Home » Мақалалар » Педагогикалық инновациялық технологиялар мен идеялар

Педагогикалық инновациялық технологиялар мен идеялар

Тарих сабағының неғұрлым тиімді және белсенді әдіс – тәсіл  түрлерін пайдалану оқушы белсенділігін арттыруда үлкен маңыздылығын айта келе, өз педагогикалық қызметімде пайдаланып жүрген білім беру технологияларына біраз тоқталғым келеді.

Қазақстан Республикасының «Білім туралы» Заңының 8-бабында «Білім беру жүйесінің басты міндеттерінің бірі – оқытудың жаңа технологияларын енгізу, білім беруді ақпараттандыру, халықаралық ғаламдық коммуникациялық желілерге шығу» деп атап көрсеткен. Қазіргі ақпараттық қоғамда өндірістің дамуының негізгі құралы болып ақпараттық ресурстардың қажеттілігі көрінеді.  Сондықтан білім беру саласы да өзінің дамуы үшін жаңа қадамдарға баруда. Осыған байланысты адамға ақпараттар кеңістігінде дұрыс бағытты таңдауға мүмкіндік жасай алатын оқытудың инновациялық технологиялары пайда болуда. Білім беруді ақпараттандырудың қағидалары:

— қоғамның әрбір мүшесі үшін алынатын білімдер мен мәліметтердің түсініктілігі;

— жеке тұлғаның интеллектуалдық және шығармашылық қабілеттерін дамыту;

— білім мен тәрбиенің бірізділігі;

— жалпы компьютерлік сауаттылық;

— оқыту мен тәрбиелеудің жылдамдығы.

Күтілетін нәтижелері:

— Инновациялық әдістер мен ақпараттық технологияны қолдану арқылы білімнің сапасын көтеру;

— Инновациялық әдістер мен ақпараттық технологияларды енгізу арқылы білім беру мазмұнын жаңарту;

— Инновациялық әдістер мен ақпараттық технологияны қолдану саласы бойынша оқушылардың мамандыққа баулу механизмін құру;

-мультимедиялық электрондық оқулықтарды, виртуалдық  лабораторияларды және бақылау программаларын жасақтап, қамтамасыз ету;

— отандық білім беру жүйелерін біртұтас әлемдік ақпараттық білімдік кеңістікке ену арқылы сабақтастыру;

Қазіргі заманғы ақпараттық технологияларды пайдалану өз білімін көтеру тиімділігін де арттырады. Бұл бірінші кезекте сандық түрде жазылған ақпараттарды пайдалану кезінде қажетті мәліметтерді оңай табуға мүмкіндік береді.

Инновациялық әдістер мен оқытудың ақпараттық технологияларын тарих сабағында қолдану арқылы оқушылардың қызығушылығын дамыту.

— Оқушылардың тарих сабағына деген қызығушылығын оятудағы сын тұрғысынан ойлау технологиясын пайдаланудың тиімділігі.

Қазақстан Республикасы «Білім туралы» Заңының бабына сәйкес мұғалімдер білім алушылар мен тәрбиеленушілер және тиісті мемлекеттік жалпы міндетті білім беру стандартында көзделген деңгейден төмен емес білім, шеберлік пен дағды алуын қамтамасыз етуге міндетті. Қазіргі білім беру саласындағы оқытудың озық саласы технологияларын меңгермейінше сауатты жан-жақты маман болуы мүмкін емес. Инновациялық технологияны меңгеру мұғалімнің интеллектуалдық, кәсіптік, адамгершілік, рухани азаматтық және де басқа көптеген адами қабілетінің қалыптасуына игі әсерін тигізеді, өзін-өзі дамытып, оқу-тәрбие үрдісін тиімді ұйымдастыруына көмектеседі.

Білім саласына еніп отырған жаңа технологиялардың ерекшелігі – өсіп келе жатқан жеке тұлғаны жан – жақты дамыту. Инновациялық білімді дамыту, жаңа идеялар мен жаңалықтарды өмірге әкелу. Бұрынғы оқушы тек қана тыңдаушы, орындаушы болып келсе, ал казіргі заманның оқушысы өздігінен білім іздейтін жеке тұлға екендігіне үлкен мән береміз. Өйткені, оқытудың әр түрлі технологиялары зерттелініп, жаңашыл педагогтардың іс – тәжірибесі зерттеліп мектеп өміріне енуде. Оқу-тәрбие процесін ұйымдастыруда оқытудың жаңа әдіс — тәсілдерін тиімді пайдаланып жетуге болады.

