Home » Білім және тарих » Мың жылдық тарихы бар әсем қала Алматы!

Мың жылдық тарихы бар әсем қала Алматы!

 29А.Е. Саденова
Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ,
Шетелдіктердің тілдік және жалпы білім беру
дайындығы кафедрасының доценті

Мың жылдық тарихы бар, мәдени-тарихи мұралары мен сұлу табиғаты бар әсем қала, қазіргі Алматы – Қазақстанның батыл әрі қарқынды дамуының көрінісі. Биылғы жыл «Алматы қаласының 1000 жылдығы» деп жарияланып, бүгінде, ел болып, жұрт болып, алып шаһар тұрғындарын, жалпы қазақстандықтарды тарихы терең, көркіне көз сүйсінер Алматы қаласының 1000 жылдығын халықаралық деңгейде атап өту басталды.

Шетелдіктердің тілдік және жалпы білім беру дайындығы кафедрасында жоғары оқу орнына дейінгі білім беру факультетінің деңгейінде Қазақстан Республикасы тәуелсіздігінің 25 жылдық мерейтойы аясында «Алматы қаласына — 1000 жыл!» мемлекеттік мерекесіне орай арнайы дөңгелек үстел ұйымдастырылды. Дөңгелек үстел «Алматы қаласына -1000 жыл: қаланың тарихы және бүгінгі күні!» атты тақырыпта өтті.

Дөңгелек үстелге шетелдіктердің тілдік және жалпы білім беру дайындығы кафедрасының оқытушылары мен Қытай, Корея, Ауғанстан, Швейцария, Жапония және басқа да елдерден келген шетелдік студенттер қатысты.

Дөңгелек үстелде сөз алған шетелдік студенттер барлық ұлттардың қызығушылығын біріктіретін Алматының бүгінгі көрінісі, мәдени-саяси жүйесінің маңыздылығы туралы сөз етті. Сонымен қатар, бұл мейрам Алматы қаласының жарқын көрінісі екендігін, сондай-ақ, әр қаланың өз тарихы мен өз тағдыры болатынын, қала арқылы шеттен келген адамдар сол қалада тұратын ұлттардың мәдениетін, салт-дәстүрін түсінетіні жайлы өз ойларын ортаға салып, қызу талқылады.

Одан кейін шетелдіктердің тілдік және жалпы білім беру дайындығы кафедрасының аға оқытушысы А.К. Ахмедова сөз алып, баяндамасымен таныстырды. Ол биыл Алматы — «ТМД елдерінің мәдени астанасы» атанғанын, Алатау баурайының етегінде орналасқан әсем қала — өркен жайған өнер, көркем мәдениет пен өрелі өркениеттің ордасы екенін, алып шаһарда қазір 2 миллионға жуық халық тұратынын, еліміздің мәдени ошағы — Алматы қаласына -1000 жыл толып отырғаны туралы айтып өтті.

Осы кафедраның аға оқытушысы Д.С. Толмачева өз сөзінде Алматы – егемен Қазақстанның қазіргі заман тарихы қаланған қала екенін, Алматыда 1991 жылғы 16 желтоқсанда «Қазақстан Республикасының мемлекеттік тәуелсіздігі туралы» Заң қабылданғанын, 1993 жылы қаланың тарихи атауы – Алматы ресми түрде қалпына келтірілгенін, бас қала Астанаға ауысқан соң, Алматыға республикалық маңызы бар қала мәртебесі берілгенін, бүгінгі күні Алматы Қазақстанның мәдени, ғылыми, қаржылық-экономикалық және саяси өмірінің орталығы болып қала беретінін атап айтты.

Шетелдік студенттер бейне таспа арқылы Алматы қаласының мәдениетімен, тарихымен таныса отырып, Алматыны жаңа қырынан таныды. Ең маңыздысы – шетелдік студенттер Алматыда әр түрлі ұлтты халықтар бірлікте, бейбітшілікте, тыныштықта өмір сүріп жатқандарын тамашалай алды. Алматының өңірлік және жаһандық дамудағы бірегей рөлінің ерекшелігін көрсетеді.

«Алматы қаласына -1000 жыл: қаланың тарихы және бүгінгі күні!» — мемлекеттік мерекесіне арналған дөңгелек үстел ғылыми-рухани тұрғыда шетелдік студенттердің өздерінің белсенді қатысуымен мәдени диалог түрінде жоғары деңгейде өтті.

Сіз не дейсіз оқырман?

Е-мэйлыңыз жарияланбайды.