Home » Балабақша » Мектеп жасына дейінгі баланың тілін дамыту

Мектеп жасына дейінгі баланың тілін дамыту

 

 

 

«Ана тілі – халық болып жасағаннан бергі жан дүниесінің айнасы; өсіп, өніп, түрлене беретін мәңгі құламайтын бәйтерегі. Жүректің терең сырларын, басынан кешкен дәуірлерін, қысқасы, жанның барлық толқындарын тұқымнан тұқымға жеткізіп, сақтап отыратын қазынасы- сол халықтың тілі. Ана тілін үйрену – сөздерді жаттау, олардың жүйесін, өзгеру заңдарын білу ғана емес, тіл үйренумен бірге бала тілдің сансыз көп ұғымдарын, ойларын, сезімдерін, сұлу үлгілерін ойлау жүйесін, ой пәлсафасын да меңгереді»

                                                                                                                   Жүсіпбек Аймауытов.

 

Тіл – қоғамдағы адамдардың бір-бірімен пікір алысып, қарым-қатынас жасайтын құралы. Баланың мектепке дейінгі уақыты туралы В.А.Сухолинский «Біз балалық шақты уайымсыз-қайғысыз, қуаныш пен ойынның, ертегілердің шағы деп есептейміз. Бірақ бұл-өмір ағымы. Адамгершіліктің тамыры тура осы уақытта жинақталады» деген. Бұл кезең- оның жеке қасиеттерінің қалыптасып, дамитын кезеңі сондықтан да бала өз тілінде сөйлеуі қажет. Бұған ата-аналар да ерте бастан көңіл бөлгені жөн.Баланың мінез-құлық әрекеттері 3-4 жасқа дейін қалыптасып, тұрақтала бастайды.Баланың күнделікті өмірде өзіне қажетті заттарды білуге ынтасы артады. Баланың сөз қорының молайып жетілуі қабылдауы әсер етеді.

Мысалы: 2 жастағы бала естіген-білгені сөзді сол күйінде қайталап айтуға талпынады. Өз ойын сөзбен жеткізудің алғашқы қадамы.

Балалармен жекелей сөйлесіп, олардың білім деңгейін анықталады.

3-4жастағы балаларға сөз ішіндегі дауысты, дауыссыз дыбыстарды дұрыс айтуға үйретеміз.

Ал мектеп жасына дейінгі балалардың тілін дамытуда негізгісі ол:

  • Ауызша сөйлеуге үйрету, сөздік қорын дамыту.
  • Айналадағы дүниені, табиғатты бақылау, заттың атын, сынын, сапасын, түрін, пішінін білдіретін сөздерді меңгерту. Заттың қимылын, көңіл-күйін білдіретін сөздерді меңгерту.
  • Сөз дыбыстарын дұрыс айту.
  • Сөйлесуін дамыту. Естіген, білгенін, көрген-түйгенін сұрақ қоя отырып, әңгімелеу. Қысқа ертегілерді мазмұндап беруді үйрету.

Баланың тілін дамыту, сөйлесе білуге үйрету үш түрлі тәсілден құралады.

  1. Затты бақылауға дағдыландыру:
  2. Балалардың түсінгенін байқау, сұраққа дұрыс жауап беруін қадағалау.
  3. Бақылаған оқиғалары туралы жаттығулар, тапсырмалар орындатып көрген-білгенін тереңдете тиянақтап отыру.

Балалар ертегі, әңгіме тыңдағанды жақсы көреді.Оларға дауыстап оқып бергеннен гөрі ауызша әңгімелеп берген ұнайды. Әңгімелеу кезінде бала мен екі арада тығыз байланыс орнайды.Ертегілер біріншіден, баланың танымын кеңейтсе, екіншіден ана тілін жақсы білуге көмектеседі.

Картина бойынша әңгіме құрастыруға үйрету «қарапайымнан күрделіге» қағидасын сақтап, бірізді кезеңімен ұйымдастырылып өткізілуі қажет. Балалар алдымен картинаны өздіктерінен қарап, содан кейін тәрбиешімен картинаны қайтадан қарауды ұсынады.

