Home » Айтарым бар » КӨПТІЛДІЛІК – ЗАМАН ТАЛАБЫ

КӨПТІЛДІЛІК – ЗАМАН ТАЛАБЫ

Тіл – қай ұлтта, қай елде болса да құдіретті, қастерлі. Бүгінгі нарық заманы бізден бәсекеге қабілетті болуымызды, дамыған отыз елдің қатарынан көрінуіміз үшін білімді де озық ойлы азаматтарды тәрбиелеуімізді талап етеді. Дамыған елдердің санатына қосылуды көздеген халықтың басты мақсаты да сауатты ұрпақ тәрбиелеу болып табылады. Сауатты ұрпақ тәрбиелеу дегеніміз – өз ана тілін жетік меңгерген саналы ұрпақ.

Қазақстан Республикасының Президенті Н.Ә.Назарбаев Қазақстандағы тілдердің үштұғырлығы туралы идеяны алғаш рет 2006 жылы қазан айында Қазақстан халқының Ассамблеясының ХІІ құрылтайында жария еткен болатын. 2007 жылғы «Жаңа әлемдегі жаңа Қазақстан» атты Жолдауында Елбасы «Тілдердің үштұғырлығы» мәдени жобасын кезең-кезеңмен іске асыруды ұсынса, бұл идеяның маңызы мынадай болды: Қазақстанды бүкіл әлем халқы үш тілді бірдей пайдаланатын жоғары білімді мемлекет ретінде тануы керек. Осы маңызды мәселе туралы ойлары өз жалғасын «Қазақстан – 2050: Бір мақсат, бір мүдде, бір болашақ» атты халыққа жолдауында «Біз ел иесі ретінде биік бола білсек, өзгелерге сыйлы боламыз» дей келе: «Қазақ тілі – біздің рухани негізіміз. Біздің міндетіміз – оны барлық салада белсенді пайдалана отырып дамыту. Біз ұрпақтарымызға бабаларымыздың сандаған буынының тәжірибесінен өтіп, біздің де үйлесімді үлесімізбен толыға түсетін қазіргі тілді мұраға қалдыруға тиіспіз. Бұл – өзін қадірлейтін әрбір адам дербес шешуге тиіс міндет», – дейді. Тіл жүйесіне арналған стратегиясы бойынша, Елбасымыз негізгі үш тілді атап көрсетті. Бірінші, басты мемлекеттік тіл – қазақ тілі. Маңыздылығымен екінші болып келетін тіл – орыс тілі, ұлтаралық қатынас тілі. Үшінші, халықаралық жаһандану тілі – ағылшын тілі. Ата-бабамыздан келіп жеткен «Жеті жұрттың тілін біл, жеті түрлі ілім біл» деген халық даналығы әлем елдерімен саяси-әлеуметтік, экономикалық және мәдени байланыс жасап отырған бүгінгі таңға дәл келіп тұрғандай. «Әрбіреудің тілін, өнерін білген кісі соныменен бірдейлік дағдысына кіреді» деп Ұлы Абай айтқандай, көп тілді қатар меңгеру жас ұрпақтың білім кеңістігінде еркін самғауына жол ашып, ғылым құпияларын меңгеруге, өз қабілетін танытуға мүмкіндік береді.

Көптілділік жөнінде сөз ету үшін осы құбылысқа түсінік беріп өтсем:

Біртілділікдеген – нақты тұлға, топ, ұжым мен халық, әлеуметтік белгілі бір қоғамда кез-келген жағдайда бір тілді қолдануы. Бұл – тұлғаның ана тілі, яғни бізде қазақ тілі.

Ана тілі – алдымен психолингвистикалық құбылыс. Сондай-ақ ана тілін әлеуметтік лингвистикалық, лингвистикалық, тарихи-этникалық, демографиялық, пәлсапалық, заңнамалық, экономикалық, жағрафиялық, педагогикалық, саясаттануға байланысты толық сипаттап, ғылыми түсінік беруге болады. Тілдік қатынас тұрғысынан алғанда, ана тілі дегеніміз – күллі тіл атаулыдан ішкі құрылыс ерекшеліктерімен дараланатын, белгілі бір халықпен нақты кеңістікте тарихи бірге жасап, оның төл мәдениетін ұрпақтан-ұрпаққа үздіксіз ұластырушы, сол халық адамдарына түгелдей және жан-жақты қызмет ететін ұлтішілік және ұлтаралық қарым-қатынас құралы.

