Home » Білім және тұлға » Менің ұстазым

Менің ұстазым

 Мен 2 сыныпта оқимын. Сабағым жақсы, алған жетістіктерім де көп. Бірінші сыныпты үздік бағамен бітіріп, ағылшын тілінен өткен байқауда, өз жетістіктерімді көрсетіп, бірінші сыныптар ішінде үздік атанып 1 орын алдым. Ал биылғы оқу жылында мектебімізде өткен Жамбыл Жабайұлының туылғанына 173 жыл толуына орай ұйымдастырылған «Жыры кетпес жүректен» тақырыбында өткен кеште Жамбыл атамыздың өлеңдерін мәнерлеп оқып, мектеп директорының атынан Алғыс хатпен марапатталдым. Республикалық Ұлттық Интернет Олимпиадасына қатысып, есеп шығарып, қатарластарымның арасында үздік болып 1 дәрежелі дипломмен марапатталдым. Республикалық Дәстүрлі Интернет Олимпиадасында орыс тілінен білімімді көрсетіп, дипломмен марапатталдым. Халықаралық ПОНИ сайысына қатысып жүлделі орынға ие болдым. Осының бәрі ата-анам мен ұстазымның арқасында деп ойлаймын.

Менің ұстазым ең алғаш әріп танытып, оқуды, жазуды үйреткен, айналамызда болып жатқан сан қилы құбылыстарды түсінуге көмектесетін, адамгершілікке баулитын Гүлсара әпкей. Ол – мейрімді, ақылды, әдемі, мектебіміздегі сыйлы адамдардың бірі. Оқушыларға сапалы білім беру үшін аянбай күш жұмсайды. Сыныптағы әрбір оқушының қабілетін байқап, барынша дамытуға тырысады. Ол біздің әрбір жетістігімізге шын жүректен қуанады.

Біздің сыныпта 36 оқушы бар, әр қайсысының мінезі, үйде алған тәрбиесі әр түрлі, бәріміз шулағанда сыныпты басымызға көтереміз. Біздің апкей ұрысқанымен, көзі әрқашан күлімдеп тұрады. Оның бізді жақсы көретінін біз жүрекпен сеземіз. Гүлсара әпкей біз үшін ата-анамыздан да көп уайымдайтын сияқты. Ол кісі әрқашан ақылын айтып, дұрыс жол көрсетуден шаршамайды. Күнде сабақтан кейін үйге шығарып саларда «жолдан дұрыстап өтіңдер» деп  ескертіп отырады. Мұғалімнің жұмысы өте қиын екенін біз де білеміз, өйткені мектепке ерте келіп, кеш қайтады, бітпейтін қағаздарды толтырып жатады. Шаршағанына қарамастан әпкейіміз ылғи да күліп жүреді. Гүлсара әпкей сыныпқа кіргенде, күн кіргендей сыныптың іші жап-жарық болып кетеді. Мен алған әрбір жетістігім үшін Гүлсара апкейіме алғысым шексіз екенін айтқым келеді.

Жексенбек Сандуғаш
Тараз қаласы
Жамбыл атындағы №5 мектеп-гимназиясының
2 «е» сынып білім алушысы
Жетекшісі Жаманкулова Г.

 

Сіз не дейсіз оқырман?

Е-мэйлыңыз жарияланбайды.