Ол үшін:

— білім алуды қамтамасыз етуге даярлауы тиіс;

— оқушыларға үздіксіз білім алуды үйрету керек;

— мұғалім оқушылардың білімге деген құштарлығын дамытуға көңіл бөлуі керек;

— оқушылардың жас ерекшеліктеріне сай оқытудың мазмұны шектелмеуі тиіс;

— оқытудың өз тәжірибесі, оқытудың негізі, оқыту барысында болжам, қиял, ойлап табу пайдалануы қажет;

Мектепте оқытуды ұйымдастыратын бірден-бір нұсқа сабақ болса, сабақтың нәтижелі болына ықпал ететін нұсқа  сол  сабақты өткізудің әртүрлі әдіс-тәсілдері, яғни жаңашыл сабақ. Қазіргі кезде шығармашылықпен жұмыс істейтін мұғалімдердің тынымсыз ізденуі нәтижесінде оқу-тәрбие жұмысының тиімділігін арттырудың жаңа технологиялары өмірге  келді. Тарих — мектептегі оқу пәні ретінде жалпы негізгі білім беретін барлық гуманитарлық және қоғамтанушылық курстардың негізін құрайды. Тарих ұлттық өзіндік сана — сезімді және адамгершілік этикалық нормаларды қалыптастыра отырып, оқытудың дүниетанымдық негізін қалыптастырады. Тарихтың басқа пәндермен өзара байланысы талдау, жинақтау сияқты ортақ логикалық таным — әдістерін қолдануға мүмкіндік береді. Мысалы, гуманитарлық циклдағы пәндермен байланысы картамен, мәтінмен жұмыс істеу, оқиғалармен құбылыстардың ерекшеліктерін айқындау сияқты ортақ әдіс — тәсілдері негізінде іске асады. Тарихқа деген қызығушылығын арттыру үшін сапалы білім берудің тиімді жолдарын таңдау, тарихи және мәдени мұралармен таныстыру, қосымша элементтерді пайдалану мен тарихи деректерді оқып білім алып шығармашылықпен айналысуына жағдай жасау сияқты жаңа педагогикалық технологиялармен инновациялық бағыттарды, әдістер мен тәсілдерді енгізу. Бүгінгі таңда сабақ өткізудің түрлері өте көп. Шәкірттердің сыни тұрғыдан ойлау қабілеттерін дамытуға арналған оқытудың әдіс-тәсілдері білім алушыларға құбылыстардың себептерін толық ұғынуға, ережелер мен заңдылықтардың сырларын терең түсінуге, олардың ғылыми білімдегі орнын аңғаруға қолайлы жағдаяттар жасайды. Сабақ барысында шәкірттердің сыни тұрғыдан ойлау қабілеттерін жетілдіруге, дамытуға арналған оқыту технологиясы оларға еркін ойлауға, байқалған, баяндалған мазмұнынан тәуелсіз пайымдамалар жасауға мүмкіндік береді, шығармашылық белсенділігі жоғарылайды, ұжымдық ойласу, ұжымдық тұжырымдар жасауға белсене атсалысады, ұжымдық қорытындыда  өз үлесі бар екенін сезіп, қуаттана марқаяды, келесі мәселелер түйінін шешуге еркін араласады, өз ойын жасқанбай айтуға үйренеді. Тақырыптың негізігі өзегін, бағытын, мән-мағынасын түсінеді, тіл байлығын жетілдіреді, өз ойын қысқа, мазмұнды, мағыналы, дәлелді баяндауға дағдыланады, пәнге қызығушылығы артады, ғылым негіздерін игеру әдістерін меңгереді, сөйтіп өзін келесе мәселені талдауға дайындайды.

Оқушы бұрын тек тындаушы болса, енді ізденуші, ойланушы, өз ойын дәлелдеуші болады, ал мұғалім осы әрекетке бағыттауда, оқуды ұйымдастыруда жетекші рөл атқарады.