Қостілділік– бұл нақты тұлға, топ, ұжым, халық, әлеуметтік белгілі бір қоғамда нақты жағдайда қарым-қатынас үстінде екі тілді алма-кезек қолдану құбылысы. Біздің елде, әрине, орыс тілі болып табылады.

Орыс тілі – орыстың тілі, әлемдегі ең үлкен ел Ресей Федерациясының ресми тілі. Ол – Үнді-Еуропа тілдері тобына жататын шығыс славян тілдерінің және БҰҰ – ресми тілдерінің бірі. Бұрынғы КСРО-ның ұлтаралық қатынас құралы болды, қазір ТМД елдерінде ұлтаралық қатынас құралы ретінде қолданылады. Орыс тілінде сөйлейтіндердің саны 250 миллионнан асады. Қазақстандағы орыс тілі –үштілділіктің негізгі сыңары.

Көптілділік– нақты тұлға, ұжым, халықтың немесе әлеуметтің белгілі бір қоғамда қарым-қатынас үдерісінде қажет болған жағдайда үш түрлі тілді алма-кезек қолдану құбылысы. Қазақстанда қалыптасып келе жатқан үштілділіктің, үшінші сыңары – ағылшын тілі. Ол – негізгі ағылшындардың тілі, кейіннен американдардың қатынас құралы болып қалыптасқан тіл. Бұл тіл – Ұлыбритания мен АҚШ-тың ресми тілі. Ол – БҰҰ-ның ресми тілдерінің бірі, Ирландия, Канада мен Мальтаның екі ресми тілінің бірі, сондай-ақ, Аустралия мен Жаңа Зеландияның ресми тілі. Ағылшын тілі тағы Азия елдерінің (Оңтүстік Африка Республикасы, Нигерия Федеративті Республикасы, Гана Республикасы, Танзания Біріккен Республикасы) ресми тілі ретінде пайдаланылады. Ағылшын тілі – ағылшын халқының тілі. Ағылшынның жалпы саны – 48,5 млн. адам, соның ішінде: Ұлыбританияда 940 мың, АҚШ-та 650 мың, Оңтүстік Африкада 230 мың, Индияда 200 мың, Жаңа Зеландияда 188 мың ағылышын тұрады.

Біртілділік тек ана тілінде сөйлейтін адамдардан тұратын қоғамға тән. Ал қостілділік пен үштілділік құбылысы – көпұлысты қоғамдағы ұлтаралық қарым-қатынас қажеттілігінің туындысы. Үштілділік – көптілділік құбылысына жатады. «Елу жылда – ел жаңа» демекші халық даналығы, еліміз тәуелсіздікке қол жеткізгеннен бері әлемнің көптеген дамыған елдерімен мәдени, экономикалық, саяси және әлеуметтік жағынан байланыс жасап келеді. Бұл қатынастардың оң нәтижлі болуы, халық пен халықтың ынтымақтастығы, өзара түсіністігі тіл білуінен болып табылып отыр.

Елбасымыз Н.Ә.Назарбаев: «Мектептерге ағылшын тілінен шетелдік оқытушыларды тарту қажет. Кез келген орта мектептің оқушылары ең жоғарғы деңгейде шет тілін оқып үйренуге жағдай жасайтындай дәрежеге қол жеткізуіміз міндет», – деп ерекше атап көрсеткен.

