиеттеріне қарай өздігінен орындайтын қимылдық ойындар ойнатылады.

Салауатты өмір салты нормаларын ұстану әр адамда жеке және қоғамдық құндылықты көрсететін өзінің денсаулығын сақтауға жауапты қарым-қатынасқа тәрбиелеуге ықпал ету қажет.

Өркениеті дамыған қоғамды дені сау адам ғана құра алады деп айтар болсақ, жастарымыздың денсаулығы мықты, рухани дүниесі бай, жаны мен тәні таза, танымдық белсенділігі мен шығармашылық қабілеті ерекше, адамгершілігі мен имандылық қасиеті үйлескен тұлғаларды тәрбиелеу басты міндетіміз.

 

Абайдельдина Айнур Жалгасбековна

№61 бөбекжай-бақшасының тәрбиешісі

Қостанай қаласы

                                                           

Сіз не дейсіз оқырман?

Е-мэйлыңыз жарияланбайды.