Оқушыларды сабаққа психологиялық тұрғыдан дайындай отырып, қызығушылықтарын арттырудың әртүрлі әдіс амалдары қарастырылады. Сондай-ақ оқушыларды қалай қызықтыру керек деген сұраққа жауап деп қарауға болады;

— жаңа идеяны түсінуге дайындау;

— оқушының бұрынғы тәжірибесімен байланыс орнату;

— шын мәніндегі мәселені ұсыну және оқыту мақсатын бірлесіп дайындау;

Оқушы өз білетінін еске түсіреді, қағазға жазады, көршісімен бөліседі, тобында талқылайды. Бұл кезеңде, «Топтау», «Түртіп алу», «Болжау», «Галерея», «Ассоциация» әдістерін пайдалануға болады.

Мағынаны тани білу — жаңа білімді игеру кезеңі:

Бұл кезеңде оқушы жаңа ақпаратпен танысып,  оқушылар өздері жұмыс істейді және топпен жұмыс жасап белсенділік көрсетуге жағдай жасалады. Оқушының білімін қалыптастыру деңгейінде, оны зерттеу, талдау, жауап табу үшін жеткілікті материал болу керек, ол үшін:

-материалды меңгеру;

-белгілі және жаңа білімді бөлу;

-сұрақ қою;

-барлық мүмкін байланыстарды өткізу; «Өзара оқыту әдісі», «Кең ауқымды лекция» әдісі, «Инсерт» әдісі, «Білемін, білгім келеді, үйренемін», т.б. әдіс-тәсілдерді қолдану оқушының өздігінен білім алу, шығармашының іс-әрекеттерінің оянуы, бір сөзбен айтқанда , өзіндік еңбек ету кезеңіне айналдырады.

  1. Ой толғаныс:

Жаңа алынған білімді айқындайтын және ұштайтын деңгейде оқушыда шешім қабылдай алатын мүмкіндік болу керек:

-оқығанын өзіндік ойлау тұрғысынан көрсете білу;

-өз сұрақтарын қою және оған жауаптар табу;

-болжау жасай білу және олардың дұрыстығын тестілеу;

-жаңадан пайда болған жағдайларды тез түсінуге осы білімді қолдану;

Толғануды тиімді етуге лайықталған:

«Бес жолды өлең», «Вен диаграммасы», «Кейіпкерге хат», «Кубизм», «Т кестесі» т.б. әдіс-тәсілдер әр сабақтың ерекшелігіне ауыр-жеңілдігіне қарай лайықты қолданылады. Бұл әдістің тиімділігі сабақтан тысқары қалатын оқушы болмайды.
Сын тұрғысынан ойлауды үйрету үшін мына шараларды орындауы шарт:

Сын тұрғысынан ойлауды үйрету үшін уақыт керек.

Оқушыларға өз ойын ашық, еркін айтуға рұқсат беру.

Әр түрлі идеялар мен пікірлерді қабылдау.

Үйрену барысында оқушылардың белсенді іс-әрекетін қолдау.

Оқушылардың бір-бірінің жауабына жасаған сынының дәлелді, дәйекті болуын талап ету.

Кейбір оқушылар қолайсыз жағдайға түсіп қалса, әжуаламау, келеке етпеу.

Сын тұрғысынан ойлауды бағалау, оқушылар арасында сенімділікпен жұмыс жасау, бар ынтасымен оқуға берілу, пікірлерді тыңдау, құрметтеу, өз пікірін ашық білдіруін талап ету.

Балалар шешімі мен осы мәселе туралы не ойлаймын жаңа мазмұнды алынған ақпарат менің бұрынғы білетініме сәйкес келе ме? Маған бұл жаңа ойлар қаншалықты әсер етті.

СТО — өз алдына сұрақтар қойып жауап іздеу. Берілген сұрақтарға  «Ал егер бұлай болса»-деп өз пікірін айтқызуға оны дәлелдей білуге үйрету басқалардың келтірген аргументтерінің қисынын зерттейді. Білімді меңгеру үшін қажетті дағдыларды өз бетімен қолдануға үйрету. Оқушы бойында білуге деген құштарлықты дамыту.Ізденіс жасауға арналған стратегияларды, білім алу стратегияларын үйренуге деген құлшынысты қалыптастыру.

