Home » Білім және тарих » Мұражай — жәдігерлер мекені

Мұражай — жәдігерлер мекені

Біз, Бауыржан Момышұлы атындағы №45 қазақ классикалық гимназиясының  5»е» сыныбының білім алушылары ұстаздарымыздың ұйымдастыруымен Жамбыл облыстық тарихи өлкетану мұражайына саяхат жасадық. 14 зал және музей ауласында орналасқан «Көне түркі жазулары және тас мүсіндері», «Л.В. Брюммердің көркемсурет музейі», «Тараз 2000» бөлімдерінен тұратын мұражай маған ерекше әсер қалдырды. Барлық балалар музейді үлкен  қызығушылықпен аралады. Әсіресе, тірі және өлі табиғат, археология  бөлімі балаларды таң қалдырды. Ол жердегі теңіз жануарлары мен ірі жануарлардың қатып қалған сүйектерін көргенде  мамонттың қаншалықты алып жануар болғанын көз алдымызға елестетіп, олардың  жойылып кету себептерін біраз талқыға салдық. Сондай-ақ өлкеміздің флорасы мен фаунасы өкілдерінің үлкен коллекциясымен таныстық. Археология бөлімінде бізге мектеп оқулығынан есімі таныс Х.Алпысбаевтың ғылыми экспедиция нәтижесінде Қаратау тауларынан табылған тастан жасалған түрлі еңбек құралдарын да көрдік. Осы сәтте тас дәуірі бөлімі бойынша  өтілген материалдар да еске түсті. Сондай-ақ, маған ерекше ұнғаны «Көне түркі жазулары және тас мүсіндері», «Тараз-2000» бөлімдері. Онда қыштан жасалған әртүрлі тұрмысқа қажетті бұйымдар, су құбырлары, шырағдандарды  және де балбал тас мүсіндерін де тамашаладық. Шыныдан, қоладан жасалған әртүрлі бұйымдар, өткен тарихтан сыр шертетін ою-өрнегі ерекше кірпіштердің сынықтары да бізді ерекше сезімге бөледі.
Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламасының «Туған жер» жобасы аясында ұстаздарымызбен ұйымдастырылған Жамбыл облыстық тарихи-өлкетану мұражайына саяхат маған терең ой салды. Қасиетті өлкеміздің тарихымен танысып, ұрпақтан ұрпаққа мирас болып қалатын рухани құндылықтарды, тарихи жәдігерлерді қадірлеу қажеттігін ұғындым. Сондай-ақ, шежірелі өлкемнің тарихын біліп қана қоймай, оны сүйіп, құрметтеу бізге міндет екендігін жете түсіндім. Менің сыныптастарым да өздеріне қажетті мол ақпараттар алып, әр жәдігердің өлкеміздің терең тарихынан   сыр шертетін баға жетпес қазына екендігін ұғынды деп ойлаймын.

Әмірбек Айғаным,
Тараз қаласы,
Бауыржан Момышұлы атындағы
№45 қазақ классикалық гимназиясының
5«Е» сынып оқушысы

Сіз не дейсіз оқырман?

Е-мэйлыңыз жарияланбайды.