Home » Спорт » Оқушылардың дене мәдениетін қалыптастырудың қосымша құралдары

Оқушылардың дене мәдениетін қалыптастырудың қосымша құралдары

 

Мемлекетіміздің адамдар арасында дене мәдениетін қалыптастыру мен оны арттыруды жолға қою, дене тәрбиесінің жан-жақты қызметін ұйымдастыру саласындағы тапсырмалары – бүгінде барлық дене тәрбиесін оқытушылар мен өзге де дене өкілдерінің алдына нақтылы міндеттер қойып отыр. Соның ішінде жас ұрпақтың дене мәдениетін арттырып, сол арқылы салауатты өмір салтын берік ұстанған қоғам қалыптастыру – дене тәрбиесі оқытушыларына өз жұмыстарын белсенді әрекеттерге көшірудің түрлі әдіс-тәсілдерін қарастыру қызметін жүктеді.

Дене тәрбиесі – жеке тұлғаны жан-жақты және үйлесімді дамытуға, оның денсаулығын нығайтуға бағытталған қоғам мен адамның жалпы мәдениетінің бір бөлігі. Дене тәрбиесі жүйесі қоғамдағы экономика, саясат, ғылым және мәдениет саласындағы жүйелермен тығыз байланыста дамиды. Қоғамдық қатынастардың көрінісінің бір сферасы есебінде ол сол жүйедегі жүріп жатқан өзгерістер әсерімен эволюциялық тұрғыдан дамып, өседі. Өзінің арнайы функциясын жүзеге асыра отырып, дене тәрбиесінің жүйесі адамдардың қозғалыс белсенділігінің қажеттілігін қамтамасыз етуге, сол арқылы денесінің жетілуін және денсаулықтың жоғары деңгейге жетуін қамтамасыз етуге толық қабілетті. Тәрбиелік-педагогикалық қызметін жүзеге асыра отырып, дене тәрбиесі адамгершілік, эстетикалық, еңбек, мәдени даму міндеттерін шешуге мүмкіндігі бар.

Бүгінде арнаулы орта оқу орындарында да дене тәрбиесі саласына аса зор көңіл бөлініп отыр. Соның арқасында оқытушылар өз жұмыстарын жүйелі жолға қою мүмкіндігіне ие болды. Жалпы, дене тәрбиесінің негізге құралдары – ол күнделікті сабақта қолданылатын әдіс-тәсілдер жиынтығы (көптеген спорттық және гимнастикалық жаттығулар, ойындар мен туристік іс-шаралар). Ал дене тәрбиесін жетілдірудің қосымша құралы (яғни түрлі спорт түрлерімен айналысу) ретінде сабақтан тыс жүргізілетін үйірмелер мен жарыстарды айтамыз, мұнда нақты спорт жаттығулары қолданылады. Бұл пайданылатын құралдар айырмашылығы болып табылады.

Кез – келген іс-әрекеттің нәтижелі болуы үшін оған жан-жақтылық қажет. Оқушының дене тәрбиесін жетілдірудегі қосымша қызметті ұйымдастыруды осы ұстаным негізінде жүргізуге болады.

Бұл:

  • оқушының спортпен айналысу мүмкіндігін кеңейтеді;
  • өз қалауынша дене мәдениетін жетілдіру құралын таңдауға мүмкіндік береді;
  • өзінің қосымша қарым-қабілетін арттыруға көмектеседі;
  • оқушының бос уақытын ұйымдастыру тиімділігі;
  • оқу орындарында спорт түрлерінің дамуын нығайтады;

Негізінен дене тәрбиесі сабағы мен спорттық үйірмелердің қызметі, мақсат-міндеті, сайып келгенде, бір арнаға тоғысады. Олардың ең басты да негізгі қызметі оқушының дене мәдениетін қалыптастыру, тәрбиелеу, жаттықтыру.

Дене тәрбиесі мен спорт сабақтарында қолданылатын ақпарат құралдары мен әдістері негізгі және көмекші болып бөлінеді. Негізгілеріне сөз бен бейнелеп көрсету жатады. Сөздің көмегімен дене тәрбиесі мен спорт сабақтарында а) оқушыларды ұйымдастыру; ә) білімді мәлімдеу; б) орындалған жаттығуларды және олардың нәтижелерін талдау мен бағалау; в) көңіл күй жағдайын реттеу; г) тәрбиелеу міндеттерін орындау қамтамасыз етіледі. Бейнелеп көрсету үйренетін қимылдар туралы нақты мәліметті қысқа уақыт ішінде білуге мүмкіндік береді. Ақпараттың көмекші құралдары мен әдістеріне қимыл барысындағы дыбыстар қимылдан қалған іздер, бағыт-бағдар, сондай-ақ ақпараттың техникалық құралдары мен әдістері жатады. Спорттық тәрбиелеу мақсатына келіп, дене тәрбиесінің әлеуметтік қызметі жүзеге асады. Әлеметтендіру функциясы дене шынықтырудың маңызды аспектісі болып табылады. Мұндай дене шынықтыру спортпен айналысуға, бәрінен бұрын жастарды спортқа қызықтыруға және халықтық ойындар мен спорт түрлерін (бәйге, қазақша күрес, тоғызқұмалақ және басқалары) қоса ұлттық мәдени дәстүрлерді меңгеруге бағыттылған. Мұнда көбінесе білім беруге емес, тәрбиелеуге аса мән береді. Сабақтан тыс жүргізілетін шара болғандықтан, неғұрлым еркін сипатта өрбиді.

Жоғары аграрлық-техникалық колледжінің де бұл саладағы іс-әрекеттері тиімді ұйымдастырылып, өз нәтижелерін беріп жүр. Сабақтан тыс жүргізілетін волейбол, баскетбол, футбол, үстел теннисі, армрестлинг, тренаржердағы жаттығу үйірмелерінде негізінен оқушыға дене тәрбиесінің қосымша құралдары арқылы белгілі бір мақсатты бағытта даярлау қолға алынған. Белгілі бір мақсатты бағыт дегеніміз – спорт түрлерінен өтетін жарыстарға команда жасақтау, колледждің спорттық базасын нығайту, оқушылардың денсаулығын жақсарту талаптарына сәйкес келеді.

Оқушылар осындай үйірмелерде жаттығуынын арқасында жылдамдық, шыдамдылық, күш, икемділік т.б секілді дене қасиеттерін дамыта отырып, түрлі еңбек қызметін орындағанда ешқандай қиналмай әрекет етеді. Дененің үнемі жаттығуы адамның психо-физикалық күйінің өз қалпын жоғалтпай, белгілі бір тепе- теңдікті сақтап жүруіне мүмкіндік береді.

Мұндай қосымша үйірмелерден алған практика-теориялық білімдерінің арқасында оқушылардың дене тәрбиесі саласындағы көрсеткіштері оң нәтижеге жетіп отыр.

 

Пайдаланылған әдебиеттер

  1. Т.Ә.Ботағариев, С.С.Кубиева «Дене шынықтыру теориясы мен әдістемесінің жалпы негіздері» Орал, 2012. Б.232.
  2. Г.Е.Шынжырбекова //Дене тәрбиесінің әлеуметтік-экономикалық тиімділігі.

 

Алдан Қазиханұлы Мурзагулов,
БҚО, Орал қаласы,
Жоғары аграрлық-техникалық колледжінің оқытушысы.

Сіз не дейсіз оқырман?

Е-мэйлыңыз жарияланбайды.