Ақпараттық технологияларды пайдаланудың артықшылықтары мынадай:

  1. Олар оқытудағы тақырып шеңберіндегі немесе белгілі бір уақыт аралығында айтылуға тиіс мәліметтер көлемін ұлғайтады.
  2. Білімге бір-бірінен үлкен арақашықтықта орналасқан әр түрлі оқу орнында отырып қол жеткізуге болады.
  3. Оқытудың жүйесі көп деңгейлі жетілдіруі олардың таралымдалуы мен оқу сапасын арттырады.
  4. Компьютердің көмегімен оқушы өз бетінше немесе өзге оқушылармен топтасып бірге жұмыс істеуге мүмкіндік алады.
  5. Компьютерлер көрнекі, бейнелі ойлауды, қозғалыстың ауызша қарым-қатынас машықтары мен әрекеттерді және әлеуметтенуді дамыту үшін мүмкіндіктер туғызатыны туралы дәлелдеп көрсетеді.
  6. Компьютер оқытуда қолданудың екі негізгі бағытын көрсете кетелік:
    Оқу курсындағы жаттығуларды арнайы жасалған ортада орындау.
    2. Оқушылар ақпараттық технологиялар негізінде басқа пәндерді өздігінен меңгереді.
  7. Ақпараттық технологияларды пайдалану, компьютерлік оқыту бағдарламаларын құру және қолдануды білдіреді. Ол бағдарламаларда дәстүрлі оқытудан ерекше педагогикалық үйретушілік логикасы жүзеге асырылады. Мектептегі сабақтар жаңаша ұйымдастырылады және мұғалімнің қызметі мен рөлі өзгереді.

Қорытынды. Қорыта келе, педагогикалық инновациялық  технологиялар мен идеялар арқылы оқу сапасын арттыруға болады. Сонымен қатар сыни тұрғыдан ойлау бағдарламасы бойынша жүргізілген сабақтар іздеудің мән-жайына қаныға, білімді тереңінен айтуға төселеді, дәлелдер келтіру, дәлелдеу тәсілдеріне жаттығады, теория мен практиканың бірлігін игереді, жеке және топпен бірлесіп мәселе түйінін шешу жолдарын табуға жаттығады, өз жолдастарының пікірімен санасуға, өткір сындарды тыңдап одан тиісті қорытындылар жасай білуге машықтанады.

Бұл бағдарламаны өз сабақтарымда әдіс-тәсілдерін қолдану барысында түсінгенім оқушылардың бірін — бірі тыңдап, құрметтеуіне үйретуі, бұрын үндемей отыратын балалардың сабақ барысында қызу араласуы сабақтың ерекше, олардың еркін сөйлеп, ойларын ашық жеткізуге мүмкіншілік туғызады. Бұндай әрекет сабақтың барлық үш кезеңінде байқалып отыратындығы сөзсіз. «Сыни тұрғыдан ойлау» — педагогиканың  заманауи білім беру ісінде  тиімді инновациялық идеялардың бірі екенін айта аламын.

 

 

Молдабекова Т.Т.,
Шымкент қаласы №17 ЖОМ

 

Пайдаланылған әдебиеттер:

  1. С.Мирсентова. Оқыту ізденіс ретінде және ізденіс оқыту ретінде. Қарағанды, 2016 ж.
  2. С.Әлкен. Жаңа технологиялар арқылы шығармашылыққа баулу. «Қазақстан тарихы», №1 2017 ж.;
  3. Р. Қ. Қарсыбаева. Сын тұрғысынан оқу мен жазуды дамыту технологиясының ерекшелігі. «45-Минут» №1 2009 ж.;
  4. «ҚР Білім туралы» Заңы;
  5. Қ.Сарбасова.(Инновациялық педагогикалық технологиялар. 2006 ж) Мұғалімге арналған нұсқаулық. 1-деңгей, 2-басылым, 2014 жыл.

Сіз не дейсіз оқырман?

Е-мэйлыңыз жарияланбайды.