Ағылшын тілі – ақпараттық технологияның кілті. Бүгінгі таңда ағылшын тілі «ХХІ ғасырдың», халықаралық бизнес, қазіргі ғылым мен технологиялар тілі мәртебесіне ие болды. Осыған орай, ағылшын тілін меңгерудің талабы жоғары, мектеп қабырғасынан бастап, бүгінгі осы үштілділікті қолдау, қолдану мақсатында мұғалімдер өз үлестерін қосуда, оқушыларға аталған жаңа талаптарға сай білім беруге бір кісідей ат салысуда. Себебі, дүниежүзіндегі интеграциялық үрдістердің үдеюі білім берудің ортақ, жалпы дүниежүзілік парадигмаларына көшу қажеттігіне, оның мазмұнының жан-жақтылығына себепші болып отыр. Елімізде бүгінгі таңда ағылышын тілінде білім алуды дүниежүзілік стандарттық үлгіде маман даярлауда ұлттық білім беру жүйесінің ерекшеліктерін ескере отырып, негізгі мақсаты ретінде – қоғам қажеттілігіне жауап беретін, халықаралық бірлестіктердегі мойындаған деңгейде шетел тілін меңгерген маман даярлау болып отыр. Осыған орай, жаңа білім жүйесіндегі назар аударылатын мәселенің бірі – болашақ маманның бойынан табылуға тиісті құзырлықтар мынадай нақтылықты көздеп отыр:

  • Құндылықты-бағдарлы құзіреттілік (азаматтық белсенділік, саяси жүйені түсіну, баға бере білу, қабілеті болу);
  • Мәдениеттанымдық құзіреттілік (ұлттық ерекшеліктерді тани білу, өз халқының мәдениеті мен өзге ұлттар мәдениетін салыстыру, саралай білу қабілеті);
  • Оқу-танымдық құзіреттілік (өзінің білімділік қабілетін ұйымдастыра білу, жоспарлай білу, ізденушілік-зерттеушілік әрекет дағдыларын игеру, талдау, қорытынды жасай білу);
  • Коммуникативтілік құзіреттілік (адамдармен өзара қарым-қатынас тәсілдерін білу, мемлекетік тіл ретінде қазақ тілінде, халықаралық қатынаста шетел (ағылышын) тілінде қатынас дағдылары болу;
  • Ақпараттық-технологиялық құзіреттілік (ақпараттық технологиялар, техникалық обьектілер көмегімен бағдарлай білу, өз бетінше іздей білу, таңдай, талдай білу, өзгерте білуді жүзеге асыра білу қабілеті);
  • Тұлғалық өзін-өзі дамыту құзіреттілігі (отбасылық еңбек, экономикалық және саяси қоғамдық қатынастар саласындағы белсенді білімі мен тәжірибесінің болу қабілеті).

Осындай жетістікке жету, әрине, мектеп қабырғасынан басталады. Бүгінгі таңда үштілділікті қатар алып жүру мектеп қабырғасынан емес, балабақшадан бастау алады. Мұнда ең қарапайым сөздер мен ортаға байланысты мазмұн ғана қамтылғанмен, баланың құлағына шет тілі ана сүті дарығандай бойына сіңе бастайды. 1-сыныпқа келген оқушы үш тілді қатар меңгерудің алдын алу жолы балабақшада тыңдалым арқылы жүргізілсе, мектеп қабырғасының алғашқы табалдырығыан бастап, тыңдалым, жазылым, айтылым, сонымен қоса, оқылым дағдылары да жүзеге асады.