Хормен мәнерлеп оқу, хормен жаттау мен қимылды жаттығулардың үйлесуі балалардың барлығына ұнайды,сондықтан бұл әдісті кез келген уақытта қолдануға болады.Өлең жолдарын жаттауда сызба арқылы жаттау әдісін пайдаланған жөн.Тәрбиеші балаларға өлең жолдарын мәнерлеп, анық, ырғақпен оқу керек. Хормен мәнерлеп оқуды жүйелі қолдану керек, мәнерлеп айтуды ғана жақсартып қоймай,мәтінді есте сақтауға,есте сақтауды арттыруға, балалардың зейінін оқиғаға жылдам бағыттауға мүмкіндік береді. Бұл іс-қимылдар балалардың сөздік қорын толықтырады.

Бар жақсысын қазақ халқы баласына берген, бесік жыры әуенімен тәрбиелеген. Бала есейген сайын ана сүтімен даритын сөйлеу тілін дамытып, тазалыққа, әдептілікке, имандылыққа үйрету әрбір ата-ананың және тәрбиешінің міндеті.Санамақтар, мақал-мәтелдер, жаңылтпаштар, жұмбақтар баланы ойландырып толғандырады және сөздік қорын молайтады.

Көркем әдебиет арқылы бала тілін дамытуда тек қана ертегіні оқып қана қоймай, оны рөлдерге бөліп сахналату бала тілін дамытуға зор ықпалын тигізеді.Тіл дамытуда көркем әдебиет түрлерін орынды пайдалана білгені – ол баланың түсінігін кеңейтіп, ұғымын байытады. Балабақшадағы тәрбиелеу мен оқыту көрнекіліксіз іске аспайды.Әрбір ұйымдастырылған оқу қызметінде көрнекілікті басшылыққа ала отырып еңбек етеміз.    Ойын-бала тілінің дамуына ықпалын тигізіп, таным белсенділігінің дамуына жол ашады.

Драмалық ойын-тәрбие, білім беру жүйесінің бәріне де қатысты басты құралдардың бірі болып табылады.Оның қайсысы болмасын балалардың көңіл-күйлерін көтеріп, тапқырлық қасиеттерін дамытуға тәрбиелейді. Ертегілер біріншіден, баланың танымын кеңейтсе, екіншіден ана тілін жақсы білуге көмектеседі.

Қазақ балалар әдебиетінің атасы Ы. Алтынсарин балаларды оқыту, тәрбиелеу ісінде ауыз әдебиеті шығармалары маңызды орын алатынын айта келіп «Өмірге қажетті ауызекі сөйлеу дағдыларына жаттықпайынша, қай-қай тілде болсада еркін, жүйелі сөйлеу мүмкін емес» – деген. Тілдің қоғамдағы алатын орны туралы Ахмет Байтұрсынов былай деген: «Өзіміздің елімізді сақтау үшін бізге мәдениетке, оқуға ұмтылу керек»

Балаға өз ана тілін меңгерту мектепке дейінгі берілер білімнің маңыздысы болып табылады және ол қазіргі мектепке дейінгі білім беру ісінде баланың тәрбиесінің негізгі іргетасы ретінде бағаланады.Мектепке дейінгі баланың тілді меңгеру үдерісі үлкендер және балалармен қарым-қатынас жасауымен және қоршаған ортаны тануда, өзінің ойы мен сезімдерін толыққанды айтып білу мүмкіндігімен тығыз байланысты.

Отбасындағы үлкендер мен балалардың балабақшадағы бүлдіршіндердің өзара сөйлесуі тілдік орта болып табылады. Егер бала тіл мәдениетін меңгерген адамдардың арасында болса, үлкендер балалармен белсенді қарым-қатынас жасап, оның әңгімелесудегі белсенділігін мақтайтын болса, тілдік ортаның тіл дамытуға әсері нәтижелі болады.

Ең басты бағыт балаларды өз ана тілінде еркін және дұрыс сөйлеуге үйрету керек және көркем шығармаларға қызығушылықтарын қалыптастыру.

«Тілден биік асқар жоқ, тілден асқан байлық жоқ,тілден терең теңіз жоқ» –

деген Ғабит Мүсіреповтің сөзін әрқашан есте сақтайық.

 

Альдекова Жанар Калибековна,
Алматы қаласыЖетісу ауданы.
МКҚК №162 бөбекжай-балабақшасының
ІІ- санатты тәрбиешісі.

Сіз не дейсіз оқырман?

Е-мэйлыңыз жарияланбайды.