Мен көптілділік туралы мектеп оқушыларымен және ата-аналармен зерттеу жұмысын жүргіздім. «Көптілділік деген не?», «Үштілділік, яғни қазақ тілі, орыс тілі, ағылшын тілін 1-сыныпта бірден бастағанға қалай қарайсыз?» т.с.с. сұрақтармен сауалнама жүргіздім. Нәтижесінде – көптеген ата-аналар 1-сыныпта баланың үш тілді қатар меңгеріп жатқаны қиынға соғады деп ойлайды. Тіпті, қазақ тілін ғана оқытып келіп, 3-сыныптан бастап орыс тілін және 5-сыныптан бастап ағылшын тілін меңгертсе дұрыс; үштілді қатар оқып, жаттаған сөздіктерін қай сөз қай тілдің аудармасы екенін шатастырып жатады; ағылшын тілінің айтылымы қиын; ағылшын тілін көркем жазу мүмкін емес деген; орыс тіліне тілі келмейді сияқты проблемаларымен танылды. Ал, оқушылар ағылшын тілін аса қызығушылықпен оқитындары, келесі сабақты асыға күтетіндері, олар үшін әрбір айтылған жаңа сөздің жаңалық екені анық болды. Ал, орыс тіліне келер болсақ, көп оқушылар теория меңгергеннен бұрыс, әдемілеп орысша сөйлегенді ұнатады екен.   Дегенмен, жалпы білім беретін мектептерде қазіргі таңда шетел тілін меңгертуге аса мән беріліп отыр және ерте жастан оқытуға деген қызығушылық арта түсті. Көптеген ғалымдар өз зерттеулерінің негізінде алты жастағы баланың мектепте оқуға физиологиялық, психологиялық тұрғыдан дайын екенін айтып отыр. Алдыңғы қатарлы бала тәрбиесі және оны дамыту жолдарымен айналысқан орыс ғалымдары Л.С.Выготский, В.ВДавыдов, Л.В.Занков және қазақстандық педагог-психологтар Қ.Т.Шерниязданова, Б.Баймұратова өз зерттеулерінде баланың дамуға ыңғайлы да қолайлы кезеңі бес, алты жас екенін айқындаған.  Д.Б.Эльконин алты жастағы баланың тілдің дыбыстау жүйесін білетіндігін, есту, көру қабілетінің жақсы дамығандығын, сөз қорының жеткіліктілігін, олармен әңгімелесуге, сұрақтарға жауап беруге толық мүмкіндік болатынын айтады. Сонымен қатар, бала жас кезінде тілді еркін әрі қиналмай меңгереді және қабылдау қабілеті өте жоғары болады. Алты жастағы бала өзіне берілген лайықты тапсырманы өздігінен орындай алады. Осы ретте Білім және ғылым министрлігінің ағылшын тілін бастауыш сыныптан бастап үйретуге назар аударуы дұрыс деп ойлаймын. Ал оқушының бірінші сыныптан бастап үш тілді де өте жақсы меңгеруі үшін оқытудың алғашқы кезеңдегі негізгі аспектілерінің бірі – ол ойын элементтерін жас ерекшеліктеріне сәйкес қолдану. Мектепке жаңа келген алты жасар баланың ойын әрекетін жалғастыра отырып, оқу әрекетіне көшуін қастамасыз ететін әдістерді пайдалану. Алғашқы оқыту сатысында бұл жастағы балаларға тақырыптарға байланысты түрлі-түсті суреттер арқылы сөзді есте сақтау, шағын сөйлем құрау, сұраққа жауап беру, тілдік үлгідегі ұғымды түсіндіру, ән салу, рөлдік ойындар, аудиоматериалдар және т.б. қолданылады. Себебі ерте жастағы бала еліктеу арқылы үйренеді.

Бала – ұлттың болашағы, қоғамның әлеуметтік байлығы. Олай болса, жас ұрпақты білімді, үштілділікті терең меңгертіп тәрбиелеу, олардың адамгершілік қасиеттерін қалыптастыра білу қазіргі мұғалімнің кәсіби құзіреттілігімен ұштасады.

Үштілділік – заман талабы. Үштілді оқыту, меңгеру және білу – жас ұрпақтың білім кеңістігінде еркін самғауына жол ашылатын, заман талабына сай ақпараттық технологияларды терең меңгеріп, өз қабілетін шыңдауға, танытуға мүмкіншілік беретін бүгінгі таңның ең басты қажеттілігі.

Айтказина Айгерім,
Түркістан облысы, Ордабасы ауданы
М.Исламқұлов атындағы жалпы орта мектебі
коммуналдық мемлекеттік мекемесінің
қазақ тілі мен әдебиеті пәні мұғалімі

 

Пайдаланылған әдебиеттер тізімі:

 

  1. Тілдік қатынас негіздері. – Б.Хасанов, 2006ж.
  2. Президент жолдауы. – «Қазақстан – 2050: Бір мақсат, бір мүдде, бір болашақ»
  3. «Қазақстан мектебі». – №7, 2015 (1074) шілде.

 

Сіз не дейсіз оқырман?

Е-мэйлыңыз жарияланбайды.